Basty bet
Әлем чемпионы ауыл жұртшылығымен кездесті
Еліміздің көк байрағы көкте желбіреп, Мемлекеттік Әнұран шырқалған сәт – әрбір спортшы үшін тек жеңістің емес, ел алдындағы парыздың орындалуы. Бұл – бала күнгі армандар мен жылдар бойы төгілген маңдай тердің жемісі. Қазақстанның туын халықаралық ареналарда көтерген әрбір чемпион бұл сәтті өміріндегі ең қастерлі және жүрек толқытар шақ ретінде сипаттайды.
Еліміздің көк байрағын биікке көтеріп, ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың бірі – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Сәкен Бибосынов. Ол жақында бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы және Вэл Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаевтың туған жері Жуалы ауданына қарасты Бақалы ауылында болып, жас спортшылармен және ауыл тұрғындарымен кездесті.
Спортшыны ауылдың қариялары мен ақ жаулықты аналары, жас спортшылар құшақ жая қарсы алды. Алдымен спортшының құрметіне арналып Бақалы ауылының мәдениет үйінде «Қазақ мақтаныштары – Олимпиада чемпиондарымен кездесу» тақырыбында кеш ұйымдастырылды. Сахнада қос спортшының бейнесі сомдалған үлкен баннер ілінген. Бұл кешке қызмет бабына байланысты Бақтияр Артаев қатыса алмады.
Кеш көркін №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 6-7 сынып оқушыларынан құралған «Атамұра» ұлттық аспаптар оркестрі аша түсті. Оқушылардың орындауындағы «Балбырауын» күйі, 6-сынып оқушысы Дана Зиядханның «Менің әкем» әні және өнерлі азамат Мәлік Мықтыбековтың «Бақалым», «Асыл әжелер» ансамблінің «Теріс аққан», «Әнім сенің едің», Шыңғысхан Ералиевтің «Ауылым» әндері жанды дауыста шырқалып, көрерменнің жүрегінен орын алды.
Іс-шарада сөз алған Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Әмірқұлұлы, Тараз қаласының тұрғыны, ардагер Нұрғали Бұралхиев, Қанат Серпенұлы, ауыл азаматтары Илияс Мамедалиев, Ермек Сейдалиев және Шымкент қаласынан чемпионмен бірге келген қонақтар Бақтияр Молдақұлов, Әлішер Жорабеков және Сәдуақас Бекболатов спортшыға ағалық ақ тілектерін жеткізді.
Кездесуде бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов өзіне көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, жаңа қадам басқан бүлдіршіннің тұсауын кесті.
Әрі қарай ол Теріс ауылындағы еркін күрестен Қазақстан чемпионы, түйе балуан, спорт шебері Нұрсұлтан Райқұловтың шәкірттерімен кездесті. Кездесуде Сәкен Бибосынов спорттағы жүріп өткен жолы, халықаралық ареналардағы тәжірибесі, жеңіс пен жеңілістің мәні, тәртіп пен табандылықтың адам өміріндегі маңызы туралы әсерлі ойларымен бөлісті.
Олимпиада жүлдегері жастарды спортпен тұрақты айналысуға, саламатты өмір салтын ұстануға және алға биік мақсаттар қоюға шақырды. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі шынайы жауап беріп, өз өмірінен мысалдар келтіре отырып, мотивациялық кеңестерін ұсынды.
Кездесу қатысушыларға ерекше рухани әсер қалдырып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырды. Шара соңында Сәкен Исмадиярұлы өскелең ұрпақты қолдау мақсатында ауылдағы спорт мектебіне бокспен жаттығуға арналған қол грушасын сыйға тартты.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”