Basty bet
Саябақ аумағын ретке келтіріп, тазалыққа үлес қосты
Кез келген өңірдің таза, жанға жайлы көз тартарлықтай болып жайнап тұруы – ең алдымен сондағы тұрғындардың экологиялық белсенділігіне және олардың туған өлке табиғатына деген жанашыр көзқарасына тікелей байланысты. Осы мақсатта қасиетті Жуалы өңірінің аумағын абаттандыру, көгалдандыру мақсатындағы жүйелі жұмыстар өз жалғасын табу үстінде.
Биыл көктемде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел өңірлерінде қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы көпшілік жұмыстар әр тақырыпта әр айға бөлініп қойған. Акция барысындағы жұмыстар осыған сәйкес атқарылуда. Жалпылама айтқанда, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының халықтың тазалық жөніндегі және экологиялық мәдениетіне тигізіп отырған орасан зор пайдасын баса айтуға тиіспіз.
Осыған орай кеше аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында өңір тазалығына бағытталған игілікті іс-шара ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында «Мәңгілік Ел» және «Жастар аллеясында» саябақ аумағына тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекеме қызметкерлері, оның ішінде, спорт мектептерінің ұжымы, т.б. мекемелер бар. Қызметкерлер саябақтың кіреберісінен бастап, жалпы саябақ алып жатқан аумақты түрлі қоқыстан тазартып, шөптерді орып, демалыс орнын ретке келтірді.
Айта кету керек, экологиялық акцияның мақсат-міндетіне сәйкес, мұнда «Ең белсенді волонтер» іс-шарасы ұйымдастырылып, онда «Жасыл ел» өңірлік еңбек жасағының құрамында қасиетті өңірдің тазалығына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар азамат аудандық Жастар ресурстық орталығының Алғысхаттарына ие болды. Волонтерлерді аудандық Жастар ресурстық орталығы мекемесі директорының орынбасары Нұртілеу Төрен марапаттап, жасақтың жұмысына табыс тіледі.
Биыл мамыр айынан бастап аудандық «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында барлығы 50 жас еңбек ету үстінде. Студент және жұмысшы жастардан құрылған топ өз кезегінде аудан орталығы Б.Момышұлы ауылымен қатар, Шақпақ, Нұрлыкент және Көкбастау ауылдық округтерінде тазалық жұмыстарын атқарумен айналысып келеді. Жасақ мүшесі, студент жас Әнел Сейіт «Жасыл ел» еңбек жасағы туралы жағымды пікір білдіріп, тазалық бағытында атқарып жатқан жұмысының өзіне ұнайтынын айтады.
***
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы тазалық жұмыстары ары қарай Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылындағы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінде жалғасты. Мұнда ұйымдастырылған іс-шара «Болашаққа есірткісіз қадам» тақырыбымен өтті. Шара барысында музей шарбағының шөбі орылып, ғимараттың сырт келбеті және аула біршама ретке келтірілді. Қай кезде келсеңіз де, Батыр музейінің ауласы мұнтаздай таза тұрады. Бұл өз кезегінде даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының рухына тағзым ету үшін алыс-жақыннан ат арытып келетін қонақтарға да жағымды әсер қалдыратыны анық.
Қосымша айта кететін болсақ, Жуалы ауданындағы маңызды көпшілік іс-шаралардың барлығы дерлік Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы саябағында өтетіні белгілі. Аталған саябақ Батыр музейінің дәл іргесінде орналасқан. Ауыл қариясы, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Аманжол қажы Дүрәліұлы жалпы аумағы бес гектарды алып жатқан Бауыржан Момышұлы музейінің айналасында 1 500-ге жуық тал-дарақтың егіліп, бапталып жатқанын қуанышпен жеткізді. Оның ішінде, алма, алмұрт, шие, т.б. жеміс ағаштары бар. Ал музей ауласы түрлі сәндік гүлдермен көмкерілген. Гүлдерді музей тазалықшыларымен қатар, Ақсай ауылдық округінің қоғамдық негіздегі жұмысшылары күтіп, баптайды.
Қария онымен қоса, ауыл-аймақтың айналасын таза ұстау, су жүретін арықтарды тұрақты тазалап отыру, сондай-ақ, ауыл жастарының арасында табиғатқа, қоршаған ортаға жанашырлық таныту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды қайта жаңғырту қажет екенін де еске салды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»