Basty bet

КәсIптIк бIлIмнIң көкжиегIн кеңейту өте маңызды

Жалпылама айтатын болсақ, кәсіптік бағдар беру дегеніміз – қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір мектеп бітіруші оқушының қабілеті мен бейімін ескере отырып, кәсіптік қызығуы мен қабілеттілігін қалыптастыруға және мамандық таңдауға көмектесуде мақсатты атқарылатын жұмыс. Бұл – жоғары оқу орындарындағы әр саланың озық мамандары мектеп оқушыларына болашақта кім болатынына қарай бағдар беріп, өзінің мамандығының қоғамдағы рөлі туралы ақпарат беру деген сөз. Себебі еліміздегі жастардың осындай пайдалы ақпараттармен толық таныспай, мамандыққа кездейсоқ келуі олардың таңдаған мамандығына бейімделе алмай жұмыс орынын жиі өзгертуіне себеп болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім саласы және сонымен қатар, кәсіптік білім берудің маңыздылығы туралы көптеген мәселелер айтылды: «Біз балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешуіміз керек. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін.
Бұл түйткіл мемлекеттік балабақша салумен ғана шешілмейді. Осы іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржыландырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет. Ата-аналар кез келген балабақшаны немесе мектепті таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады.
Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Осыған орай, мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады.
Азаматтардың сауаттылығы мен цифрлы біліктілігін арттыру мақсатында Үкіметке Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл құжатта бейресми білім берудің баламалы нұсқаларын көптеп енгізу, өз бетінше оқу нәтижелерін мойындау, кәсіби дағдыларды сертификаттау мәселелерін қарастыру қажет.
Сонымен бірге біз кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн. Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық беріледі. Сол себепті «Кәсіпкерлік негіздері» пәні мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі барлық білім беру сатысында оқытылуы керек. Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет»,- деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жуалы ауданында кәсіптік-техникалық білім беретін бір ғана білім мекемесі бар. Ауданға қарасты Ақбастау ауылында орналасқан тарихы терең байырғы білім ордасы – Жамбыл облыстық білім басқармасына қарасты №16 Жуалы колледжі өңірдегі кәсіптік-техникалық және бейіндік мамандықтарға деген сұранысты ішінара қанағаттандырып отыр.
Тарихы терең білім мекемесінде барлығы алты мамандық бойынша білім беріледі. Қазіргі таңда онда кәсіптік және техникалық білімді игергісі келетін білімгерлер кәсіптік-техникалық білімнің негіздерін үйрену үстінде. Аптаның басында №16 Жуалы колледжінде «Жұмыс беруші күні» деп аталатын іс-шараның аясында «Ауыл шаруашылығы саласындағы сұранысқа ие мамандықтарды инновациялық дамыту мәселелері мен перспективалары» атты маңызды шара ұйымдастырылды.
Оған аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінен, «Жуалы-Су» кәсіпорнынан және аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС, сонымен қатар, өңірде өнімді жұмыс жасап келе жатқан ірі-ірі шаруа қожалықтардың басшылары шақырылды.
Іс-шараның аясында колледжге былтыр «Жас маман» жобасы аясында алынған техникалар мен құрал-жабдықтар, сонымен бірге, жұмыс берушілерді білімгерлердің жұмыс қызметімен таныстыруға арналған экскурсия ұйымдастырылды. Онда іс-шара қонақтары білімгерлердің сабағымен қатар, оқу-өндірістік тәжірибелерімен де танысты. Атап айтқанда, колледж директоры Медет Иманбаев слесарлық кабинетпен таныстырды. Онда 25 слесарлық қондырғы орналастарылған. Сонымен қатар, білімгерлердің үйренуіне арналған екі бірдей токарьлық және бұрғылау станогы бар. Мұндағы жұмыс барысымен колледждің ауыл шаруашылығы тракторист-машинисінің шебері, оқу өндірістік шебері Жарас Сармұрзин жан-жақты айтып берді.
Білімгерлер слесарлық бөлімде токарьлық және бұрғылау станоктарымен жұмыс істеуді және сабақты өндірістік тәжірибемен ұштастырады. Бұл кәсіп игеруге таптырмайтын алаң.
Шараға қатысушылар келесі кезекте аспаз шеберханасының жұмысымен танысты. Онда аспаз ісінің өндірістік шебері Раушан Баймұхамбетова екінші курстың білімгерлеріне өндірістік тәжірибе сабақтарын өту үстінде. Асхана ісі мамандығының екінші курсында биыл 20 білімгер оқып жатса, оның 12-сі ер бала, сегізі қыз.
