Basty bet

Халықтың тұрмыстық табысын арттыру – биліктің басты бағыты

Кеше аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудан әкімі Олжас Қаржауовтың қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, облыстық және аудандық БАҚ өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.

Кездесуді облыс әкімі Бердібек Машбекұлы ашып, жүргізіп отырды.
Облыс басшысы біріншіден жиналған көпшілікті 14 наурыз – Көрісу күнімен құттықтап, ел-жұртымызға амандық, береке-бірлік тіледі. Әрі қарай сөзін облыста 2021 жылы атқарылған жұмыстармен жалғастырды. Б.Сапарбаев облысымызда өзге облыстармен салыстырмалы түрде әлеуметтік көрсеткіштердің жаман емес екенін айтып, осы қарқынды төмендетпей, халыққа қызмет ету керектігін баса айтты.
-Ең бастысы, халықты уақтылы жарықпен, сумен, жылумен қамтамасыз етуіміз керек. Халықтың жағдайының көтерілуіне жұмыс істеуіміз қажет. Барлық жобалар, бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады,- деді аймақ басшысы.
Бұдан соң аудан әкімі Олжас Қаржауов өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.
-Өздеріңізге белгілі ай басынан барлық ауылдық округтерде халық алдында есеп беріп, көптеген мәселені талқылаған болатынбыз.
Бүгінгі басқосуымыз осы жиналыстардың жалғасы, яғни барша аудан жұртшылығының қатысуымен өткізілетін кеңейтілген 2021 жылды қорытындылауға арналған есебім.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және аудан халқының тыныс-тіршілігіне тікелей әсері бар жұмыстарға қысқаша тоқтала кетуге рұқсат етіңіздер!
2021 жылдың қорытындысымен атқарылған шаралардың нәтижесінде ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының көрсеткіштері толық орындалып, 100%-дан асты,- деді Олжас Қаржауов. – Аудан бюджетінің жергілікті түсімдері мен жоғары бюджеттен алынған ресми трансферттер бойынша есепті мерзімге жоспары 15 194 424,7 мың теңге болса, нақты түсіп отырған соммасы 15 314 963,0 мың теңгені құрады. Орындалуы 100,8%.
2021 жылы барлық мемлекеттік бюджет бойынша бекітілген болжам сомасы 3400,0 млн теңге болса, бюджетке нақты түскені 3608,2 млн теңгені құрап, болжам 106,1%-ға орындалды немесе бюджетке 208,2 млн теңге артық түсті.
Аудан бюджетінің шығысына келсек, есепті мерзімге төлемдер бойынша жоспар 15 625 358,7 мың теңге, кассалық атқарылуы 15 412 728,5 мың теңге, игерілмеген қаржы сомасы 212 630,2 мың теңге мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаржы есебінен немесе атқарылуы 98,6 %-ды құрады.
Ауыл шаруашылық саласы – ауданымызда шығарылған ішкі өнімдегі ауыл шаруашылық саласының үлесі 59,1 пайызды құрап, нақты көлем индексі 36,468 млрд теңгеге жетті. (2020 жылы 35,1 млн теңге, 102,7 пайыз). Орындалуы 101%.
​Оның ішінде егін шаруашылығы бойынша 17,9 млрд (98,0%) 95414 га жер игерілген. (2020 жылмен салыстырғанда 2208 гектарға артық егілді).
​Масақты дәнді дақылдар 39 174 гектарға егілген, (2020 жылы 37 424 га) әр гектардан алынған орташа өнімділік 12,6 цн/га, жалпы түсімі 49 359 тонна дақыл алынды. Оның ішінде: күздік бидай 10 098 га, орташа өнімділік 13,0 цн/га, жалпы түсімі 12 925 тонна. Жаздық арпа 29 076 га, орташа өнімділік 12,5 цн/га, жалпы түсімі 36,434 тонна.
Майлы дақылдар – 22071 гектарға егілген. Өнім 8,7 цн/га құрап, жалпы түсім 19 201 тонна. (мақсары, күнбағыс, соя)
Картоп 2660 га егіліп, 64638 тонна жиналып, орташа өнім 243 цн/га.
Мал азығы 861 га сүрлемдік жүгері, 334 га дәндік жүгері.
3593 га көпжылдық шөп, 5 га таңқурай, бақша 10 га, көкөніс 707 гектарға егіліп, 17887 тонна жиналған, орташа өнім 253,8 цн/га.
Сәбіз 113 га, қияр 53 га, қызанақ 49 га, қырыққабат 271 га, сарымсақ 8 га. Әр дақылдың өзінің беретін 1 га нормасы бар. Мысалы, арпа, бидай 1 га 1,5 тонна өнім берсе 1 га қырыққабат 40 тонна, ал жүгеріден 10 тонна дәнге 100 тонна сүрлемдік алуға болады, осы кезде жер тиімділігін күшейту мақсатында тиімді дақылдардың үлесін жыл сайын көбейтуге жұмыс жасап жатырмыз.
Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, сапалы тұқымдарды егу басты назарда. «Сансызбай» шару қожалығы тұқым шаруашылығының қатарына қосқан болатынбыз, бүгінгі таңда бұл ШҚ сапалы тұқым жасауда. Одан басқа Алматы ғылыми-зерттеу институттары арқылы 85 тонна күздік бидайдың, 40 тонна арпаның және 12 тонна мақсарының элиталы тұқымдары алынып, егілді. Қарағанды облысынан картоп тұқымын да алған болатынбыз, осы жылы Голландиядан алуды жөн көрдік. «Зылиха» ШҚ репродуктор қатарына қосылып, осы жылдың тұқымдарын ауданға тарататын болады.
Минералды тыңайтқыш. (2347 шқ) 318 шаруа қожалық тарапынан 4925,8 тонна минералды тыңайтқыш 36745 гектарға себілген. (Жоспар 121,4%-ға орындалды.) (2020 жылы 3881 тонна алынған).
Ауыл шаруашылығы саласының дамуын техникасыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, бұл сұрақ үнемі бақылауда. Ауданда 1596 дана ауыл шаруашылығы техникалары бар, өткен жылы 1126,4 млн.теңгеге 160 дана жаңа техника алынды, жаңару көрсеткіші 10% құрап отыр. Оның ішінде (1 астық комбайны, 54 дана трактор және 105 дана тіркемелер). Осы жылы да техника сатып алу басты назарда. Жыл басынан 11 техника алынды.
Сонымен бірге екі экскаватор алынған болатын, экскаватормен 2021 жылы ауданда орналасқан 11 каналдың 34 шақырымы тазаланып, 581 аулаға, 126 га бау-бақшаға, 1065 гектарға су қамтамасыз етілді. Аталған жұмыстарға жалпы 47,0 млн. теңге жұмсалса, оның 33,9 млн теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді. Осы жылы да 16 каналға қаражат бөлуге сұраныс құжат өткізген болатынбыз.
Барлықтарыңызға мәлім, аудан аумағында 8 мыңға жуық суармалы жер болса, осы жердің 5 мың гектардан астамы Ақсай және Көксай каналдары арқылы суландырылады. Көксай каналының жалпы ұзындығы 14,5 шақырым. Соның 2,6 шақырымы бетондалды. 1,9 шақырымының бетондалуы осы жылы күтілуде. Ал Ақсай каналының жалпы ұзындығы 12,5 шақырым, оның 3 шақырымы бетондалып, 2 шақырымының бетондалуы күтілуде.
Одан басқа 7 тоған қазылып, нәтижесінде 1065 гектарды суландырған болатынбыз. Осы кезде 2 тоғанды облыстық «Жамбыл су қоймалары» мекемесіне өткіздік.
Бердібек Машбекұлы, Сіздің тапсырмаңызға сәйкес ұңғыма қазатын техника алыну көзделген. Бұл техникамен жылына 50 ұңғыма қазылады, кәсіпкерлермен келісіп жатырмыз, яғни ауданның техникасымен ұңғыма қазылады, ал құбырларды кәсіпкерлер сатып алады. Бұдан басқа Ақтөбе ауылдық округі шекарасынан ақаба суға арналған гидрокөпірлер жасалып, нәтижесінде 250 гектар жер суландырылатын болады.
Су үнемдеу технологиясына байланысты ауданда 31 жаңбырлатып суғару қондырғысы алынған, су үнемдеу технологиясы 2640 гектар жерге орналасқан, жоспардағы суғармалы жердің 31,2% қамтиды,- деді Олжас Қаржауов.
Аудан әкімі бұдан соң мал шаруашылығы және кәсіпкерлік саласына қатысты атқарылған жұмыстар мен мәселелерге тоқталды. Сонымен бірге құрылыс жұмыстарына да кеңінен тоқталды.
-Мемлекеттің қолдауымен ауданымызда қаражаты 1 624,5 млрд.теңгеге 9 объектінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, Нұрлыкент ауылынан 180 орындық мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілсе, Диқан ауылындағы 180 орындық мектеп құрылысы және Алатау ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысы осы жылы пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылындағы орталық алаң маңынан салынып жатқан спорт кешенінің құрылысы және Қайрат ауылындағы Б.Момышұлы атындағы саябақтың жөндеу жұмыстары да биыл аяқталып, ел игілігіне ұсынылады.
Аудандық мәдениет үйіне, Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектепке және Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Б.Момышұлы ауылындағы 18 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, аудан орталығында 2 қабатты 5 тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары 12 млн. теңгеге жүргізілді. Биылғы жылға 20 млн. теңге қаржыны абаттандыру жұмыстарын жалғастыруға бөліп отырмыз.
