Basty bet

Ерен еңбек пен кемел кісіліктің үлгісі

Үнемі елдік мақсат жолында тынымсыз тер төккен жоғары мәдениетті, өрелі, еңбекқор да адал азаматтардың өмір белестері қашанда жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Қасиетті Жуалы жері мақтан тұтар, жас ұрпаққа жол сілтер тұлғаларға бай.

1 қазан – Қарттар күні Жуалы халқы еліміздің мақтанышына айналған аяулы қызы, Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері, “Алтын жұлдыз” және “Отан” ордендерінің иегері, “Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі”, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, “Ы.Алтынсарин”, “Дарын” медалінің иегері Аягүл Миразованың 75 жас мерейтойын атап өтті.
Тағылымды шара Бауыржан Момышұлы мұражайының алаңында ескерткішке гүл қою рәсімінен басталды.
Аягүл Төреқызын аудан әкімі Жалғас Мұртаза мен зиялы қауым өкілдері және білім мекемелерінің басшылары ерекше құрмет-қошеметпен қарсы алды. Жиналған көпшілік Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Батыр рухын бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым етті.
Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Оқу-ағарту ісінің үздігі Әбілқасым Ергебеков ақсақал мерейтой иесіне игі тілегін білдіріп, ақ батасын берді.
Өз кезегінде Аягүл Төреқызы халқымыздың тұмары болған халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының қан майданда Отан үшін жасаған ерлігі мен соғыстан кейінгі жылдары ана тіліміз, діліміз, ұлттық құндылықтарымыз үшін сіңірген еңбегін, жас ұрпаққа айтқан өсиет сөздерін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы керектігін айтты. Сонымен бірге өзінің әкесі Төре соғыста Бауыржан Момышұлының қол астында болғанын, әкесінің Баукең туралы естеліктерін сүйіспеншілікпен айтып отыратынын тебіреніспен жеткізіп, шараға жиналған қарияларды Қарттар күнімен құттықтады.

“Алтын жұлдызды ұстазым!”
Мерейтойға арналған шара аудандық мәдениет үйінің алаңында “Алтын жұлдызды ұстазым!” атты салтанатты шарамен жалғасты.
Салтанатты шараға аудан мектептерінің 11 сынып оқушылары қатысты.
Ортаға Аягүл Төреқызы құрметпен шақырылды. Мемлекеттік Туымыз әкелініп, Әнұранымыз ойналды.
11 сынып мектеп бітіруші түлектер ұлағатты ұстаз Аягүл Төреқызына деген жүрекжарды өлең шумақтары мен ізгі құттықтауларын арнады.
Аягүл Төреқызы да түлектерге деген аналық, ұстаздық ақ тілегін жеткізді.
-Айналайын, жерлестерім!
Мен бүгін ерекше қуаныш құшағындамын. Бүгінгі іс-шара үшін аудан басшысына, жалпы ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, ризамын! Менің еңбек жолымдағы жеткен жетістіктерім барлықтарыңа жұғысты болсын!
Барлық жастың арманы – өмірден адаспай өз орнын табу.
Игілік деген – өзіңнің туған отбасың, одан кейін өзің құрған отбасың. Себебі, сенің тамырың – сонда. Ал, абырой деген – адал еңбекте. Атақ-даңқ деген – бейнетіңнің зейнеті, ол шым-шымдап жинаған еңбектегі абыроймен келеді.
Менің осындай биік дәрежеге жетуіме ата-анам мен ұстаздарымның сіңірген еңбегі зор.
Қолдайтын, қорғайтын, сағынатын елің болған – қандай бақыт! Мен осындай ұйымшыл, өр рухты жерлестеріммен мақтанамын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Бүгін – Қарттар күні. Қазақта “Аталы үй – баталы”, “Қарты бар үй – қазыналы” деген сөз бар. Қариялар жастардың тілеуін тілейді. Олар – тілекшіміз! Сондықтан бүгінгі Қарттар күні мерекесі құтты болсын!
