Basty bet

Қарасаз – заманауи дамудың даңғыл жолына түскен іргелі ауыл

Қарасаз ауылдық округі халық саны және елді мекен саны жағынан аудандағы үлкен округтердің бірі саналады.
Мал және егін шаруашылығы қатар дамып келе жатқан іргелі округтің тұрғындары кейінгі жылдары жеке кәсіпкерлікке шындап бет бұрып келеді. Соңғы 10 жылдықтың өзінде ауылдық округтің орталығы саналатын Қарасаз ауылында мейрамхана, шағын маркет және супермаркет, жеке тіс емханасы, дәріхана, ветеринариялық дәріхана, құрылыс заттары дүкені, үш ағаш өңдеу цехы, жанар-жағармай құю және техникалық қызмет көрсету мен көлік жөндеу бекеттері, дөңгелек желімдеу және автокөлік жуу орталықтары, т.б. кәсіпкерлік нысандары салынып, іске қосылды. Округ шаруалары төрт түлік малдың басын көбейтумен қатар, ақ егістің және бақша дақылдарының да егістік көлемін еселеп ұлғайтып отыр.
Қарасаз ауылдық округі ауыл шаруашылығын дамытуға бейімделген. Ауылдық округтің аумағы – 27 872,30 гектар болса, оның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 19 626,97 гектар, оның ішінде, егістігі -12 178 га, шабындық -24 га, жайылымы -7625 га, басқалар -693 гектарды құрайды. Ауылдық округке қарасты бес елдімекендегі 782 аулада барлығы -3 584 тұрғын тіркелген. Округ шаруалары биыл барлығы -1 150 гектарға күздік бидай, 3 795 гектарға жаздық арпа, мақсары алқабы -3 047, көпжылдық шөп -3 662, көкөніс 10 гектарға егілсе, ал картоп дақылы -24 гектарға егіліп бапталды. Көктемнен бастап, жиын-терін науқаны кезінде уақытпен санаспай еңбек еткен округ шаруалары ойдағыдай өнімге қол жеткізіп, қысқы жауапты кезеңге мал азығын және отын-суларын молынан қамдап алғаны анық.
«Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» аталатын облыстық мәндегі автомобиль жолының бойында орналасқан Қарасаз ауылында жыл он екі ай көлік қатынасы мен өзара алыс-беріс, бір сөзбен айтқанда, қызу тіршілік тоқтаған емес. Кейінгі жылдары мұнда кәсіпкерлік саласының кең қанат жайып келе жатқанын жоғарыда тілге тиек еткендей, қазір ауылда 20-дан астам жеке кәсіпкерлік нысаны салық органдарына тіркеліп, жұмыстарын заңды атқару үстінде. Атап айтқанда, олар мейрамхана (тойхана), супер маркет пен шағын маркет, азық-түлік дүкендері, шаштараз, дәріхана, құрылыс дүкені және сұлулық салоны, жанар-жағармай құю бекеті, автокөлік бөлшектері дүкені, басқа да қызметтермен дендеп айналысу үстінде. Жеке кәсіпкерлік ашқан азаматтар негізінен әдеуметтік тұрмыс жағдайларын көтерумен қатар, мемлекетке салық төлеу арқылы қазына қаражатын ұлғайтуға, сонымен қатар, ауылдастарын да жұмыспен қамтуға өз үлестерін қосып келеді. Одан бөлек, мұнда құрылған «Қарасаз-2017» және «Береке-2021» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері сүт өндірумен және оны тасымалдаумен тұрақты айналысу үстінде.
Жалпы бір сөзбен айтқанда, Қарасаз ауылдық округінде ауыл шаруашылығы, оның ішінде, мал және егін шаруашылығының дамуына баса көңіл бөлініп, қазір осының есебінен төрт түліктің басы едәуір артып, ауыл шаруашылығының техника паркі де жыл санап заманауи жаңа техникалармен толығып келеді.
Соңғы жылдары ауданда сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі ретінде 2023 жылы Қарасаз ауылдық округінде іске асқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттырудағы маңызды рөлін атап өтпеуге болмайды. Олай болатыны, «қысқа жіп» күрмеуге келмей жатқан қазіргідей кезде жылдық тиімді мөлшерлемесі небәрі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие қаражаты кәсіп ашуға ниетті тұрғындардың еңсесін бір көтеріп тастағаны анық.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында барлығы 164 ауыл тұрғыны несиелендірілсе, оның 162-сі атакәсіп саналатын мал шаруашылығын дамытуға, ал біреуі жиһаз цехын ашу үшін несие алса, одан бөлек, бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып өнімді жұмыс істеу үстінде.