Келесі кезекте қонақтар дәнекерлеу және электр монтер цехтарында болып, өндірістік оқыту шеберлері мен білімгерлердің жұмысымен және жасаған бұйымдарымен танысты. Білімгерлерді бұл мамандыққа өндірістік оқыту шеберлері Жәнібек Айтбеков, Алтай Бегдашов және Мақсат Сералиев баулу үстінде. Иә, колледжді дәнекерлеу ісі және электр монтер мамандығымен бітірген жас мамандар бүгінде аудандық электр желілерін тарату мекемесінде, «Жуалы-Су» кәсіпорнында, сондай-ақ, аудан орталығындағы сүт өңдейтін кәсіпорындарда өнімді еңбек етіп жүр.
«Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының екінші курсында оқып жатқан білімгерлер де бұл мамандықтың қыр-сырын меңгеруде. Білімгерлерге оқу өндірістік шебері Ләйла Орманқұлова тәлім беру үстінде. Студенттер мұнда тігінге қажетті құрал-жабдықтардың құрылысымен танысып, киім тігудің және оны модельдеудің де қыр-сырларын терең меңгеру үстінде. Шағын тігін цехында қарапайым тігін машиналарынан бастап бес жіпті, көп функциялы тігін машиналары бар. «Жұмыс беруші күні» іс-шарасына аясында оған қатысушы қонақтарға «Автокөлікті жөндеу және қызмет көрсету» мамандығымен оқып жатқан білімгерлердің де атқарып жатқан жұмыстары таныстырылды. Олар көлік жөндеу цехында жеңіл автокөліктің қыс мезгіліне дайындық барысымен танысты. Оқу өндірістік шебері Алмас Көшербаев.
Айта кету керек, 2021 жылы №16 Жуалы колледжіне «Жас маман» жобасымен 12 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары берілген болатын. Атап айтқанда, қуатты үлкен доңғалақты тракторлардан бастап, шөп оратын қуатты техника, дәнсепкіш, дәрібүріккіш және дән жинайтын екі бірдей қуатты комбайн, жүктиегіш техникасы мен жүк таситын және ауыл шаруашылығы тіркемелері бар.
Биылғы оқу жылында білімгерлер аталған ауыл шаруашылығы техникаларының тілін меңгеріп, нәтижесінде, олар техникаларды жүргізуді және қызмет көрсетуді меңгерді. Ағымдағы оқу жылында колледждің 46 гектар егістік алқабына көпжылдық шөптен эспарцетті мақсары дақылымен қосып сепкен болатын. Колледж басшылығының айтуынша, одан екі жарым мың дана тайланған шөп алынып, колледж қызметкерлеріне қолжетімді бағада берілген екен.
Кәсіптік-техникалық білім берілетін мекемедегі оқу үрдісін талапқа сай нәтижелі ұйымдастырудағы оқу жұмыс жоспарының бірізділігі, өндірістік тәжірибенің ұйымдастырылуы да жүйелі жолға қойылған. Бұл туралы «Жұмыс беруші күні» іс-шарасының сараптамалық бөлімінде тақырыпқа сәйкес, жан-жақты пікірлер айтылды.
Атап айтсақ, бірінші кезекте колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Нұрбала Берікбаева «Оқу үрдісін талапқа сай нәтижелі ұйымдастырудағы оқу жұмыс жоспарының бірізділігі, өндірістік тәжірибенің ұйымдастырылуы» туралы баяндаса, келесі кезекте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахат Бекбаев колледж білімгерлері мен оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің жетістіктері туралы слайд арқылы баяндады.
Іс-шараның барысында колледж директоры Медет Иманбаев оқу үдерісін өндірістік практикамен ұштастыруға және жалпы кәсіптік-техникалық білімнің бағыт-бағдарларына қолдау көрсетіп жүрген аудандағы бірқатар кәсіпорын және шаруа қожалық басшылары мен өкілдеріне арнайы Алғысхаттарды табыстады.
№16 Жуалы колледжінде оқу-жұмыс жоспарлары мемлекеттік жалпыға білім беру стандартына сәйкес кәсіптік және техникалық білім беруді қамтамасыз етеді. Колледжде кәсіптік бағдар бойынша төмендегі мамандықтар дайындалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын механикаландыру, тамақтандыруды ұйымдастыру, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша), электр жабдықтары (түрлері және салалары бойынша) оқыған білімгерлерге ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі, аспазшы, арнайы тігінші, электромонтер (түрлері және салалары бойынша), электргазымен дәнекерлеуші және автомобиль жөндеу слесарі біліктілігіне сай мамандықтар беріледі.
