Basty bet

Монтаждау жұмыстары басталды

Соңғы жылдары Боралдай ауылдық округіне қарасты ауыл тұрғындарына ауызсу мен қатар табиғи газ тартылып, тұрмыс жағдайлары едәуір жақсара түскен еді. Атап айтқанда, өткен жылы қазынадан бөлінген қомақты қаражатқа Көлтоған және Ертай ауылдарына жаңадан ауызсу құбыры тартылып, жыл ішінде пайдалануға берілді. Сонымен бірге, 2022 жылдың қарсаңында Ертай ауылында табиғи газдың алауы тұтанып, тұрғындар қуанышқа бөленген еді.
Көгілдір отынмен қамту жұмыстары биыл Рысбек батыр ауылында да жүргізіледі деп күтілген еді. Жобаны жүзеге асыруға қаржы қарастырылып, конкурсқа қойылған болатын. Алдағы уақытта жеңімпаз анықталса, Рысбек батыр ауылында да монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған.
Міне, бұл қуанышты күн де алыс емес екен. Жеңімпаз анықталып, жақында Боралдай ауылдық округіне қарасты Рысбек батыр ауылында кварталішілік газбен жабдықтау желілерінің құрылысы басталды. Тапсырыс беруші “Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Мердігер “SAT Construction” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жоба құны: 34 457,5 мың теңге.

«Жаңа өмір»-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close