Basty bet
Ауыл шаруашылығы – асыраушы сала
-Ержан Байұзақұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көп мәселе қамтылды. Жолдауда ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалмады. Сіз бүгінгі таңда өз салаңызға қатысты атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқтала кетсеңіз.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет» деп атап өтіп, бұл саланың қаншалықты маңызға ие екеніне жұртшылықтың назарын аударды. Осылайша аймақтардағы ауыл шаруашылығы құрылымдарын дамытуға, шаруа қожалықтарын ұзақ мерзімді субсидиялармен қамтуға арналған жобаларды дайындауды Үкіметке тапсырған болатын. Бұл бағытта агросаланы дамыту мақсатында қолға алынған тың жобалар мен бағдарламалар шаруа қожалық өкілдері тарапынан қолдау табуда.
Жалпы аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 52 миллиард 937 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғында нақты көлем индексі 106,4 пайыз болды. Ал, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бір миллиард 499,6 миллион теңгені құрады.
Егін шаруашылығында өткен жылы 30 959,1 миллион тонна, мал шаруашылығы 21 967 миллион тонна өнім өндірілді. Ет өндірісі 12495,3, сүт өндіру 44164,2 тоннаны құраса, тауықтан 8 миллион 347 мың дана жұмыртқа алынды. Биыл мүйізді ірі қара 49607, қой-ешкі 209544, жылқы 16727 басқа жетті. Ал шошқа 50 басты құраса, құстардың саны 83029 бас. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мал өнімдерінің барлық түрі артық өндіріліп отыр.
-Ауданында күзгі жиын терін қалай өтті, ендігі кезекте көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қалай жоспарлануда?
-Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 гектар алқапты құрайды. Оның 95449 гектары егістік, мұның ішінде суармалы егістігі 8460 гектар алқап. Шабындық 2 046, жайылым 114 559 гектар алқапты алып жатыр. Ал көп жылдық екпелер 265 гектар алқапқа орналастырылған. Өткен жылы масақты дәнді дақылдар 39205 гектар алқапқа орналастырылған болатын. Оның 9730 гектары күздік бидай, 29149 гектары арпа. Ал 326 гектарына дәндік жүгері себілген болатын. Бұл алқаптардан 74596 тонна өнім жиналып, әрбір алқаптан жиналған орташа түсім 19 центнерді құрады. Бөліп айтар болсақ, бидайдан 19092, арпадан 54363, ал дәндік жүгеріден 1141 тонна жиналып, қамбаға құйылды.
Майлы дақылдар болса 22140 гектар алқапқа орналастырылды, оның 21185 гектарын мақсары, 875,4 гектарын күнбағыс, 80 гектарын қытай бұршағы құрады. Олардан 20221 тонна өнім жиналып отыр. Атап айтсақ, күнбағыстан 1418,1, қытай бұршағынан 160, мақсарыдан 18642,8 тонна өнім жиналып, өндіріс орындарына өңдеуге жіберілді.
Картоп бойынша айтатын болсақ, өткен жылы бұл дақыл 2708,1 гектар алқапқа отырғызылған еді. Бұдан бөлек, көкөніс – 729,2, ал бақша – 11 гектар алқапқа жеткізілген. Картоптан 66348,5 тонна өнім жиналып, одан түскен орташа өнім 245 центнерді құрады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өздеріне тиесілі 2102 гектар алқаптан 51183,5 тонна өнім алса, жеке қосалқы шаруашылықтарға қарасты 606,1 гектардан 15165 тонна өнім жиналған. Көкөністен 18230 тонна, бақшадан 270 тонна өнім жиналып, нарыққа шығарылған.
-Қазіргі таңда мал қыстату науқаны қалай жүргізілуде, қыстаудағы мал қыстақтарында жем-шөп қоры жеткілікті ме?
-Биыл қыс қаһарына мініп тұр. Шаруалардың қыс қамына ерте бастан жақсы дайындалғаны байқалады. Әзірге мал қыстақтарында жем-шөп жетіспеуі, мал шығыны орын алған жоқ. Аудан шаруашылықтарының бұл науқанға дайындығы жақсы қалыптасып отыр. Оған бір жағы өткен жылдың жайлы, ауарайының қолайлы болып, табиғи шөптің молдығы мен жем-шөп бағасының алдыңғы жылға қарағанда төмен болуы шаруаларға көп септескендей.
