Basty bet
Ауылдың ең сыйлы қариясы
Жалпылама алғанда, қазір арамызда жасы ұлғайып, 80-90 жастан асқан қариялар көп емес. «Қариялар азайып бара жатыр» демекші, өмірде көп қиыншылық көрген, әсіресе, отызыншы жылдардағы қиын өмірді, одан кейін соғыс жылдарын көрген ата-әжелер ауылдарда саусақпен санарлықтай ғана. Көпті көрген, көп жасаған осынау сүйегі асыл жандарға ұрпақтың құрмет көрсеткені дұрыс. Мемлекет те мұндай жандарға қамқорлық көрсетіп, олардың өнегелі өмір жолдарын жас ұрпаққа кеңінен насихаттауда.
Қарияларымыз – қазынамыз. Күреңбел ауылына іссапарлап барғанымызда, ауылдың ең үлкен қариясы, тыл ардагері, бүгінде 98 жастан асқан ақ жаулықты Қаншайым әжеге сәлем беріп, көпті көрген қарияның ақ батасын алған едік.
Иә, бүгінде ғасырға жуық ғұмыр жасап, халықтың, жас ұрпақтың, оның ішінде, өзі тұратын ауыл-аймақтың ақ тілеуі мен тыныштығын тілеп отырған Қаншайым әженің де балалық шағы ел өміріндегі қиын-қыстау жылдарға тұспа-тұс келді. Әжей 1928 жылы Боралдай өңірінде ата-бабаның ескі қонысы болған бұрынғы Қоғалы ауылында туған. Күреңбел ауылына тұрмысқа шығып, осында тұрып, ұрпақ өрбітіп жатқанына да көп жылдардың жүзі болғанын айтады.
Отағасы Сенбек Есмұратов та қиын жылдарда өмірге келіп, қиыншылықты бастан кешкен еңбекқор азамат болатын. Өмір бойы су шаруашылығы саласында жұмыс істеп, содан зейнетке шыққан. 1996 жылы дүние салған екен. Өмірдің ыстық-суығын бірге кешкен ерлі-зайыптылар Сенбек пен Қаншайым екеуі еңбек майданының бел ортасында бірге жүрді. Отағасы да, өзі де колхозда аянбай еңбек етті. Өмірге төрт ұл, төрт қыз әкеліп, оларды жақсы тәрбиелеп, құтты орындарына қондырған ұлағатты ата-ана атанды.
Үйдің үлкені Жаңабай, одан кейінгі ұлдары Сағатбек, Нұрғали және Исағали (кенже ұл), бірі бухгалтер болса, енді бірі елге еңбек сіңірген құрылысшы, оқытушы, ал ендігісі ауылда қалып, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Ал бұл әулеттің қыздарына келсек, Нүрила, Гүлмира, Диляра және Эльмира өмірден өз орындарын тапқан. Қыздарының барлығы білім саласын таңдап, әртүрлі мамандықпен ұзақ жылдан бері ел өңірлерінде ұстаздық етіп жүр.
Қаншайым әженің қолында ең кенже ұлы Исағали мен келіні Жанат тұрып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, олар әжелерін жас балаша күтіп, алақанға салып аялап бағуда. Үлкен үй болғаннан кейін мұнда келетін қонақтардың да қарасы көп. Ауыл-аймақтағы абысын-ажындарының да қатары сиреп қалғандықтан, әженің кейде жалғызсырайтыны бар. Ал ондайда көрші келіндері әженің батасын алу үшін бірі шәйі мен кәмпитін әкелсе, енді бірі иығына ақ орамал жауып, қарияны қуантып, көңілін көтеруді дағдыға айналдырған.
Әулеттің немере-шөберелері жазғы демалыс кезінде Күреңбелдегі қара шаңыраққа келіп, жаз бойы осында демалады. Әрі олар ауылдағы аға-жеңгелерінің шаруасына жәрдем береді. Бұл бір жағынан ауылда таза ауада демалыс болса, екіншіден ауыл еңбегін көріп, шынығып өскен баланың денсаулығы да, дүниетанымы да жақсы болады.
Қиыншылық көріп, қиын кезде өмір сүріп ғасыр жасау кез келген жаннын қолынан келе бермейтіні анық. Қаншайым әженің ұзақ жасауының негізгі сыры еңбек етуде, адамдарға жақсылық ойлап, елдің тілеуін тілеуде жатқаны айдан анық. Бірақ оның еңбектен қажыған жері жоқ. Қайта еңбек пен қиыншылық оның өмірге деген құштарлығын арттырып, шыңдай түсті.
-Әжеміздің құлағы сәл ауырлағаны болмаса, денсаулығы өте жақсы. Есте сақтау қабілеті де қалпында. Өзінің айтуынша, әже бала кезінде тылда еңбек еткен. Ол жылдары соғыстың жүріп жатқан кезі. Ол кезде халықтың бәрі майданға, Жеңіс үшін жұмыс істеген жоқ па?! Біздің әжей де солардың бел ортасында жүріп, аянбай еңбек еткен жан. Тұрмыс құрғаннан кейін де еңбектен қол үзбей келеді.
Менің бұл әулетке келін болып түскеніме де 30 жылдан асып барады. Жалпы әулеттің келіндерінің барлығы әжеден көп ұлағат үйренгенбіз. Ол кісінің өнегесін алғаннан ешқашан жаман болған емеспіз. Әженің ақ батасымен өсіп-өніп, көркейіп келе жатырмыз. Әженің мінезіне келер болсам, бұл кісі өте сабырлы, салмақты қалпынан танған емес. Ешкіммен жүз шайысып көрген емес. Ауыл-аймаққа, көрші-қолаңға өте сыйлы адам. Ауылда бізге туыстық жағынан жақын болып келетін өзімен қатарлас абысыны бар еді. Ол кісі қайтыс болғалы бері әже жалғызсырап қалды. Әженің ақ тілеуімен өсіп-өніп жатқанымызға қуаныштымыз. Жақында ұлымыз Әлібиді үйлендіріп, үйге келін түсіргенбіз. Әжеміз немере келінін көріп, ақ батасын беріп жас балаша қуанды. Көпті көрген қариямыз, қазынамыз аман болсын,- дейді кенже келіні Жанат апай.
Қара шаңырақтың иесі Исағали мен Жанат екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеген. Қыздары Аида мен Ақеркенің бірі кәсіпкер, енді бірі экономист. Ұлдары Әліби Сенбек Алматы қаласының Алатау ауданында Өрт сөндіру бөлімінің бастығы, шені азаматтық қорғау майоры. Жақында Есмұратовтар әулеті Шыңбұлақ ауылындағы ордалы әулеттердің бірі – Ортаевтар әулетімен құда болып, шаңыраққа өнегелі келін түсірді. Жақсы мен жақсының қосылғаны жақсылық емей немене?!
«Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар» деген сөз бар. Ғасырға жуық ғұмырда қаншама қиыншылық көрсе де жақсылық жасаудан танбаған Қаншайым әженің ұлағаты ұрпақтарына, ауыл-аймаққа молынан үлгі-өнеге. Әже өзі өсіріп жеткізген ұл-қыздарынан 23 немере, 48 шөбере және бес шөпшек сүйіп отыр.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»