Basty bet
«АУЫЛ ТҮБІ – БІРЛІК, ҚАУЫМ ТҮБІ – ТІРЛІК!»
қасиетті өңірге қарасты Нұрлыкент ауылдық округі дамудың жаңа белесінде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында ел өңірлеріндегі ауылдық аймақтардың дамуына ерекше назар аударған болатын.
Онымен қоса, Президент Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі екендігін ерекше атап өтті.
Қасиетті тұмарымыз болған Тәуелсіздік түлеткен осындай дамыған ауылдардың қатарына ауданға қарасты Нұрлыкент ауылдық округін де жатқызуға болады. Нұрлыкент – халқының саны жағынан аудандағы 14 ауылдық округтің ішінде аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан кейінгі үлкен іргелі ауылдық округтің бірі. Қазіргі таңда ауылдық округте – 4 410 тұрғын тіркелген. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Соңғы жылдары ауылдық округтегі инфрақұрылым жүйелерінің жақсаруы, ауыл шаруашылығы саласының дамуы және әлеуметтік салалардағы оң өзгерістер елді мекеннің болашағы жарқын екендігін анық көрсетіп отыр.
Ауылдық округтің әкімі Нұрсұлтан Рақымбектің айтуынша, ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға басымдық берілуде. Жұмыссыздықты азайту мақсатында мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының аясында есепті мерзімде барлығы 229 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіп ашып, тұрмыстық табысты арттырам деген ниеті бар ауыл жастарына мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражаттары беріліп, нәтижесінде олар өз алдына жеке кәсіп бастауға мүмкіндік жасалып отыр.
Сонымен қоса, білім беру саласы да назардан тыс қалып отырған жоқ. Ауылдық округте жалпы білім беретін екі мектеп және үш бөбекжай-балабақша тұрақты жұмыс істейді. Онда жаңартылған оқу кабинеттері мен заманауи техникамен жабдықталған сыныптар оқушылардың сапалы білім алуына септігін тигізуде. Сондай-ақ, спорттық және шығармашылық үйірмелер ашылып, еркін күрес, сурет және би үйірмелері іске қосылған. Биыл онда шахмат және ағылшын тілі курстарын ашу жоспарлануда. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға жаңартылып, балабақшаларда орын саны көбейтіліп отыр.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар оң өзгеріс бар. Ауылдардағы дәрігерлік амбулатория және медициналық пункт заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталып, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған курстар ұйымдастырылуда. Ауылдық округте алдағы уақытта жаңа медициналық орталық ғимаратын салу жоспарланып отыр.
– Ауылдық округтің инфрақұрылымы да жыл санап жақсарып келеді. Бүгінде ауыл көшелерінің 99 пайызына асфальт жамылғысы төселіп, көше бойлары түнгі мезгілде самаладай жарқырап тұр. Тұрғындарға ең қажетті игіліктердің бірі – ауызсу мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Өткен жылы округке қарасты Түктібай ауылына ауылішілік ауызсу құбыры тартылып, нәтижесінде, 143 аулаға ауызсу кіргізілген. Ендігі кезекте «Қазбастау» разъезіне таза ауызсу жеткізу көзделіп отыр. Биылдың өзінде бірнеше үйге су құбырлары тартылып, электр желілері жаңартылып, жарықпен тұрақты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
«Ауылдың жақсылығы жолынан білінер» демекші, көлік қатынасын жақсарту мақсатында аудан орталығымен байланыстыратын күрежолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол бойында сервистік кешендер мен демалыс орындары ашылып, ауыл тұрғындары мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалуда,- дейді ауылдық округтің әкімі Нұрсұлтан Рақымбек.
Айтса, айтқандай, нұрлы болашаққа көш түзеген Нұрлыкент ауылдық округінде соңғы жылдары көңіл сүйсінтерлік жұмыстардың атқарылып жатқанын жақсы білеміз. Өңірдің аграрлық саласын дамытуға да округтің қосып отырған үлесі мол. Бұл ауылдық округ аграрлық аймақтардың біріне жатады. Мұнда 60-тан аса шаруа қожалық тіркелген. Шаруаларға тұрақты түрде қолдау көрсетіліп тұрады. Кәсіпкерлер мен тұрғындарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер ұсынылып, осының нәтижесінде, ауыл шаруашылығына қажетті жаңа техникалар сатып алынуда. Биыл ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңарту мақсатында 60 миллион теңгеден аса қаржы-қаражатқа бірнеше жаңа трактор мен қосалқы құрал-жабдықтар сатып алынған. Сайып келгенде, бұл жұмыстардың барлығы ауылды, ондағы сан салалы шаруаларды жаңа заманға сай дамытуға бағытталған нақты қадамдар екені айдан анық.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары да кәсіпкерлікті дамытуға белсенді атсалысып, мемлекеттік көмек-қолдаулардың арқасында жаңа жобалар іске асырылып келеді. Жақында ауылда құс өсіру фермасы ашылу жоспарланып, ет және жұмыртқа өндірісі жолға қойылмақ.
– Ауыл-аймақта жеке кәсіпкерлер саны жылдан-жылға артып келеді. Бұған қоса, шағын дүкендер мен қызмет көрсету орындары көбейіп, онда халыққа қажетті тауарлар мен қызмет түрлері ұсынылуда. Жергілікті кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау бағытындағы жаңа жобаларды батыл қолға алып жатыр. Бұл ауыл экономикасының дамуына оң ықпалын тигізеді,- дейді ауылдық округтің әкімі.
Ауылдық округтің тұрғындары әлеуметтік-экономикалық даму жолымен қатар, имандылықты берік ұстанатындарын танытып отыр. Былтыр ауылдық округтің орталығы Нұрлыкент ауылында жаңа мешіт бой көтеріп, тұрғындардың рухани өміріне оң әсерін тигізді. Сонымен қатар, ауылдық мәдениет үйінде мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді насихаттау жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Ауылдық округте алдағы жылдары бірқатар ірі жобалар жүзеге аспақ. 2025-2027 жылдары «Алтын Ел-групп» ЖШС құс етін өндіру және өңдеу фабрикасын салуға ниет етіп отыр. Бұл жоба сәтті жүзеге асырылған уақытта 50 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
«Ауыл түбі – бірлік, қауым түбі – тірлік» демекші, жергілікті атқарушы билік пен тұрғындардың бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде қасиетті қара шаңырағымыз болған ауылдар жылдан-жылға көркейіп, ондағы еңбексүйгіш халықтың да өмір сүру сапасы жақсара бермек…
Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист