Basty bet
Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетілуде
Әлемде ешқашан өлмейтін, даму үстінде ғана жүріп отыратын мамандықтардың бірі – медицина саласы. Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан болар, медицинаға қатысты мәселе мемлекет назарынан ешқашан тыс қалған емес. Әсіресе, шалғай ауылдар мен елді мекендерде дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік- акушерлік және медициналық пункттер салу ісі мықтап қолға алынуда.
Халық үшін ең маңызды сала – денсаулық сақтау саласында біраз жетістік, ауқымды шаралар жасалды. Соңғы жылдарда апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына жаңадан денсаулық сақтау нысандары бой көтерді.
Бүгінгі күні аудандағы денсаулық сақтау мекемелері тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Соның бірі ретінде Қарасаз ауылдық округіндегі Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жұмысын атап өтуге болады. 25 келушіге арналған жаңа ғимарат 2017 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда мекемеде екі жалпы тәжірибелі дәрігер, 15 орта буынды және сегіз кіші қызметкер жұмыс істейді. Дәрігерлік амбулаторияда Жамшид Сайдалиев пен Данияр Тұрабеков сынды жалпы тәжірибелі дәрігерлер тұрғындардың денсаулығын нығайту жолында жұмыс істеп келеді.
Аға дәрігер Жамшид Сайдалиевтің мұнда жұмыс істеп жатқанына үш жылдың көлемі болса, Данияр Айдарұлы жас маман, мұнда дәрігер болып келгеніне үш айдың көлемі болыпты.
Біз ауылдық амбулаторияға барғанда бізді жас маман Данияр Тұрабеков қарсы алып, жалпы мекеменің жұмысымен таныстырып шықты.
Қазіргі таңда ауылдық амбулаторияның құрамына Қарасаз ауылдық округінің Жұрымбай, Майбұлақ, Қарасу, Көктас және Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ, Қосмұрат елді мекендері енеді. Аталған аймақтың тұрғындары осында келіп, ем қабылдайды. Жалпы тіркелген халық саны 3138 адамды құрап отыр. Олардың ішінде, 0-1 жас аралығында 52, 0-14 жас аралығында 876, 0-18 жас аралығында 155 болса диспансерлік есепте тұратын 495 бес адам бар. Жүкті әйелдер саны 60, биылғы жылдың тоғыз айында босанған әйелдер саны 60. Есепте тұрғандар әр үш ай сайын тегін дәрімен қамтылады.
Емдеу мекемесінде қызметкерлердің алаңсыз жұмыс жасауына толық жағдай жасалған. Амбулатория кабинеттері компьютермен, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, зертхана, жаңа заманауи ЭКГ аппараты, төрт емделушіге арналған күндізгі стационар және жедел жәрдем көліктері бар. Оған қоса дәрігерлік амбулаторияға қарайтын әр ауылда жаңадан бой көтерген медпункттері бар. Онда бір медбике, бір санитар және қарауыл жұмыс істейді.
-Біз алдымызға келген әрбір науқастың жағдайын күнделікті бақылап, қажетті емдік шараларды қолданамыз. Алайда, денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние екенін естен шығармаған абзал. Ол адам өміріндегі ең бағалы нығмет болғандықтан, әрбір адам баласы өз денсаулығына көңіл бөліп, үнемі денсаулықтың қорын көбейтіп отырған жөн.
«Тәні саудың – жаны сау» деген әдемі сөз бар. Сол себептен біз бірінші кезекте ауыл тұрғындарының денсаулығына баса мән береміз. Ең басты мақсатымыз – келушілерге дер кезінде алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, денсаулығының жақсаруына өз септігімізді тигізу. Біз ем алушылармен тығыз жұмыс жасаймыз. Сырқатына қарай ем-домын жасап, оларды сауығып кеткенше қадағалап отырамыз. Әр көшеге бір медбикеден бекітіліп қойылған. Медбикелерде кезекшілікке бекітіліп, түнгі шақыртуларға барады. Жағдайына қарай науқастарға ем-дом тағайындаймыз. Егер жағдайы ауыр болса, онда біз емделушіні аудан орталығына жібереміз. Мекемеде жедел жәрдем көлігі бар. Ауыл тұрғындары қай уақытта болсада жедел жәрдем қызметін үйіне шақырта алады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары толығымен «ДамуМЕД» медициналық ақпарат жүйесіне қосылып, тұрғындардың электрондық денсаулық паспорттары базаға енгізілген,- дейді аға дәрігер.
Біз жоғарыда айтып өткендей, амбулатория 25 келушіге арналған. Екі тәжірибелі дәрігер бір күнде 50 келушіні қабылдауға тырысады. Аптасына бір рет аға дәрігерлер өздеріне қарасты ауылдық медпункттерге барса, одан бөлек айына бір рет кесте бойынша өздеріне қарасты ауылдарға шығып, медпункттерді аралайды. Оған аға дәрігер, аға медбике, акушер, зертханашы және скринингке жауапты медбике қатысады. Зертханашы қан және несеп талдауын алады.
Ауылдық амбулатория толық заманауи құралдармен жабдықталуына байланысты ауыл тұрғындары аудан орталығына сабылмай-ақ амбулаторияда барлық тексерістен өте алады.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»