Basty bet
Ветеринария– адамзатты емдейді
Ветеринария саласы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ветеринария қызметінің миссиясы – жергілікті атқарушы органдар құрған ветеринариялық станциялардың қызметтерін үйлестіре отырып, аймақта жануарлардың аса қауіпті ауруларынан эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ветеринария саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру.
Ауыл шаруашылығындағы маңызды саланың бірі – мал шаруашылығы. Бүгінде бұл сала халықты түрлі тағам өнімдерімен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. Ал малдың түрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандардың қызметі ерекше екені айтпаса да түсінікті.
Осы салада табысты еңбек етіп жүрген фельдшер маманының бірі – Қызыр Октар. Ол Түлкібас агробизнес және саяхат колледжін ветеринария мамандығымен тамамдап, қазір Қызыларық ауылдық округінде ветеринариялық фелдьшер болып қызмет етуде.
– Биылға арналған жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы бағытында ветеринариялық іс-шаралардың жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы алдын алу егу жұмыстары мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі. «Ветеринария туралы» Заңның 13-бабына сәйкес жануарлардың жұқпалы емес және инвазиялық ауруларына ақылы түрде қызмет көрсетіледі. Мемлекет қолдауының аясында уақтылы ауруға қарсы екпелер келіп тұрады. Алдын алу жұмыстарының дер кезінде жүргізілуі нәтижесінде ауылдың эпизоотиялық жағдайы тұрақты.
Ауылда мамандарға арналған үш бөлмелі ветеринариялық пункт және қажетті құрал-жабдықтармен, қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілген. Мамандар саны – 5.
Алғашында ауылдық әкімшілік ғимараттың бір бөлмесінде жұмыс жасадық. 2017 жылы жаңа ветеринариялық пункт қолданысқа берілді.
Ауылда 3000 бас ірі қара, 17 мың уақ мал, 1800 бас жылқы тіркелген. Жыл басынан бастап барлық мал басына Сібір жарасына, аусыл, қарасан, пастереллез, түйінді дерматит, сақау, күл, оба ауруына қарсы жоспар бойынша алдын ала екпе егілді және жылқы, сиырдан қан алынып, сарып ауруына қарсы сынама жүргізілді.
Малда жеңіл ауру түрлерінен: шудың түспей қалуы, аяқ жарақаты, мастит кездесіп тұрады. Қазіргі таңда ауылдық округте ауыл шаруашылық жануарлары аса қауіпті ауруларға шалдыққан жоқ.
Биыл тұрғындарға аурудың алдын алу шаралары туралы екі рет ауыл тұрғындарымен ауылдық мәдениет үйінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар малы ауырған жағдайда бірден бізге хабар береді.
Мал ауруын тудыратын себептер негізінен екіге бөлінеді. Оның біріншісі малдың ауруға қарсы тұру қабілетін төмендететін жағдайлар. Оларға малды құнарлы азықтармен жеткілікті азықтандырмау салдарынан болатын белок, майлы, витаминді және минералды заттардың жетіспеуі, малды күтіп-бағу кезінде мал дәрігерлік-зоогигиеналық талаптардың орындалмауы (қораның тарлығы, ластығы, ішкі ауаның тым ылғалды болуы, сол сияқты ішкі ауаның құрамындағы аммиак пен көмірқышқыл газының шамадан тыс көп болуы) жатады.
Аурудың екінші себебіне келсек малдың тыныс алу жолдарындағы тіршілік ететін микробтар (стрептококк, стафилококк, ішек және протеп таяқшалары, вирустар) мал организмінің әлсіреген кезінде патогендік әсер етіп, ауруды қоздырады.
Аурудың алдын алу үшін ең алдымен жаңадан сатып алынған мал туралы иесі ветеринариялық ұйымдарға хабар беріп, АШЖБ (ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру) дерекқорына тіркетуі қажет. Тұрғындарды ауылшаруашылығы жануарларын жеке аулаларда ветеринариялық құжатсыз соймауға, тұтынатын мал өнімдері мен шикізаттарын бейсауат орындардан (сараптамадан өтпеген), жеке аулаларда сойылған малдың жілік еттері, көшеде құжатсыз сатып отырған сүт және сүт өнімдерін сатып алмауға, тек арнаулы сою орындарында ветеринариялық бақылаудан өткен ет, сүт өнімдерін тұтынуға шақырамыз. Екпе жүргізу аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн, – деді ветеринар маман.
Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау – дерттің кең етек алуына себепші болып, мұның салдарынан адамдар ауруға шалдығатынын естерінен шығармаса игі еді.
Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол бермеу керек. Себебі, мұның салдарынан аурудың жаңа ошақтары пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, арнайы орындарда мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Аурудың белгілерін байқаған жағдайда ауру малдар туралы жедел түрде жергілікті ветеринар мамандарға хабарласуға болады.
Ветеринар маман қызметінің тағы бір қыры – ол қауіп-қатермен де жиі бетпе-бет келуінде. Жылдың қай мезгілінде болсын, белгілі бір ауруға шалдыққан төрт түлікті мал дәрігері тексеріп, оған ем-дом шараларын жүргізеді. Кей жағдайларда мамандарға ауру түрін анықтау үшін малдың өлексесімен де жұмыс істеуге тура келеді. Сібір жарасы, туберкулез, бруцеллез, қарасан сияқты аса қауіпті жұқпалы аурулармен күресуге мәжбүр. Аталған ауру түрлері адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екені мәлім. Жалпы ветеринарлардың күнделікті атқарып отырған жұмыстарының маңызы зор, – дейді ветеринар маман Қ.Октар.
Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»