Basty bet

Кәсіптің көзін тапқан жанұя

Күреңбелдік Сапаркүл Бердалиеваның «Қазына» дүкенін ашып, кәсіпкерлікпен айналысып отырғанына төрт жылдан астам уақыт болды. Дүкенді «Қазына» деп атауының да өзіндік сыры бар. Қазақ деген ырымшыл халық қой, соған орай дүкеніміз қазыналы болсын деп ырымдағаны екен. Айтса-айтқандай-ақ, мұнда күнделікті келушілердің де саны артпаса кемімеген. Сонымен қатар, үйдің бір бөлмесіне тауық етін пісіретін аппарат қойып, бүгінде бұл істі де жандандырып, ауыл тұрғындарынан ұдайы тапсырыс қабылдап, кәсібінің нәсібін көріп отыр.

Саудагерлердің адалдығы, ісінің берекетімен көрінеді. «Маңдай термен тапқан нан тәтті» деген мақал кәсіптің адалдығын меңзесе керек. Тиянақты адамның еңбегі де көрікті. Сауданың қыр-сырын меңгерген ол отбасымен ойласа келе, ауыл ішінен өз алдына шағын дүкен ашуды көздейді.
Бүгінде дүкеннің сөрелерінде тұтынушыларға қажетті азық-түлік өнімдерімен қатар, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар да молынан жайғастырылған. Олардың бағасы да қолжетімді. Кәсіпкерліктің көзін тапқан жан еңбексүйгіштігінің арқасында шаңырағының берекесін осылайша кіргізіп отыр. Өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, отбасының тірегі болған жұбайы Өмірбек Бердәлиев те еңбектің адамы.
Сапаркүл апа таңның атысы мен кештің батысы дүкеннің ісін дөңгелетіп отырса, жетпіс жасқа таянған отағасы Өмірбек Бердәлиев құр қарап отырған жоқ. «Нұрәділ» аталатын шаруа қожалыққа басшылық жасап, жылқы малының басын көбейтіп отырған жайы бар. Одан бөлек, ауыл, аудан арасында «батагөй ақсақал» атанған қария аудан орталығында өткізілген батагөй ақсақалдардың байқауында суырылып алға шығып, бас жүлдені қанжығасына салған көрінеді. Ол-ол ма, ауылдағы саябақ біткеннің тал-дарақтарын егуден де алдына жан салмайтын көрінеді. Мұны біз ауылға іссапармен барған күні де өз көзімізбен көріп, тәнті болдық. Саябақта қаз-қатар тізілген жеміс ағаштары көздің жауын алады. Ауыл тұрғындары қандайда бір жеміс ағашын отырғызар алдында ақсақалдан келіп кеңес сұрайды.
Ал, осы ата-әжемен бір шаңырақ астында тұратын, қасиетті қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған ұлы Жанғали Өмірбекұлы ауылдық округ әкімі аппаратының жүргізушісі болса, келіні Гүлбархан Рүстембекова Күреңбел орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
– «Еңбектің наны тәтті» дегендей, отағасы да, мен де құр жатқаннан гөрі еңбектенгенді жанымыз сүйеді. Әйтеуір, балалардың, немерелердің қамын алдымен ойлаймыз ғой. Сондықтан келер ұрпағымыз қиналмай өмір сүру үшін бар жағдайды жасағымыз келеді де тұрады. Қимылдаған адамның қырдан асатынындай атамыз өте еңбекқор болғандықтан, ұл-қыздарды да бейнеттенуге, еңбекқорлыққа баулып өсірдік, – дейді Сапаркүл Шынәсілқызы.
Кәспкерлікке ден қойған отбасының ендігі мақсаты – дүкенді одан әрі кеңейту. Сондай-ақ, алдағы уақытта шағын шайхана, спорт кешенін ашуды жоспарлауда.
«Жатқан адамға жан жуымайды» нақылын ұстанатын бұл отбасының тындырымды тірліктері жұртты сүйсіндірмей қоймайды, әрине. Қай істі бастаса да кәсіптің ебін тауып, барлық істі соңына дейін жеткізгенді жөн санайды.
Қос қария үш ұл, үш қыз өсіріп, ұл-қыздарынан немере-шөбере сүйіп отыр. «Алла қуат берсе әлі де еңбектене түсеміз» дейді олар.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close