Basty bet

«Балажан» бөбекжай- балабақшасы ашылды

Сәрсенбінің сәтті күнінде Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылындағы 100 орындық «Балажан» бөбекжай- балабақшасының ашылу салтанаты өтті.

Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев, аудандағы ірі жеке кәсіпкерлер және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында алдымен сөз алған ауыл ақсақалы Орынбай Асанов құттықтау сөз сөйлеп, ақ батасын берді.
Балабақшаның ашылуына мұрындық болған, әулеттің отанасы, балабақшаның меңгерушісі Закира Дембаева да ізгі тілегін жеткізді.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ауданда 26 мемлекеттік және 6 жекеменшік балабақша бар екенін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында балабақша мәселесін назардан тыс қалдырмайтынын және ауданымызда кәсіпкерлік саласының жылдан-жылға дамуы көңіл қуантарлық жайт екенін баса айтып, кәсіпкердің жұмысына табыс тіледі.
Шарада, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев, жеке кәсіпкер Нұржігіт Бегалы құттықтау сөз сөйлесе, балабақшаның негізін қалаушы, жеке кәсіпкер Руслан Тілеубаев қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысын білдірді.
Әрі қарай «Балажан» бөбекжай- балабақшасының қызыл лентасы салтанатты түрде қиылып, ауыл тұрғындары ішке еніп, жайылған дастарқаннан дәм татты.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close