Айналайын, жастар! Бақытты басқа жақтан іздемеңдер! Бақыт – өз еліңде, өз Отаныңда! Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза аталарымыз айтқандай, елді-жерді сүю, оны іспен дәлелдеу, бақытты балалық шақтарыңды бақытты болашаққа айналдыру өз қолдарыңда.
Мен өзімді бақытты ұстазбын деп есептеймін. Себебі, мен “Сіз неге бұлай істедіңіз?” деген реніш сөзді ешқашан естіген емеспін.
Мен үшін әрдайым шәкірттің сүйіспеншілігі, ата-аналардың ризашылығы бірінші орында болды. Сондықтан қай мамандықта болсын өз ісінің майталмандары, ұлағатты ұстаздарымыз көп болсын деп тілеймін!- деді Аягүл Төреқызы.
Ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебеков жиналған көпшілікке ақ батасын берді.
Салтанатты шарада Туымыз шығарылып, Жуалы, ұстаздар туралы әсем әндер шырқалды. Шара соңынан түлектер Аягүл Төреқызымен естелік суретке түсті.

Ғибраты мол шара
Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразовамен жуалылықтар “Жуалының аяулы Аягүлі” атты кездесу кеш аясында кездесіп, аяулы қыздарының әдемі естеліктерін, жерлестеріне деген игі тілегін, тағылымды әңгімелерін тыңдап, ғибрат алды.
Кездесуге келген қонақтар мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары дайындаған “Алтын жұлдызды ұстаз” тақырыбындағы кітап көрмесімен танысты.
Кездесу басталмас бұрын LED- экраннан мерейтой иесінің ата-анасы, туған жері, еңбек жолы, балалық, жастық шағы, бала кезден кітапқұмарлығы, еңбекқорлығы, болмысы, ары мен жанының тазалығы, тектілігі, мән мен мағынаға үйлескен саналы ғұмыры туралы “Жуалының аяулы Аягүлі” атты бейнекөрсетілім көрсетілді.
“Мыңбұлақ” және “Жуалы” халық театрларының әртістері ұлағатты ұстаз туралы театрландырылған көрініс қойып, әншілер “Ұстазым” әнін орындады.
Осындай тебіреністі, әдемі бейнекөрсетілім, әсем ән мен көріністер мерейтой иесіне, жалпы ұстазға деген құрмет-қошеметті одан әрі биіктетіп жібергендей болды.
“Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады” деп бекер айтылмаған. Мұғалім-ұстаздың күнделікті елеусіз еңбегі ертеңгі елді, келешектегі еңбеккерді қалыптастырады. Адамның жаны Алладан болса, болмысы – отбасынан, рухы – мұғалім-ұстаздан.
Ана құрсағынан ұлылыққа дейінгінің бәрі мұғалім-ұстаз алдынан өтеді, барлық тағдырдың іргетасы мұғалім-ұстаз қолымен қаланады, жүрек жылуынан өнеді.
Мерейтой иесін алдымен аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы құттықтады.
-Құрметті Аягүл Төреқызы!
Сіз елімізде алғашқылардың бірі болып Еңбек Ері атағын алған ұлағатты ұстазсыз, “Алтын жұлдыз” және “Отан” ордендерінің иегері, “Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі”, Ы.Алтынсарин медалінің және “Дарын” медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының және Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының, сондай-ақ, Алматы қаласының Құрметті азаматысыз,- деді аудан әкімі. -Сізді Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директорлық қызметін 25 жыл абыроймен атқарған ардақты ұстаз ретінде танимыз.
Бүгінде, Сіздің қоғамда алып отырған мәртебеңіз бен абыройыңыз білімділігіңіз бен өз ісіңізге деген жауапкершіліктің, ерен еңбектің арқасында келгені белгілі.
Сіз дәрігер болуды армандап, бірақ бақытыңызды ұстаздықтан тапқан ұлы тұлғасыз.
Жуалы жұрты Сізді ғұмырыңыздың 50 жылға жуық уақытын ұстаздыққа арнаған “Алтын жұлдызды” ұстаз, адамдықтан аттамай, адалдықтың, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен тұғырлы тұлға ретінде жақсы таниды. Сізді қашанда мақтан тұтады.
