Basty bet

Бауыржан – алаштың аймаңдай перзенті!

Батырдың рухын құрметтеп, ерлігін дәріптеу – елдігіміздің биік белгісі емес пе?!

Жақында отандық «Ел арна» телеарнасындағы «Қыздар мен жігіттер» бағдарламасында елге танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанқызы Батыр Бауыржан Момышұлын келемеж етіп, қоғамның сынына қалды.
2024 жылдың 21 шілдесінде «Ел арна» телеарнасындағы телешоуда қазақтың біртуар қаһарман перзенті, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының фотосуретін стендке салып, суреттегі Бауыржан Момышұлының басының орнына Мөлдір Мұқанқызы өзінің басын қойып, халық батырын келеке, мазақ еткені Батырдың жерлестері ретінде қасиетті Жуалы халқының да ашу-ызасын тудырып отыр.
Бауыржан осынау жұлдызы биік өлкеде туып, құз-қияға қанат қаққан қыран сынды тау тұлғалы азамат. Осындай өрескел әрекетке барған Мөлдір Мұқанқызы қасиетті Жуалы ауданының түлегі Бауыржан Момышұлының төл тарихымызда қандай биік тұлға екенін жете білмейтін шығар?! Біз осыны Мөлдір Мұқанқызының есіне салғымыз келіп отыр. Батыр Баукең – күллі Алаш жұртына ортақ тұлға.
Жалпы ата дәстүрімізде үлкенді сыйлап, құрметтеу ежелден келе жатқан игі үрдіс. Үлкенді сыйлау – ең біріншіден елдігіміздің биік белгісі. Оның үстіне, Бауыржан Момышұлы сынды алып тұлғаның атына кір келтіру – үлкен әбестік. Ел басына қиын күн туып, «ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде қолына қару алып, майданның алдыңғы шебінде соғыса жүріп, халқына берік қорған болған даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, қаһарман әрі даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлы фотосуретінің көпшілік эфирда орынсыз қорлануы қоғам тарапынан қызу талқыланып, Батыр жерлестерінің де ашу-ызасын туғызғаны рас. Жуалы жұртшылығы даңқты перзентінің атын қорлаған мұндай ерсі әрекетке жұдырықтай жұмыла қарсы тұратынын ескертеміз!
Бауыржан Момышұлы – қазақтың бірегей әскери қолбасшысы, қайраткер жазушы, Кеңес Одағының батыры, соғыстағы мықты стратег болған ұлы тұлға.
Ұлы тұлғаның өнегелі өмірі – ұлттың өшпес өнегесі. Біз тарих тұғырындағы осындай ұлы тұлғалардың есімін дәріптеу арқылы ұлттық рухымызды ұлықтаймыз. Жас буынды ерлік рухында тәрбиелеуге мүмкіндік аламыз. Қазақ халқының хас батыры, халықтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының да жүріп өткен жолы дәл осындай мол тағылымға толы.
Батыр Баукең Ұлы Отан соғысы жылдарында қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің тамаша жетекшісі, білгір тәрбиешісі де бола білді. Оның ерлік жолы өсіп келе жатқан ұрпаққа молынан үлгі. Қорытындылай келе, Ұлы Отан соғысында, соның ішінде, Мәскеу үшін шайқаста ерлігімен әлем халықтарына есімі аңыз болып тараған гвардия полковнигі, қазақ батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмірін – өнеге, жазған мұраларын – патриоттық өсиет, құндылығын жоғалтпайтын мол қазына деп айтуға болады.
Өнегелі өмірінде соңына өшпестей із қалдырып, ерліктің тұтқасын ұстап, «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деп ұран қалдырған, ұрпаққа өнеге болған батырдың асыл бейнесін көпшілік аудиторияда осылай мазақтауға бола ма?! Оған кім рұқсат берді? Мұны біз тарихи тұлғаға жасалған қастандық деп білеміз. Мөлдір Мұқанқызының бұл жағымсыз іс-әрекетін әшкерелеп, оған тиісті шара қолдану керек. Қазақ халқы батырға жасалған мұндай қиянатты кешірмейді.
Ақыл тоқтатқан орта буын ұрпақтың таным-түсінігі осындай болса, кейінгі келетін ұрпақ бұған қандай баға бермек? Жалпылама айтқанда, қазір отандық шоу-бизнес өкілдерінің арасында ерсі әрекеттер жиі орын алумен бірге, олар ата дәстүрге жатпайтын жағымсыз қылықтарымен қоғам тарапынан қызу талқыға түсуде. Олар меніңше, «тойып» секіріп жүр. Мұндай сүреңсіз әрі қоғамға жат көріністердің тездетіп алдын алмаса болмайды. Жалпы жас ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиелейміз десек, ең алдымен отбасындағы тәрбиені дұрыстауымыз қажет! Отбасындағы тәрбие – Отанның тұтастығы мен игілігіне айналса, игіліктің ең маңыздысы осы болмақ!!!

Сейітхан ЖҰМАШЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның
Жуалы аудандық филиалының төрағасы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close