-Қарасаз ауылдық округі ауыл шаруашылығын кәсіп еткен өңір болғандықтан, мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы тауарын өндірушілеріне беріліп жатқан жеңілдіктерді тиімді пайдалануда. Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттің тұрақты көмек-қолдауымен аталған сала жыл санап айтарлықтай өсім көрсетіп отыр.
Биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын, күзгі жер игеру жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін ауылдық округке мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен 557 тонна жанар-жағармай бөлініп, округ шаруа қожалықтары қажеттіліктеріне жұмсады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік қызметке тартуды және оларды алып қою жөніндегі тиісті тетіктерді (қажеттігіне қарай) күшейтумен жұмысты жандандыру» тапсырмасына сәйкес, «Ақсанат» ЖШС-ның жалпы 424 гектар жайылым жерлерін өз еркімен қайтаруға ЖШС мүшелерінің өтініштерімен аталған жайылым жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында 2023 жылы ауылдық округте 10 шаруа қожалық жалпы құны – 70 354,0 теңгеге барлығы 19 дана жаңа техника сатып алып, округтың инвестициялық көлемін арттыруға, техника жаңартуға өз үлестерін қосып отыр. Округ бойынша техниканы жанарту жоспары бір техникаға артық орындалса, ал үстіміздегі жылы жоспар 18 дана, бүгінгі күнге орындалғаны – 11 дана.
Округте егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы да тұрақты даму үстінде. Округ тұрғындары көпшілігінің кәсібі мен табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, сала жұмысын дамыту ерекше маңызға ие. Жыл басындағы есепке сәйкес, округтегі мүйізді ірі қара мал саны -4 994 басты, уақ мал -12 351, жылқы -1 037 және үй құстары -12 209 басты құрады. Өңірде фермерлік, шағын және орта бизнесті дамыту үшін мал шаруашылығындағы дәстүрлерді жаңғыртумен қатар, аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп, саланы аяғынан тұрғызудың басым міндеттері айқындалды.
Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құрудың мүмкін еместігін ескеріліп, етті және сүтті малдың басын арттыруды дамыту аясында былтыр округте «Тараз» ӘКК» АҚ-ның қаржылай қолдауымен «Ауыл аманаты» бағдарламасымен «Қарасаз-2023» АШӨК құрылып, бүгінгі күнге оның басым бөлігі мал бағытында қаржыландырылып, өз кәсіптерін жүйелі жүргізуде,- дейді ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызы.
Кез келген ел экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде маңызды орынға ие. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін төмендетуге және әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатуға мүмкіндік туатыны белгілі. Аталған саланы оңтайлы жүзеге асыру мақсатында қазіргі таңда округте 283 жеке кәсіпкерлік субъектісі және 3 заңды тұлға, 238 шаруа қожалық тұрақты жұмыс атқаруда. Ауылдағы кәсіпкерлік нысандарда барлығы 347 адам жұмыспен қамтылған.
Ауыл – алтын бесік. Ауылды дамыту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау мақсатында 2023 жылы ауылдық округте бірқатар жұмыс атқарылған. Ауыл әкімінің айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында бөлінген 177,0 млн теңгеге округте барлығы төрт жоба іске асырылған. Есепті мерзім ішінде Қарасаз ауылындағы Жамбыл көшесі бұрылыстарымен, Абай көшесі Бірлік көшесінің жапсарлас бөліктерімен, Ы.Алтынсарин көшесі және Бірлік көшесінің 1-ші және 3-ші бұрылыстарының жолдарын орта жөндеу жұмыстары атқарылды. Аталған ауылішілік жолдар бойынша орта жөндеу жұмыстарын «ЖамбылДорМостСтройСервис»ЖШС атқарды. Айта кету керек, округтегі 15 көшенің біреуі облыстық деңгейдегі жол болса, екеуі аудандық деңгейдегі жол, ал 12-сі ауылішілік жолдар. Ауылішілік 12 жолдың барлығы асфальттанған.
-Сонымен қатар, ағымдағы жылы Қарасаз ауылындағы Гагарин көшесіне жарықтандыру жүргізіліп, округтегі 15 көше толықтай жарықтандырылып отыр. Одан бөлек, Қарасаз ауылдық округінің 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспары әзірленіп, бекітілді. Даму жоспарындағы инвестициялық жобаларға сәйкес, ауылдық округтің бес елді мекенінде үш жоба іске қосылды,- деп атап өтті ауылдық округ әкімі.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close