Basty bet
Ертеңге деген сенімді арттырды
Белгілісі сол әрбір ел азаматы Президент Жолдауынан бір үміт, бір қайыр күтеді. Біз де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауын тікелей эфирден тамашалап, бастан-аяқ тыңдап, ішінара ой елегінен өткіздік. Бір байқағанымыз бұл Жолдау алдыңғы Жолдауларындай емес, көптеген халыққа керек нәрселер, тұшымды ойлар айтылды. Оның ішінде біздің санамызды сарсаңға салып жүрген көп мәселелер де бар.
Жолдауда Президент еліміздің экономикалық-әлеуметтік бағытын, халықтың тұрмыс-тіршілігін алдыңғы орынға қойып отырғаны көңілге демеу, ертеңге деген сенімді арттырды.
Мемлекет басшысы Жолдауда шаруа қожалық жетекшілерінің көкейінде жүрген ауыл шаруашылығы саласына қатысты біраз мәселенің басын ашып берді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарын ұзақ мерзімді субсидиялау, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жайы еңбек адамының ойынан шықты. Бұл шаруа үшін қуанышты жағдай болды. Ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын, назын ел Президенті көрді, білді. Бұдан, яғни, Президенттің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының нақты іске асқанын бүгінгі Жолдауынан ашық байқап отырмыз.
Айта берсе әңгіме көп, дегенмен қараша халық бұл Жолдаудан не күтеді? Ең бірінші – тұрмыс жағдайымыздың қалыпқа түсуі, жағдайдың жақсаруы, ертеңгі күнге деген сенім. Ұрпағымыз сапалы да заман талабына сай білім алуына, тәрбиеленуіне, олардың емін-еркін өсіп жетілуіне тәуелсіз мемлекетте қол жеткізуін қалайды. Бұл кез келген қараша халықтың арман аңсары, жыл сайын Жолдаудан күтетін мақсат-мүддесі осы ғана. Біз алға қарай жылжып келе жатқанымызды көрсетуіміз керек.
Бұл Жолдауда көңілімнен шыққаны жер мен табиғи ресурстарды халық меншігі деген мәселені нақты қоюы. Қазір жер дауы біздің елде жоғары деңгейге жетті. Себебі, қараша халық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің барлығының жекеменшікке өтіп кеткенін айтуда. Қарап отырсақ, елімізде 10 миллионға жуық алқап мақсатсыз игерілуде екен. Жалпы ауылдағы ағайынның жағдайын жақсарту үшін жер мәселесін түбегейлі шешу керек болып отыр. Бұл мәселенің Жолдауда көтерілуі шаруаның ертеңге деген сенімін арттырды.
Зайырбек СҰЛТАНМҰРАТОВ,
«Атамекен-Бастау»
ауыл шаруашылығы
кооперативінің жетекшісі