Basty bet
Елорда – Ел Тәуелсіздігінің тұғырлы тірегі!
Құрметті жуалылықтар!
Сіздерді ел өміріндегі маңызды мемлекеттік мереке – 6 шілдедегі Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын!
«Бағаналы ордам, басты ордам» деп батыр бабаларымыз жырға қосқандай, елордасы қай мемлекет үшін де қастерлі, қасиетті. Қазақстан Республикасының ресми астанасы – Астана қаласы біз үшін осындай тарихи мәнге ие асқақ қала. Елорда – қасиетті Отанның жүрегі, Тәуелсіздіктің тірегі. Егер біз бабалардың қанымен келген Тәуелсіздікті ұлы жетістігіміз деп есептесек, елорда соның ең асқақ жемісінің бірі. Ол – Қазақ деген абыройлы елдің атын асқақтата түскен берік қамал, тәуелсіздіктің символы. Елорда – Отанның жүрегі, бейбіт елдің баға жетпес байлығы.
6 шілдедегі Елорда күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық және тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Қазақстанның тарихындағы жаңа елорданы әспеттеп, ұлықтау арқылы біз еліміздің келешегі – жас ұрпақтың бойына Отансүйгіштік сияқты асқақ қасиеттерді дарытып, қанына патриоттық сезімдерді сіңіреміз.
Сарыарқаның төсінде қасиетті Қазақ Елі Тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қала – Астананың бой көтергеніне де ширек ғасырдан астам уақыт болды. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың бедерінде елорда әлемдегі дәулеті тасып, сәулеті асқан сұлу шаһарлардың біріне айналды.
Елорда – ел тәуелсіздігінің айғағы, айбыны асқан мемлекеттің тұрақтылығы мен экономикалық дамуының символы. Астана әлемдік саяси көшбасшылардың, серіктестер мен инвесторлардың, түрлі конфессиялар мен діндер, мәдениет пен өнер өкілдерінің кездесетін орны болып табылады. Ол – әлемдік құрылыстың жаңа идеяларына негізделген ең батыл сәулет жобаларының іске асатын шаһары.
Елорда күнінің ел өміріндегі маңызы ерекше екені даусыз. Асқақтай бер, бас қаламыз – Астана! Бұл – болашаққа бет түзеген Қазақ елінің бас қаласы.
Жұлдызы биік Жуалы өлкесінің жұртшылығына Елорда күні мерекесінде амандық пен мықты денсаулық, елге тыныштық, халқымызға бақ-береке тілеймін. Еңсесі биік елдіктің мерекесі – Елорда күні құтты болсын!
Ізгі тілекпен, Жалғас МҰРТАЗА,
аудан әкімі