Basty bet

Әулетіне ибалы, қолы шипалы – Алена

Жуалы ауданы түрлі ұлт өкілдерінің көптен шоғырлануымен ерекшеленеді. Бүгінде олар бірлікте, бір шаңырақ астында айрандай ұйып тату-тәтті өмір сүруде. Тіпті қазақтармен бірге жақын араласып, біте қайнасып өздері де қазақ болып кеткенін көргенде қайран қаласың. Көңіліңе оларға деген жылулық сезімі ұялайды. Расымен қазақ халқы қонақжай халық қой, шіркін!

Қонақжайлық − қазақ халқының ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы. Әрбір қазақ отбасы үшін қонақты сыйлау, құрметтеу, қонаққа ілтипат көрсету − зор жауапкершілік.
Тіпті саяси қуғын-сүргін жылдары кезінде де қаншама отбасы жағдайының мүшкілдігіне қарамастан өзге ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алды, жергілікті ортаға тез сіңісіп кетуге жәрдемдесті. Осы жайлардан-ақ қазақ халқы әлемдегі ең қонақжай ел екенін анық аңғарамыз.
Бүгін біз Қарасаз ауылдық округіне қарасты Көктас ауылдық медициналық пунктінде фельдшер болып қызмет ететін Алена Резниченко туралы әңгімелейтін боламыз.
Қазақшаға судай Алёна Резниченко 1990 жылы Көктас ауылында дүниеге келген. Қарасаз ауылындағы №6 А.С.Пушкин атындағы мектепті бітірген. Тараз қаласындағы Жамбыл медициналық колледжін “Емдеу ісі” мамандығы бойынша аяқтаған.
Өз жұмысын сүйіп атқаратын кейіпкеріміздің Көктас ауылдық медициналық пунктінде фельдшер болып жемісті еңбек етіп келе жатқанына 10 жылдай уақыт болған. Ауыл тұрғындары да сәл ауыра қалса, Аленаның көмегіне жүгінеді. Телефонына да үздіксіз қоңыраудар түсіп жатады. Ауыл азаматтары дәрігерге орысша сөйлеп әуре болмайды, себебі Алена қазақ тілін жетік меңгерген.
Дәрігердің айтуынша, дәрігер болу оның бала кезгі арманы екен. “Мен жұмыс істей жүріп дәрігердің жұмысын және дәрігер қандай болу керек екенін, оларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсіндім. Сондықтан науқас жандарға дер кезінде көмектесіп, олардың ауруынан тез айығуына септігімді тигізгім келеді” дейді ол.
– Қазақ тілін мектеп кезінен білемін. Менің құрбыларым қазақ болатын, сонымен қатар өзіме де қазақ тілінде сөйлеген ұнайтын. Сол себепті, маған қазақ тілін үйрену қиынға соққан жоқ.
Дәрігерлердің жұмыстағы әр күні әртүрлі өтетіндігі белгілі. Жұмысқа немқұрайды қараған дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені, барлық істі аса жауапкершілікпен атқарсаң ғана көңілің тыныш болады. Сондықтан алдыма келген науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге тырысамын. Ауыл тұрғындарына ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керектігін ылғи да айтып отырамыз. Медицинаға қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Еңбегімізге алғысын жеткізіп, ризашылықтарын білдіріп кететін азаматтар да бар.
Менің қаңлы еліне Абдрамановтар отбасына келін болып түскеніме 15 жыл болды. Содан бері ата-енеммен бірге тұрып, келіндік қызметімді атқарудамын. Қазіргі таңда Алла берген Нұрислам есімді ұлымыз бар.
Енем маған анамдай болып кетті, білмегенімді үйретіп, әрқашан қолдау көрсетуге дайын тұрады. Ұлтым орыс болса да, қазақ отбасына келін болу маған ешқандай қиындық тудырған жоқ. Сол себептен де ата-енеме тек алғыс айтамын. “Абысын тату болса – ас көп” демей ме, дана халқымыз. Қазіргі таңда үш абысыным бар. Олар да әрқашан маған қолдау көрсетіп отырады, – дейді Алена Алексейқызы.
Қазақы келін жұмыстан бос уақытында отбасына көп көңіл бөледі. Үйде түрлі тағамдар дайындап, ұлы Нұрисламның сабағына көмектеседі.
Ендігі дәрігердің алдына қойған мақсаты – өз білімін медициналық тұрғыда жан-жақты жетілдіру. Осылайша үлкен медициналық орталықтарда жұмыс істеуді армандайтынын және біліктілікті кеңейтуге және сарапшылармен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік болатынын айтады ақ халатты абзал жан.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close