Ауданда үй кезегінде 500-ге жуық азаматтар бар. Осыны ескере отырып және жастарымыз ауылда қалуы үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынан 60 пәтерлік 10 үйдің құжаттарын рәсімдеп сараптамасы алынып, облыстық басқармаға сұранысқа өткізілген. Аудан үшін маңыздылығын ескеріп, Бердібек Машбекұлы, осы жобаны аудан тұрғындары атынан қолдауыңызды сұраймын,- деді О.Қаржауов.
Олжас Есалханұлы тұрғындарды ауызсумен, табиғи газбен қамту мәселесіне тоқталды.
Мемлекет қолдауымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 2021 жылы 2 елді мекенде, яғни Ертай, Көлтоған ауылдарына кварталішілік газ тарту жұмыстары жүргізіліп, газбен қамтылу үлесі 93,66% құрады. Осы жылы, облыстан 5 елді мекенге 177,4 млн теңге қаржы қаралып, конкурс жұмыстары жүргізілуде. Ауданымызда газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округі ғана қалады, оның өзіне аудандық бюджеттен 30,1 млн теңге қаржы қаралып, ЖСҚ әзірленуде. Осы жылы газбен қамтылу үлесі кемінде 97,7% құрайтын болады. Яғни, үстіміздегі жылы Қаратас, Рысбек батыр, Ақтасты, Қошқарата, Қызтоған ауылдарына кварталішілік газ тарту жұмыстары жүргізіледі.
Аудан басшысы автомобиль жолдары бойынша «Нұрлы жол», «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында атқарылған жұмыстар, сонымен бірге денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, жастар саясатына қатысты атқарылған жұмыстарды баяндады.
Кезек сұрақ-жауапқа берілді.
Блогер Исламбек Дастан Жуалы ауданында 6 индикаторлық көрсеткіш орындалмаған деген ақпарат бар екенін айтып, ол индикаторлардың неге орындалмағанын сұрады. Сонымен бірге облыстық балалар ауруханасынан өз жұмысын дұрыс үйлестіре алмағаны үшін жұмысынан босатылған Батырбек Үсенбаев Жуалы аудандық орталық ауруханасына қалай басшылыққа тағайындалды деген сауалын жолдады.
Бірінші сұраққа аудан әкімі Олжас Есалханұлы ауданда орындалмаған бір ғана индикаторлық көрсеткіш барын, ол егін шаруашылығына қатысты, яғни бұл көрсеткіш өткен жылғы болған қуаңшылыққа байланысты орындалмай қалғанын түсіндірді.
Екінші сұрақ бойынша облыс әкімі айтылған деректі зерделейтінін жеткізді.
Қарабастау ауылының тұрғыны Балғымбек Мұратбаев биыл ауылға газ жүргізілсе деген тұрғындардың өтінішін жеткізді.
Облыс басшысы қаржылық мүмкіндік болса, бұл мәселе келесі жылы емес, биыл шешілетінін айтты.
Облыстық мәслихаттың депутаты, «Зылиха» шаруа қожалығының басшысы Керімқұл Бегалиев ауданда автокөліктердің көбеюіне байланысты аудан орталығындағы темір жол астымен өтетін көпірді кеңейтуге аудан әкімі Олжас Қаржауов біраз жұмыстар атқарғанын айта келіп, облыс әкімінен осы мәселенің шешілуіне ықпал етуін және ауданнан салынады деп жоспарланған көпқабатты 10 үйдің ең болмаса жартысы салынса деген халықтың сұранысын білдірді.
Бердібек Машбекұлы өткен жылы «Қазақстан темір жолы» АҚ есебінен қаладағы темір жол вокзалы жөнделгенін, ендігі жерде Жуалы ауданындағы мәселе де шешімін табатынын, себебі бұл көпірдің тозығы жеткенін айтты.
Тұрғын үй құрылысы туралы мәселе бойынша облыс басшысы Үкіметтің саясаты өзгерейін деп жатқанын айтып, бұл мәселе де басты назарда екенін, шешімін табуға күш салып жатқанын жеткізді.
Аудандағы сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың, шағын цехтардың атынан сөйлеген Әбдібек Пошқаев Жуалыда өндірілген сүт өнімдері елімізде жоғары сұранысқа ие екенін, алайда шикізат жетіспеушілігі мәселесі барын, сондықтан облыс әкімі «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы сауынды сиыр асыраймын деген тұрғындарға төмендетілген пайызбен несие берілсе деген ұсынысын білдірді.
Кәсіпкердің сауалына облыс басшысы сауынды сиыр асыраймын деген шаруаларға мал басына 50 пайыз субсидия барын, бұл мәселе бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінен толық ақпарат алуға болатынын жеткізді.