Өткен жылы мал азығы 29710,9 гектар алқаптан жиналды. Оның 817,3 гектарын сүрлемдік жүгері алқабы құрайды. Сөйтіп мал азығы үшін шабындықтардан 155335 тонна пішен, 12520 тонна пішендеме, 41925 тонна сабан және 12000 тонна сүрлем дайындалды.
– Президент Жолдауында назарға алынған басымдықтың бірі азық-түлік қорын жасақтау. Осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынып, атқарылуда? Жалпы егін себу, тұқым дайындау барысында бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың барысына тоқтала кетсеңіз?
– Мемлекет басшысы Жолдауында «Өнім өндіру үшін, ең алдымен жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды» деді. Сол сияқты ауыл шаруашылығы үшін егістік жердің маңызы жоғары. Өкінішке қарай бізде су жетпейтін алқаптар баршылық. Бұл мәселені тамшылатып және жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнату арқылы шешудеміз. Ал жақсы өнім алу үшін, өңірде азық-түлік қорын жасақтау мақсатында жер игеру жұмыстары бізде жақсы жолға қойылған. Соның бірі сүдігер (пар) көтеру.
Бұл бойынша 979 гектар алқап жыртылып, оған ғылыми зерттеу институтынан алынған элиталық тұқымдар себілді. 2023 жылдың өнімі үшін күздік бидай 9750 гектар алқапқа орналастырылды. Осы жылдың өнімі үшін 39120 гектар алқапта сүдігер көтеріліп, жер өңдеуден өткізілді. Ол қалған, өңдеуден өткен алқаптар алдағы көктемгі себу науқанына дайын.
Жақсы өнім жинау тікелей тұқымға байланысты екені белгілі. 2023 жылдың өнімі үшін 9750 гектар күздік алқапқа 1654 тонна тұқым дайындалған болатын. Қолда бар тұқымдар аудандық тұқым зертханасынан тексеруден өтті. Оның 490 тоннасы І репродукциялы, 664 тоннасы – ІІ репродукциялы, 500 тоннасы – ІІІ репродукциялы тұқым. Жоғары сапалы тұқымды ұлғайту ағымдағы жылы 21,5 пайызға жоспарланған. Осыған байланысты Алматы ғылыми-зерттеу институттарынан элиталық «Стекловидный-24» сорттарынын 30,5 тоннасы және Красноводопад тұқым стансасынан супер элиталық «Октябрина-70» және «Кондитерская» сорттарының – 5,8 тоннасы алынды. Барлығы 36,3 тоннаны құрайды. Бұл тұқымдар Жетітөбе, Қарасаз, Мыңбұлақ, Нұрлыкент, Шақпақ, Көкбастау және Боралдай ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарына үлестіріліп, жерге сіңірілді.
Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына қажетті жаздық арпаның «Сымбат» және «Бәйшешек» сорттары дайындалып, оған қажетті 9,7 тонна алынды. Көктемгі дала жұмыстарына қосымша қажетті тұқым көлемі 72 тонна, бүгінгі күнге Алматы ғылыми зерттеу институттарымен келісім шарт жасалып, оны жеткізу жолдары қарастырылуда.
-Күзгі және көктемгі дала жұмыстарын атқаруға мемлекет тарапынан жанар-жағармайдың жеңілдікпен жеткізілуі қалай шешілуде?
-Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өндірудің технологиялық карталарына және жоспарланған егін, мал азығы өнімдері алқаптарының көлеміне сәйкес, ауданға жеңілдетілген бағамен бөлінген дизель отынының көлемі 2015 тоннаны құрайды. Операторлар арқылы шаруашылықтарға дизель отынының әрбір литрі 202 теңгеден босатылды.
Күзгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағар май барлық ауылдық округтерден жинақталып, ауыл шаруашылығы басқармасына 2015 тоннаға тапсырыс беріліп, уақтылы игерілді. Енді көктемгі дала жұмыстарына осы көлемде дизель отыны сұралып, келісім шарт жасалды. Шаруалар бөлінген жанар-жағармайды ақпан айынан белгіленген операторлардан төмен бағада алатын болады.
