Basty bet

«EDISSON BANQUET HALL» банкет залы ашылды

Бүгінде жеке кәсібін ашып, ауданда игілікті істерімен таныла бастаған жастардың қатары артып келеді. Соның бірі – Еділ Әбдіқадыр. Ол Алматы қаласындағы Алматы технологиялық университетінде мейрамхана ісі-мейманхана бизнесі мамандығымен үздік білім алған. Университетте білім ала жүріп қосымша Тараз қаласындағы «Гүлнар» кәсіптік оқыту орталығында үш айлық курстан да өтеді. Сөйтіп «II разрядті аспаз» атанған.
Еділдің ауданда жұмыс жасап жатқанына бес жыл болыпты. Осы жыл төңірегінде аспаз мамандығы бойынша бес оқушыны өз тәжірибесінен өткізген. Екі мектеп түлегі Еділдің жол сілтеуімен мейрамхана ісі мамандығына оқуға түсті. Білікті маман 2023 жылдың мамыр айынан бастап «Қаракөз» мейрамханасында бас аспаз болып жұмыс атқарған.
2024 жылы Еділ Жанәділұлы «Үздік Ресторатор-2024» номинациясымен марапатталды. «Үздік рестаратор» төсбелгісі мен куәлігін иеленді. Жоғарыда аталған мейрамхананы басқара жүріп Еділ той-жиындардың, мерекелік отырыстардың, туған күндердің дастарқанына қойылатын тағамдарға тапсырыс қабылдап, түрлі ас мәзірін дайындаумен де айналысады. Тапсырыс берушінің үйіне барып, асханасын пайдаланып, қонақ бөлмеге әдемілеп дастарқан жаяды.
Өз ісінің шебері көп ұзамай арманына қол жеткізіп, өз жеке кәсібін ашты. Еділдің жаңа кәсіп орны Б.Момышұлы ауылында орналасқан яғни, нысан «EDISSON BANQUET HALL» деп аталады. Ғимараттың ішін заманауи үлгіге сай етіп безендіріп, әсемдік пен әдемілікті үйлестіре білген Еділ Әбдіқадыр аудан тұрғындары мен қонақтарының жанға жайлы демалысы үшін барлық жағдайды жасағанын аңғардық. 100 орынға арналған банкет холл бүгінгі заман талабына сай жасалып, қонақтарды қарсы алуға есігін айқара ашты.
Жаңа нысанға 10 адам жұмысқа қабылданып, іске білек сыбана кіріскен көрінеді. «EDISSON BANQUET HALL» басшысы алдағы уақытта қызметкерлер саны артуының ықтимал екендігін де айтып өтті.
– Туған жерімде осындай банкет холдың болғанын көңілім қалады. Бұл – үлкен еңбектің нәтижесі деп білемін. Алға үлкен сеніммен жұмысты бастап кеттік. Банкет хол келушілерді қарсы алуға дайын. Қызметкерлер жұмысқа тартылып жатыр. Алдағы күндері тапсырыс берушілердің көңілінен шығып, еңбегіміздің жемісін көреміз деген ниетіміз бар,– дейді кәсіпкер.
Сәулеті мен әдемілігі жарасып, ашылу салтанаты өткізіліп, шашуы шашылған жаңа нысанның бой көтергеніне аудан тұрғындары да қуанышты. Заманға сай, көзге тартымды мейрамхана мол табысқа кенеліп, елдің көңілінен шығады деген ойдамыз. Кәсібінен нәсіп тапқан жерлесімізге мол табыс пен жұмысына сәттілік тілейміз!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close