Сіз ел алдында қызмет ете жүріп, бір әулеттің алтын діңгегі, аяулы ана, асыл жар, ұлағатты әже болып отырған ізгі жансыз.
Сіздің өміріңіз бен еңбек жолыңыз кімге болса да үлгі-өнеге.
Ұстаздар күні қарсаңында аудан жастарына, ауданның ұстаздарына өсиетіңізді айтып, өмірлік тәжірибеңізбен бөліскеніңізге мың алғыс.
Сізді алда келе жатқан ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, тілеймін, әрқашан да мерейіңіздің арта беруіне тілектеспін!- дей келіп Жалғас Әлижанұлы Аягүл Төреқызына Құттықтаухатын тапсырып, иығына ақ жаулық жауып, қазақы камзол кигізді.
Ізгі тілекті жерлестері, яғни Билікөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов пен ауылдық округ әкімі Еркебұлан Қамбарбеков, Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің директоры Динара Молдабаева жалғастырып, мерейтой иесіне өзінің суреті салынған картинканы тарту етті.
Қазақтың қайсар қыздарының бірі Аягүл Төреқызын Жамбыл облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков те құттықтады.
-Мұғалімнің орны төрде болуы өзіңіздей ұстаздардың жанкешті еңбегінің арқасы. Ал, бүгінгі мұғалімнің орны төрде болуы орта буын, жас буын мұғалімдердің еңбегіне байланысты.
Аягүл Төреқызы, осындай құрмет пен қошеметке ие бола тұрып, қарапайымдылықтың, кісіліктің үлгісін көрсете білгеніңіз бұл сіздің парасаттылығыңызды көрсетіп отыр. Сіздің дара жолыңыз жалғасын таба берсін!- деді Ерұлан Мағзымбеков.
Жуалылық ұстаздардың атынан №1 Балалар өнер мектебінің директоры, суретші Қанат Мұратаев құттықтап, өзінің туындысын сыйлады.
“Әйелдің ең қымбат әшекейі алтын-күміс емес, ол – мінезі. Аягүлде көп адамда кездесе бермейтін мінез бар. Мені өзіне өмір бойы тәнті қылып, оған деген достық сезімім өлең болып төгіліп жатқан себебі де сол.
“Арманым бар, адамдар, білгің келсе,
Қайта айналып жас дәурен бір күн келсе.
Жеті кітапты оқыңдар, келер ұрпақ,
Біз сияқты дос боп жүргің келсе” деп құрбысына арнап жеті кітап жазған жуалылық ақын Жеміскүл Ілгербаева да жан құрбысына игі тілегін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
Көрнекті педагог-ұстаз Аягүл Төреқызы кездесу барысында жүргізушілердің сұрақтарына жауап беріп, педагогтық тұлға жайлы ақыл-кеңесімен, есті естеліктерімен бөлісті.
-Туған жерге деген сағыныш адам бойына ерекше сезім сыйлайды.
Мен жас кезімде туған ауылыма келіп мұғалім болып еңбек еттім. Ұстаздарым Сайлаухан Слямханов, Мамыт Айжанов ағаларымнан көп тәлім алдым. Сайлаухан ағайымыздың балаларға сабақ беруі, ата-анамен сөйлесуі, жеке басының кісілігі бәрі маған үлкен мектеп болды. Сондай ұстаздардан тәлім алған менің жаман мұғалім болуға хақым да жоқ еді. Еңбек етсең, айналаң еңбегіңді бағалап, көрсете білсе, ол – бақыт.
“Дау көп жерде – жау көп” деген. Әрбір отбасындағы қазыналы қарияларымыз жастарға бағыт-бағдар беріп, артық кетсе жөнге салып отырса, жаман болмаймыз.
Қазір есепсіз сөйлейтін адамдар көп. Әлеуметтік желіні шектемейінше, жағдай түзелмейді. Интернеттен жас ұрпаққа үлкен қауіп-қатер төніп тұр. Мұндай ақпараттық соғысты тек ұйымшылдықпен ғана жеңеміз. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарамайық. Балалар аман болсын! “Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін” аналарымыз көп болсын!
