Basty bet

Басты мақсат – заман талабына сай саналы ұрпақ тәрбиелеу

Дана халқымыз «Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі», – деп тайға таңба басқандай көрсеткен. «Бесік» ұғымын «тәрбие» ұғымымен тең қарастыруында үлкен мән жатыр. Баланың жас кезінде көрген тәрбиесі оның үлкен өмірге жолдамасы іспетті. Ақиқатында баланы үлкен өмірге әзірлеу ісінде әуелі үйдегі ата-ананың, содан соң балабақшаның алар орны ерекше.

Осы ретте, жеке кәсіпкер Әсима Шекеева аудан орталығынан 2019 жылы «Нұрлы ұрпақ» жеке меншік балабақшасын ашып, аудан орталығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие-біліммен қамтамасыз етуде. Білімді дамыту орталығы болып ашылған балабақшада алғаш ашылған жылдары 40 бүлдіршін қабылданған. Қазіргі таңда мұнда барлығы 85 бала тәрбиеленсе, 40 бала кезекте тұр.
Балабақшада балалар жас ерекшеліктеріне қарай «Инабат», «Інжу», «Маржан» және «Әсем-ай» топтарына бөлінген. Сонымен қатар, ата-аналардың сұранысымен «Жұлдыз» мектепалды даярлық тобы ашылып, топта 22 бала білім мен тәрбие алуда.
Мекемеде 21 қызметкер, яғни, әдіскер, психолог, бес тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшілері, екі аспаз, есепші, мейірбике, хореограф, шаруашылық меңгерушісі және екі қарауыл тұрақты жұмыс істейді. Балабақша ұжымының әрбір қызметкерлерінің міндеті – күнделікті бүлдіршіндерге бақыт сыйлау.
Балабақшада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының тигізер септігі мол. Мемлекеттік бағдарлама аясында жылдық жоспар жасалып, балалардың әр күнін қызықты өткізуге балабақша ұжымы өзара ауызбіршілікте еңбек етуде. Сабақ пен тәрбие беру үдерісі көбінесе, ойын түрінде ұйымдастырылып, балалардың жан-жақты дамуы үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданылуы олардың жаңашылдыққа бет бұрғанын білдірсе керек. Сонымен қатар, балалармен аптасына үш рет логопед және хореограф мамандарының жұмыс істеуі мұнда баланың дамуына және өнерге баулуға аса мән берілетінін аңғартады.
Балабақша меңгерушісі әр топта балалардың оқу-тәрбие іс-әрекетінен соң дамытушы ойыншықтармен ойнауы олардың ой-өрісінің дұрыс дамуына әсері зор екенін айтады. Сонымен қатар, балабақшаның ауласында балалар қазіргі заманауи спорттық ойыншықтармен алаңсыз ойнауына көңіл бөлетіндерін жеткізді. Ал, балалардың балабақшаға келген әр күнінде міндетті түрде Мемлекеттік Әнұранды шырқап, жаңа күнді бастауы патриоттық тәрбиенің бастауы екенін атап өтті. Бүлдіршіндерге бес мезгіл тамақ беріліп, дене шынықтыру жаттығулары күнделікті жасалуы олардың денінің сау болуына әсері мол екенін де айта кетті.
Ал, бүлдіршіндердің жазғы сауықтыру күндерін қызықты әрі пайдалы өткізу ұжым қызметкерлері үшін басты тәрбиелік жұмыстың бірі. Мәселен, жаздыгүні балалар бассейнге түсіп, күнде қыздырынады. Балалар бір мезгіл батут ойын алаңында ойнап, орталық саябаққа серуенге шығады. Табиғат аясында балалардың демалуы ұйымдастырылып, олардың таза ауада демалуына көңіл бөлінеді.
Балаларын балабақшаға сеніп тапсырған ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істеуде. Балабақша қызметкерлері ата-аналарға мекеменің ішкі тәртібі мен талабын таныстырып, олармен үнемі байланыс үстінде. Балалардың ата-аналарын түрлі іс-шараларға тартып, белсенді ата-аналарды да марапаттап тұру да жоспарға енгізілген.
Балабақшада бірінші кезекте, балалардың тамағына аса көңіл бөлінеді. Балаларға күнделікті ас мәзіріне сай бес мезгіл тамақ беріледі. Ұлттық тағамдар және дәрумендерге бай тағамдар мен сусындар да ас мәзіріне енгізілген. Сонымен қатар, балабақшада таза табиғи өнімдерді пайдалану қолға алынған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда мемлекеттің болашағы жастардың бойына ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың маңызы зор екеніне ерекше тоқталды. Ел Президентінің сөздері жеке кәсіпкер Әсима Қалмаханқызына да әсер етіп, оған болашақ ұрпақты қазақтың бай мұрасы, ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу негізгі жұмысы екенін ұғындыра түседі. Балаларды тәрбиелеу ісін жандандыруға, тәрбие үдерісінде жаңаша тәсілдерді қолдануына серпін береді. Нәтижесінде, мемлекеттің болашағы саналатын бүлдіршіндерді балабақшадан бастап ұлттық құндылықтармен таныстыру жұмыстарын жандандыруды қолға алады. Ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы болған киіз үйді балабақша ауласына орнатуы соның дәлелі болса керек. Алдағы уақытта алты қанатты киіз үйде түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.
-Бала – біздің жарқын болашағымыз. Сондықтан балаларға дұрыс тәрбие бере білу, уақыт талабына жауап беретін білімді сіңіру басты міндетіміз. Балалардың ой-өрісінің дамуына, ортада қалыптасуына, алғашқы өмірлік қағидаттарды үйренуіне көңіл бөлеміз. Балақайлардың әр күні еңбек етумен, қоршаған ортамен танысуымен, түрлі ойын түрлерімен өткізіледі. Ұжымдағы психологиялық ахуал да үнемі бақылауда. Мамандар да өз-өзін дамытып, пайдалы, рухтандыратын кітап оқу жүйелі қолға алынған. Жыл бойы мамандар арасында мониторинг жарияланып, мамандардың жұмыс тәжірибесі тұрақты бақыланады. Жақсы нәтиже көрсеткен, жетістікке жеткен мамандар анықталып, өз кезегінде марапатталып, ынталандырылып тұрады. Себебі, маман жақсы болмай, балаға да жақсы тәрбие мен білім берілмейді. Сондай-ақ, әдіскер Шынар Айкенова және психолог Шамсия Рүстембекова Астана қаласындағы «Нұр Орда» балабақшасына барып, тәжірибе алмасып келді.
Сонымен қатар, балабақшада балаларға патриоттық тәрбие беру мақсатында«Бауыржантану» сабағы бар. Алдағы уақытта балаларға ата кәсіпті таныстыру мақсатында төрт түлікті ұстау жоспарлануда. Киіз басу, жүн түту секілді ұлттық құндылықтарды балаларға көрсету көзделуде. Өйткені, бала көргенін ешқашан ұмытпайды. Бала күнінен олардың бойына осындай ұлттық құндылықтар сіңірілсе, онда ертеңгі күні ол қайта жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жетері сөзсіз. Жалпы біздің мақсатымыз – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу,- дейді балабақша меңгерушісі әрі құрылтайшысы Әсима Қалмаханқызы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close