Колледждің материалдық-техникалық базасына тоқталатын болсақ, коллледж ғимараттының құрылыс аумағы – 3 738 шаршы метрді, жерінің аумағы – 76 гектарды алып жатыр. Колледжде оқу-өндірістік шеберханасы, оқу ғимараты, асхана, спорт кешені санитарлық-гигиеналық талаптарға және техникалық қауіпсіздік нормаларына сәйкестендірілген. Білімгерлердің жалпы пәндер бойынша және арнайы мамандықтар бойынша кәсіптік білім алуы үшін 10 теориялық оқу кабинеті және алты өндірістік шеберхана жұмыс істейді. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы техникалары тұратын бір үлкен арнайы ғимарат бар. Оқу ғимаратының жобалық қуаттылығы 420 орынға арналған. Колледж кітапханасының кітап қорында 14 320 кітап бар. Медициналық пункт 2004 жылдан бері жұмыс істейді.
-Колледжде 220 білімгерді оқытуға мүмкіндік бар. 2022 жылы 43 білімгер колледжді аяқтап, оның ішінде, 30-ы жұмыспен қамтылып отыр. Біздің сенімді әлеуметтік серіктестеріміздің қатарында аудандық «Жуалы-Су» кәсіпорны, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС, «Злиха», «Ескендір», «Жаңаталап» шаруа қожалықтары, сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер «Утебова Д», «Асемова Г», «Камалова М», «Гамбург» және «СМТС Оздамиров Л» ЖШС-лары сияқты серіктестіктеріміз бар.
Колледж білімгерлерін кәсіптік машықтануға жіберу үшін аудан және облыс көлеміндегі ірі-ірі серіктестіктер, шаруа қожалықтар және жеке кәсіпкерліктермен қатар жекелеген кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестік аясында келісім-шарттар жасалып, тиісті меморандумдарға қол қойылған. Осының негізінде білімгерлер оқу-жұмыс бағдарламасына сәйкес, өндіріс сабақтары аяқталғаннан кейін өндірістік базаларға кәсіптік практикаға жіберіледі. Қазіргі таңда білім беру бағдарламасына сәйкес, дуальды оқыту бойынша 27 келісім-шарттың негізінде 34 білімгер кәсіптік практикадан өтуде. Білімгерлер өндірістік оқыту барысында алған теориялық білімдерін практика жүзінде ұштастырады. Өндірістік шеберханалар арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Әр өндірісте білімгерлер техника қауіпсіздігімен толықтай танысады.
Колледждің базасынан құзыреттілік орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл ауқымды жоба келер жылы жүзеге асырылады деп күтілуде. Бұл жоба сәтті жүзеге асатын болса, облыс көлеміндегі кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің арасында тәжірибе алмасуға және практикалық бағытта да ілгерілеушілік болады деген сенім бар.
Бір қуантарлығы, колледжде ауыл шаруашылығы мамандығы 2021 жылы «Жас маман» жобасының негізінде аталған мамандыққа қажетті заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен агрегеттар, слесарлық шеберхана толықтай қажетті құрал-жабдықтармен жасақталды. Қазіргі таңда білімгерлердің өндірістік сабақтарын жүргізуге толықтай мүмкіншілік бар.
Колледжде оқу-жұмыс бағдарламасы кәсіпорын басшыларымен бірлесе отырып жасалады. Білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда колледжге академиялық дербестік берілген. Практикалық жұмыстарға да баса мән беріледі. Индустриалды кеңестің де құрамы жұмыс беруші тараптардың өкілдерінен құралады. Басты мақсатымыз – жас ұрпақты өндіріске баулып, жұмысшы тұлға ретінде қалыптастыру,- дейді №16 Жуалы колледжінің директоры Медет Иманбаев.
Басты мақсат – кәсіптік-техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына жан-жақты жәрдемдесу, жаңарту. Оқу үдерісі мазмұнын жаңарту, оқыту сапасын, тиімділігі мен дәрежесін арттыру, экономиканың сұранысқа ие және инновациялық бағыттары бойынша ағымдағы оқу орындарын дамыту және жаңаларын құру. Бұл – мемлекеттің алға қойып отырған мақсатты қадамдарының бірі. Сондықтан, еңбек нарығындағы маманның жұмыс берушінің талабына сай білім алуы, білікті болуы, технологиялық үдерістерді дереу меңгеруі, кәсіби машығы өте өзекті болып қала береді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close