Basty bet
Бақытын Жуалы жерінен тапқан жан
Қасиетті Жуалы жері он шақты ұлт өкілінің басын қосып, алтын бесігіне айналған киелі мекеніне айналып отыр. Олар өңірдің Шақпақ, Көлбастау, Б.Момышұлын мекен еткен. Жергілікті жердегі ұлтаралық татулықты сақтауда әзірбайжан ұлтының да қосып отырған үлесі зор.
Соның бірі – әзірбайжан ұлтының өкілі Исмаиловтар отбасы. Бұл отбасы Көлбастау ауылының байырғы тұрғындары. Отанасы Сара Исмаилова Әзірбайжанның Дөүйлен қаласында туған. Олар отбасымен соғыстан кейінгі жылдары тағдыр тауқыметімен Жуалы ауданының Көлбастау ауылына қоныс аудараған. Ата-анасы қарапайым шаруа азаматтары болған.
Сара апай өз қатарластары секілді еңбекке бала кезден ерте араласты. Колхозда 14 жыл картоп өсірумен және сауыншы болып та еңбек етті. Білім алуға мүмкіндігі болмағаннан кейін ауылдың азаматы Афеис Исмаиловқа тұрмысқа шығады. Ол да Әзірбайжанның Зульфа қаласынан осында көшіп келген. Афеис Исмаилов тыл ардагері. Қазақ жерінде өсіп-жетіліп, отбасын құрып, осы өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосқан азамат. Отбасында жалғыз ұл болғандықтан, жергілікті қазақ отбасыларымен тонның ішкі бауындай жақын араласқан.
Бүгінде бір әулеттің алтын діңгегіне айналып отырған қос қария Афеис пен Сара екеуі отбасында алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген. Балалары – Жения, Куршут, Тағы, Злиха, Эльдар және Имран бүгінде әрқайсысы әр салада еңбек етуде. Олардың бойына барынша жақсы тәлім-тәрбиені сіңірген ерлі-зайыптылар қазір ұрпақтарының қызығын көруде. Ұрпақтарын жастайынан еңбекке, адалдыққа баулығандарын айтады. Өзара түсіністікпен ынтымақта өмір сүрудің арқасында олар бүгінде бақытты тұрмыс кешуде. Олар отбасында әзірбайжан ұлтына тән салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды толық ұстанады.
Үй іші ерекше әсем кейіпте. Үй ішіне одан әрі сұлуландырып, көрік беретін әсем гүлдермен көмкерілген. Үй маңы да тап-таза, бау-бақшада адам жанына керектінің бәрі бар. Бау-бақшадан алатын мол өнім бүтін бір отбасының қыстық азығы. Олар дүкеннен, базардан ештеңе алмай-ақ, өз бақшаларынан алады. Жалпы үй іргесінде 18 соттық жер теліміне қырыққабат, картоп, болгар бұрышы, қызанақ, қияр, құлпынай, таңқурай, алма, алмұрт, өрік, жүзім, асқабақ, пияз, сәбіз өнімдері күзгі науқанға орай мол өнім беруде.
-Біз одан бөлек, 10 шақты тауығымыз, үш сиыр бар. Оларға күнделікті қарап-баптау үшін үлкен күш керек. Қолымда келінім болмағандықтан, барлық шаруаны өзімнің атқаруыма тура келеді. Қартайған отағасының күтімі тағы бар. Әйелдің ғана шыдамдылығы жететін шаруаны атқарып келемін.
«Қыс азығын – жаз ойла» деген сөз осындай шаруасын дөңгелетіп отырған азаматшаларға қарата айтылса керек. Еңбек ардагері Сара Исмаилова жыл сайын бақша жұмыстарына ерте көктемнен бастап кіріседі. Алдымен жерді аударып, қопсытып, оны пайдалы дәрумендермен нәрлендіріп, жиектеп одан кейін барып өнімдерін біртіндеп еге бастайды. Оны ала жаздай суғару, шөбін жұлу, тазалау, қоректендіру жұмыстарын үздіксіз жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл шаруа еңбекқорлықты, ұқыптылықты қажет етпей қоймайды. Қай істе болсын адам өзінің тыңғылықты еңбегімен бағаланбақ.
-Мен өмірде жастайымнан қиындықты көп көрдім. Әйтсе де, еш мойымауға тырыстым. Сол мінезімнің арқасында еткен еңбегімнің бейнетін көріп келемін. Осы тірліктің арқасында барлық қажетім өз бақшамнан табылуда. Ол үшін ең бастысы, еңбек етсең болды. Күнделікті сағат бестен басталатын шаруам биыл мені қуантып, мол өнім беруде. Оған шүкіршілік етемін. Жолдасым екеуіміз әзірбайжан ұлтының азаматтары ретінде осы елде бақытты, тату-тәтті, бірлігіміз бен ынтымағымыз жарасып өмір сүріп келеміз.
Көрші-қолаңдар түрлі ұлт өкілдерінің азаматтары. Олардың салт-дәстүріне, тіліне, азаматтық көзқарастарына құрметпен қараймыз. Қазақстан дейтін кең байтақ елде өмір сүріп жатқандықтан бұл өңірдің, жердің топырағы да, суы да біз үшін бағалы, қадірлі. Мен үшін осы елде тұрған әрбір өзге ұлт өкілінің азаматтары қиын-қыстау заманда келгендіктін, ол кезде біздің бабаларымызға қарайласқан, қолындағы бір үзім нанымен бөліскен қазақтарға алғысымыз шексіз. Сондай азаматтардан біз дүниеге келіп, бізден де ұрпақ жалғасып жатқан жайы бар. Еліміздегі әрбір этномәдени бірлестіктің емін-еркін жұмыс жасап, ойлаған игі бастамаларын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау танытуы – біздің адами құндылықтарымызға деген құрметі деп есептейміз. Сол себепті біз татулықта, бейбітшілікте өмір сүргеніміз дұрыс деп есептеймін,- дейді қария.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»