-Соңғы жылдары су тапшылығына байланысты егіс алқабында қай өнім түрлерін егуге басымдық беріліп отыр?
-Соңғы жылдары шаруашылықтар жаңа технологиялар енгізу жұмыстарын қарқынды қолға алынуда. Мәселен, 2021 жылы ауданда 1683 гектар алқапқа су үнемдеу қондырғысы орнатылып, іске қосылған болатын. Ал өткен жылы 700 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланып, бүгінгі таңда оның көлемі 2383 гектар алқапқа жетіп отыр. Сөйтіп ауданда суармалы жерлердің үлесі 28,2 пайызды құрады. Бұл су үнемдеу қондырғыларын Ақсай ауылдық округінде «Жолдас», «Көктөбе», «Нұр-Асем», «Тілменбет» шаруа қожалықтары жүзеге асырса, Ақтөбе ауылдық округінде «Токтаев» шаруа қожалығы өз алқаптарына енгізген. Нұрлыкенттік «Алинур» мен «Төлеген», қызыларықтық «Алатау», шақпақтық «Арна» мен «Дидар» және қарасаздық «Мерей» шаруа қожалықтары жаңа жүйенің игілігін көруде. Сонымен бөлек, су жеткізу мақсатында су ұңғымалары қазылуда.
-Қазір Жамбыл ауданы аумағында тау-тау болып үйіліп жатқан минералды тыңайтқыштың қалдығы – фосфогипсті шаруа қожалықтар өз кәдесіне жарата бастады. Сол тыңайтқышты алуға аудан шаруашылықтары тарапынан ынта танытушылар бар ма?
-Фосфогипс химиялық минералды егістікке, сортан, сор жерлерге төселіп, тұзды өзінің бойына сіңіріп өсімдіктің өнуіне жақсы әсер етеді. Оның үстіне алқаптағы өнімділікті екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Құрамында фосфор бар, топырақтың құрамындағы тұздармен араласып тыңайтады. Гектарына қажетті мөлшері 5 тоннаны құрайды. Бұл өз кезегінде аймақтың басты мәселесіне айналған үйіндіні азайтуға септігін тигізбек. Екіншіден шаруа қожалықтарына жерін минералды тыңайтқышпен тыңайтып, құнарландыруына жол ашпақ. Бүгінгі таңда ауданда оны алуға ниетті шаруа қожалықтар саны артып отыр.
Өткен айда Ақтөбе ауылдық округіндегі «Жаңаталап» шаруа қожалығы 200, Көкбастау ауылдық округіндегі «Ержан» шаруа қожалығы 400 тонна фосфогипс күлін әкеліп, жалпы алаңы 100 гектар алқапқа сіңіріп отыр. Фосфогипс күлі тегін таратылуда. Тасымал жұмыстары жалғасын табуда.
-Аудандағы техника паркінің жаңартылу барысына тоқтала кетсеңіз.
-Ауыл шаруашылығы жұмысының барлығы дерлік техника күшімен атқарылады. Қазіргі таңда аудандағы агроқұрылымдар мен шаруашылықтарда 634 трактор, 158 комбайн, 790 ауыл шаруашылығы тіркемесі бар. Сонымен қолда бар техника 1582 дананы құрайды. Бір өкініштісі, бұл техникалардың басым бөлігі ескі. Өткен жылы 174 жаңа техника алу жоспарланған. Бұл техника толық алынып, техника паркі 11 пайызға жаңарып отыр. Оның жалпы құны 1 милиард 101,5 миллион теңгені құрады. Алынған техниканың 36-ы трактор. Біреуі комбайн болса, 137-і ауыл шаруашылығы тіркемелері.
-Ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде сатпай ұқсата пайдалану, тосап, қалбырға салу арқылы нарыққа шығару тиімді емес пе? Осы бағытта қандай ұйымдастыру шараларын қолға алынуда?
-Ауданы әкімдігі тарапынан шаруалармен жиналыс өткізіліп, түрлі бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де жоқ емес.
Аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ішінде сүт өнімдерін қайта өңдеу бағытында 9 сүт өңдеу цехы тұрақты жұмыс істеуде.
-Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»