Basty bet

Домбыра – дархан даланың үні!

«Достық» мәдениет үйінің алаңында 6 шілде – Астана күні және Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – даланың жүрегі» атты мерекелік іс-шара өтті.

Алдын ала дайындыққа сәйкес, «Домбыра – асыл мұра» тақырыбында радиомонтаж беріліп тұрды. Мәдениет үйінің алаңында ауыл тұрғындарының мерекелік концертті тамашалауына қолайлы жағдайлар қарастырылған. Одан бөлек, бір шетте сурет салуға, жалпы балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған алаңдар жұмыс жасауда.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова және әкімдікке қарасты бөлім басшылары қатысты.
Бұл қос мереке шежірелі тарихты ұлықтайтын, елдігіміз бен өнерімізді өрнектейтін ерекше күн! Шілде шуағында шырайлы елордамыз Астананың туған күнімен қатар, Ұлттық Домбыра күні мерекесі халқымыздың рухани тойына айналғаны анық.
Домбыра – қазақ халқының жүрегінен үні үзілмеген, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қасиетті мұра. Домбыра – елдің жаны, халықтың үні, даланың сыры! Оның күмбірінен тарих сөйлейді, елдік естіледі, ерлік ескеріледі! Қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, халықтың жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы-мұңын, қуанышы мен шаттығын жеткізген сенімді серігі.
Мерекелік іс-шара «Қызғалдақ» ән-би ансамблі әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Одан бөлек, шара барысында Астана қаласының туған күніне орай бүлдіршіндер арасында сурет байқауы өткізіліп, байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлық табысталды.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close