Basty bet
Аудан әкiмi ардагерлермен кездестi
Биыл Семей ядролық-сынақ полигонының жабылғанына 31 жыл толып отыр.
Қазақ даласына үлкен қасірет әкелген Семей полигоны КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды.
Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады.
Тұңғыш атомдық жарылыстың өнімдері аймақтың барлық елдімекендерін жауып қалды. Көрші қонған әскери объектіде не болып жатқаны туралы ешқандай түсінігі жоқ жақындағы ауылдардың тұрғындары радиациялық сәуленің сұмдық дозасын алды. Халыққа сынақ туралы ескертілмеген де еді. Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастаған.
Мәліметтерге сүйенсек, ядролық сынақ аумағында тұрған 1,5 млн адам полигонның қасіретін көрген.
Семей полигоны жабылып, «Невада-Семей» қозғалысы құрылған соң, әлемдегі бірқатар сынақ орындары жабылды.
1991 жылдың 29 тамызында әлемнің ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі – Семей ядролық полигонының жабылуы әлем тарихы алдында айтулы оқиға болды.
Жыл сайын елімізде алғаш ядролық сынақ өткізілген 29 тамыз күні Халықаралық ядролық қарудан бас тарту күні болып атап өтіліп келеді.
Осы орайда өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртаза Семей сынақ полигонында Отан алдындағы борышын өтеген ардагерлермен кездесті.
Келелі кездесуде аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы Семей ядролық полигонының күллі адамзат баласына төндірген зор қаупі туралы айта келіп, ардагерлер қауымына алғысын білдірді.
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 31 жыл толуына орай Асқарбек Керемқұлов, Махажан Сейдалиев, Қаржаубай Шамшиевті аудан әкімінің Алғысхатымен марапаттады.
Сонымен бірге Амангелді Әшірбаев, Зелемха Умаров, Ахметалы Бабақұлов аудандық мәслихаттың, Әділхан Шілдебаев, Садыралы Омаралиев, Нұрғали Бегалиев «Аманат» партиясы аудандық филиалының Алғысхатымен марапатталды.
Кездесу барысында ардагерлерді аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков пен «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков те құттықтады.
Сонымен бірге «Чернобыль-Семей» қоғамдастығының төрағасы Шынарбек Райысбеков те сөз сөйлеп, ардагерлерге үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек-қолдаулар үшін алғысын білдіріп, жер бетінде енді апат болмасын, бейбіт заманымыз мәңгілік болсын деген тілегін білдірді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»