Basty bet
Халықтар достығы елді жарқын болашаққа бастайды
Құрметті жұлдызы биік жуалылықтар!
Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Бұл күні біз баға жетпес байлығымызды, туған елдің игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз. Бұл мереке ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасындағы барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбіт өмірдің рәмізі. Ал бейбітшілік пен тұрақтылық және ұлтаралық келісім мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы.
Қазақ қашаннан да бауырмал халық. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерінің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөлісіп жегенін тарихтан білеміз. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері бүгінде көпұлтты мемлекеттің алтын бесігіне айналып отыр.
Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасын бүгінгідей еңселі елге, іргелі мемлекетке айналдыруға үлес қосуда. Төл тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітуге ел болып атсалысуымыз қажет.
Түсіністік пен тұрақтылық – әрбір азамат атсалысып, әркімнің үлес қосуын талап ететін қастерлі құндылық. Осынау ақиқатты қалтқысыз ұғыну Отанымыз – Қазақстан Республикасында ұдайы бейбітшілік пен берекенің салтанат құруына септігін тигізеді.
Қоғамымызда қазіргі кезде қолға алынып жатқан жүйелі жаңғыру үрдістері бірлігіміздің нығая түсуіне ықпал етіп, жаңа белестерді бағындыруға жол ашады деп сенемін. Бүгінде елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанын баршамыз жақсы білеміз.
Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихымен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті.
«Тілі басқа, бірақ тілегі бір» саналатын бір шаңырақ астында жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы – ырысы, байлығы – берекесі болып, татулығы жарасқан ұлттар мен ұлыстардың біздің елде өмір сүріп жатқаны жүректерге сенім, көңілдерге қуаныш ұялатады. Біздің ауданда да бірқатар ұлттың өкілдері бір шаңырақтың астында достық пен өзара түсіністікте ғұмыр кешуде. Халықтар достығы одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін, дегім келеді.
Құрметті жерлестер!
Сіздерге шынайы көңілмен бақыт-береке, ашық аспан, елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, отбасыларыңызға аманшылық пен шаттық тілеймін! Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік орнап, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!
Ізгі ниетпен
Жалғас Мұртаза,
аудан әкімі