Сонымен бірге Бәйтерек ауылының тұрғыны Дүйсекүл Құлтаева ауылдық амбулатория Ақтөбе ауылдық әкімшілігінің ғимаратында орналасқанын, бұл жағдай тиісті талапқа сай еместігін айтып, амбулаторияға жеке ғимарат қашан соғылатынын сұрады.
Аудан әкімі аталған ауылдағы амбулатория үстіміздегі жылы салынатын ғимараттардың тізімінде, яғни жоспарда барын жеткізді.
Ал, Күреңбел ауылының тұрғыны Еркебай Нағашыбеков есімді азамат ауылға бағытталған жолды салуды тендерден ұтып алған Сәтбай Қожамқұлов деген кәсіпкердің салған жолының сапасы өте нашар екенін, өкінішке қарай осындай азаматтың «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» тақтасында есімі жазылып тұрғанын, жалпы ауданға еңбегі сіңген іскер басшылардың емес, керісінше талан-таражға түсірген кейбір азаматтардың есімі «Жуалы ауданының Құрметті азамат» тақтасында жазылып тұрғанына қынжылатынын, ел арасында ауданның «Құрметті азаматы» атағы пара беру арқылы да шешіледі деген әңгіменің де барын айтты. Сонымен бірге егін шаруашылығына қажетті тыңайтқыштардың бағасының екі жарым есеге көтеріліп кеткені, мұның өзі азық-түлік бағасына әсерін тигізетінін, сондықтан бұл мәселеге бақылау қажеттігін жеткізді.
Олжас Қаржауов жұмысты сапасыз орындаған мердігерлер екінші рет тендерге қатыстырылмайтынын, ал «Құрметті азамат» атағын беру туралы мәселеде сұрақ қойған азаматты биылғы комиссияның құрамына кіруге шақырды.
Ал, облыс әкімі тыңайтқыш мәселесі тиісті министрлікке де қойылып жатқанын жеткізді.
Қошқарата ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев Ақтасты ауылындағы бастауыш мектептің ғимараты ескі әрі талапқа сай еместігін, ендігі жерде ауылда мектепке деп салынған заман талабына сай жаңа ғимаратты мектепке алып берсеңіздер деді.
Облыс әкімі жаңа ғимараттың құжаттары дайын болса, қаржы бөлінетінін жеткізді.
Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев болса тұрмыс жағдайы төмен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға үкімет тарапынан ғана емес, бақуатты азаматтар тарапынан да көмек болса, мәселен Байзақ ауданында бақуатты азаматтар ұйымдасып, мұқтаж отбасыларға бір сиыр, бес қойдан алып беріпті. Осындай игі іс барлық өңірде қолға алынса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге қоғамдағы, жалпы ұлтымызға қауіп төндіретін маңызды мәселенің бірі – ажырасудың қоғамда көбейіп кеткенін, онымен күресті қоғам болып қолға алмаса болмайтынын айтты.
Көпбалалы ана Ләйла Диқанбаева аудандағы тұрғын үй мәселесі шешімін тапса десе, Нұрсұлу Шынтөреева жеті бала-шағасымен жалдамалы пәтерде тұратынын, отбасының мәселесімен талай есікті қағып жүргенін, басшылардың беретін құрғақ уәдесінен шаршағанын, сондай-ақ, базардағы қант пен ұнның бағасына бақылау болса деген ұсынысын жеткізді.
Облыс басшысы барлық мәселе заң аясында шешілуі қажеттігін ескертті. Ал, аудан басшысы бүгінгі таңда орын алып, алаңдаушылық тудырған қант тапшылығы мен оның бағасына байланысты депутаттар зерделеу жұмыстарын жүргізгенін, өзінің де арнайы дүкендерге барғанын, яғни халық арасында алаңдаушылық бар, алайда қант тапшылығы болмайтынын айтты.
Ал, Жанар Төрткүлбаева сынды тұрғын жас ұрпақ тәрбиесі, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойындағы мәселелер, жұмыс істеуге құлықсыз кейбір жастар туралы ойымен бөлісті.
Кездесуде аудандық билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, тағы да басқа азаматтар сөз сөйлеп, ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұдан соң әлеуметтік желі арқылы түскен сұрақтарға да жауап берді.
Аудан әкімі айтқан №16 Жуалы колледжінде ауданға қажетті, сұранысқа ие мамандықтарды ашу туралы мәселені қолдайтынын жеткізді. «Себебі, сұраныс жоқ мамандықтарды оқыту арқылы жоспарлы түрде қолдан жұмыссыздардың қатарын көбейтеміз» – деді Б.Сапарбаев.
Аймақ басшысы кездесуді қорытындылай келіп, халықты Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтап, сабырлыққа, бірлікке, отаншылдыққа, Мемлекет басшысы айтқан Жаңа Қазақстанды құруға атсалысуға шақырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close