Basty bet
Азаматтардан түскен өтініштердің барысы қаралды
“AMANAT” партиясының аудандық филиалында өткен Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында “2023 жылдың қорытындысы бойынша азаматтардан түскен өтініштердің барысы мен партияның 2023-2027 жылдарға арналған “Халықпен бірге!” сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков есеп берді.
-2023 жылы 95 жаңа компьютер және 5 ноутбук алынып, қолданысқа берілді.
“Маммография” аппаратының клинико-техникалық негіздемесі жасалып, 2023 жылы аппаратты сатып алуға жергілікті бюджеттен 140 000,0 мың теңге қаржы бөлінді.
Аудандық ауруханадан қосалқы құрылыс “ТРИАЖ” ғимараты ашылды.
Сонымен бірге Жылыбұлақ ауылы мен Сұрым ауылынан бес келушіге арналған медициналық пункт, Теріс ауылынан он келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.
Ал, 2024 жылға Қарабастау ауылына 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Талапты, Ынтымақ, Шыңбұлақ ауылдарында бес келушіге арналған медициналық пункт, Тасбастау ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған.
2023 жылдың қорытындысымен науқастардан сегіз арыз-шағым түскен. Оның екеуі негізделген. Осыған орай екі медициналық қызметкерге қатысты тәртіптік шара ретінде “сөгіс” берілді.
Денсаулық сақтау саласы түгелдей цифрландыруға өткен. Қазіргі таңда негізгі ақпараттық жүйе “Damumed” 2019 жылдан бастап жұмыс жасауда. Тиісті медициналық қызметкерлердің логин, парольдері бар және бүкіл саладағы ақпараттық жүйелер түгелдей жұмыс атқаруда.
Телемедицина арқылы онлайн консультациялар тұрақты түрде, қажет болған жағдайларда облыстық және республикалық мамандармен өткізіледі. Былтырғы жылы 43 консультация жасалынды,- дей келіп Нұрбай Әбілқасымұлы ҚР Денсаулық сақтау министрінің “Скрингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы” бұйрығының талаптарын орындау барысы туралы баяндады.
Тұрғындарды скрингтен өткізу – аурудың алдын алуда үлкен рөл атқарады. Сондықтан Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхамеджан Әсемов скринг туралы халықты алдын ала БАҚ, әлеуметтік желі арқылы құлақтандырып, тұрғындардың қағаз жүзінде есеп үшін емес, нақты өтуіне жұмыс істеу қажеттігін баса айтты.
Баяндамашыға комиссия мүшелері тарапынан анализ талдау нәтижелерінің нақтылығы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қарапайым халыққа қиындық тудыратын тұстары, дәрігердің қабылдауына кірудегі кезек, медицина қызметкерлерінің науқастарды қабылдауында кездесетін түрлі мәселелерге қатысты сұрақтар қойылды.
Н.Ергебеков сонымен бірге Партиялық бақылау комиссиясының аудандық емхананың жұмысын зерделеу барысында анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарына тоқталды.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”