Basty bet

Палаумен танылған аспаз

 

Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкiлi бiр атаның баласындай ырыс пен ынтымақта өмiр сүрiп келе жатыр. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының үлкен шаңырағы астына топтасқан. Осы тұста ассамблеяның басты рөлі елде бейбітшілік пен келісімділікті қолдау болып табылатыны белгілі.

Бірнеше ұлт өкілдері мекен еткен ауданымызда әзірбайжан, славян, шешен, өзбек және неміс халқының этномәдени орталығы құрылған. Солардың бірі – өзбек этномәдени орталығы. Өзбек этномәдени орталығында жалпы саны 192 кісі бар. Өзбек этносы негізінен ауданда Б.Момышұлы ауылы және Нұрлыкент ауылдық округінде тұрады.

Бүгін мақаламызға арқау болатын орталықтың белсенді мүшесі әрі жеке кәсіпкер, қазақпен құдандалас болып отырған Машкура Камалова. Ол 1956 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүние есігін ашып, 1962 жылы Жуалы ауданына көшіп келеді.

Еңбекке ерте жасынан араласқан ол сауда саласында білім алып, 1976 жылы «Сберкасса» атты банк мекемесінде касса басшысы болып жұмыс істеп, ал кейіннен 1977 жылы аудандық депутат болып сайланады. 1990 жылдан бастап тек сауда саласына көшеді. Бүгінде сол салада жұмыс істегеніне 32 жыл толып отыр. Мемлекетке қарап, қол қусырып отырмай, өзі 2007 жылы орталық базардан «Ақбота» асханасын ашып, бес бірдей адамды жұмыспен қамтып отыр. «Ақбота» асханасына шамамен есептегенде күніне 50-дей адам келіп, тамақтанады. Басым көпшілігі Машкура Хавасқызының дәмді тағамдары үшін келеді. Әрі тамақтарының бағасы да қолжетімді.

Зейнеткер Машкура Хавасқызы ауданда өзінің ерекше дайындалатын өзбек палауымен танымал. Қай жерде жиын-той болсын, ең әуелі дәмі тіл үйірер палауды істеу үшін Машкура Хавасқызын шақырады. Ол кісінің палауы шынымен де дәмді.

-2020 жылы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ауданға келгенде мені күріш басып беріңізші деп шақырып еді, міне содан бері ауданнан ғана емес, арнайы Тараз қаласынан да тапсырыс алып, күріш басамын. Дәмді палаудың сыры – оны арнайы температурада асықпай баппен пісіруінде, – дейді аспаз.

Жалпы ауданда өзбек халқының шамамен 70 пайызы жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Оның ішінде, тамақ және де машина жөндеу секілді кәсіп салалары бар. Ал өзбек халқының қалған бөлігі жол қызметінде, одан қалды мектепте мұғалім, т.б. мемлекеттік қызметтерде жұмыс істейді. Ал балаларымыз №1 мектеп-гимназия мен №29 орта мектебінде білім алады. Этнос өкілдерінің іс-шаралары мен жиналыстарын белсенді түрде өткіземіз. Сондай-ақ осы жылы  мемлекет тарапынан арнайы мамандар келіп, тегін қазақ тілін үйрену үстіндеміз. Бұл – қазақ тілін меңгерем деушілерге таптырмас мүмкіндік. Өмір бойы халыққа қызмет етіп келемін. Ең бастысы тату-тәтті елде тұратынымызға алғысым шексіз,- дейді өзбек этномәдени орталығының белсенді мүшесі.

Кейіпкеріміз Машкура Хавасқызы этномәдени орталықтың жұмысын дамытып әрі жеке кәсіппен айналысып, елдегі кәсіпкерлік саласы мен экономикасын дамытып отыр. Бүгінде Машкура апай бір ұл мен екі қыздың анасы және немерелерінің сүйікті әжесі.

Қай елде, қай қоғамда болсын, мемлекеттің өркендеуі мен ұлттың өрлеуі халықтың бір-бірімен тату-тәтті тұруымен тікелей байланысты. Себебі ел ішіндегі соғыстың өзі елдің экономикасы мен халқын ойсыратып жібереді. Осы тұста бір емес бірдей 130 ұлт өкілінің басын қосып, тату-тәтті өмір сүруінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қосар үлесі зор. “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді” демекші, ауызбіршілігіміз мықты болса, шаңырағымыз ешқашан шайқалмайды.

 

Үміт Мадиярбек,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close