Баланың қай жерде оқығаны маңызды емес, кім оқытқаны маңызды. Жас ұрпақтың келешегі үшін ата-ана мен мұғалім бір болыңыздар. Бір-бірлеріңізге көмекші, сырлас болыңыздар. Кінәні біреуден емес, өздеріңізден іздеңіздер,- деді Аягүл Төреқызы.
Ұлағатты ұстаз аудан әкімі Жалғас Әлижанұлына аналық жүрегімен, ықылас-ниетімен арнайы алып келген естелік сыйлығын табыстады.
Аягүл Төреқызы мен аудан әкімі Жалғас Мұртаза бір топ ұлағатты ұстаздардың кеудесіне “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісін тақты.
Әсерлі, ғибраты мол кештің ажарын “Қызғалдақ” ән-би ансамблінің әншілері орындаған әсем әндер аша түсті.
“Аягүл” балабақшасының жұмысымен танысты
Аягүл Миразова түстен кейін аудан орталығындағы “Аягүл” бөбекжай-балабақшасына барып, балабақшаның жұмысымен танысты.
Балабақша 2014 жылы 2 желтоқсан күні ашылған. Заман талабына сай соғылған зәулім балабақша 280 балаға арналған. Бүгінде балабақшада 12 топ жұмыс жасайды.
Балабақшаның жұмысымен меңгерушінің уақытша міндетін атқарушы Құрманай Әскерқызы таныстырды.
Аягүл Миразова топтарды аралап, тәрбиешілердің жұмысымен танысты. Бүлдіршіндерді әңгімеге тартып, оларға тәттілер таратты.
Асханадағы аспаздармен кездесіп, бүлдіршіндердің дамуында тамақтың рөлі үлкен екенін, сондықтан тамақты шын ықыласпен әрі дәмді жасаудың маңыздылығын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Балабақшаның құрметті қонағына сонымен бірге дәліздегі ұлттық құндылықтар бұрышы мен Аягүл Төреқызына арналған бұрыш таныстырылды.
Акт залда балабақша педагогтарымен кездесіп, игі тілегін жеткізді.
-Балабақшаларыңыз тамаша, кең екен. Осындай тамаша жерде жұмыс та жақсы болуы керек. Балалар осы балабақшаға келгісі келіп, асығып тұруы, ата-аналар балаларын осы балабақшаға бергісі келіп, еңбектеріңізге риза болуы сіздердің білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізге, еңбектеріңізге байланысты. Баланы күліп қарсы алып, күліп шығарып салу керек.
Тәрбиешінің жұмысы өте қиын. Біреудің еркесі, біреудің бұзығы дегендей бәрінің тілін тауып, тәрбие-білім үйрету оңай емес.
Білімді, мінезге бай болыңыздар. Білімді, бірақ мінез нашар болса, онда білімнен пайда жоқ. Білімге мінез сай болуы керек.
Қазақ ар-ұятты жоғары бағалаған халық. Балаларымызға кішкентайынан ар-ұятты, ұлтымызға тән қасиеттерді бойына сіңіре білуіміз қажет.
Еңбектеріңіз жанып, лайықты бағалана беріңіздер!- дей келіп, Аягүл Төреқызы балабақшаға қаржылай сый жасады. Алдағы уақытта да қолдан келген көмегін аямайтынын жеткізді.
Тәрбиешілермен кездесуде ақын құрбысы Жеміскүл Ілгербаева да сөз сөйлеп, Аягүл Төреқызына арнап жазған жеті кітабын балабақшаға сыйға тартты.
Аягүл Төреқызы замандастарымен кездесті
Жерлесіміз Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, Алтын жұлдызды ұстазға арналған іс-шара аудандық мәдениет үйінің кіші залында ұйымдастырылған Қарттар күніне арналған “Ақыл кенін арқалаған – қазына қарияларым!” атты шарамен қорытындыланды. Мерекелік шараға әр ауылдық округтен түрлі сала ардагерлері қатысты.
Іс-шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, сөз кезегін Аягүл Миразоваға берді. Аягүл Төреқызы жерлестері мен замандастарын мерекемен құттықтап, игі тілегін білдірді. Шараға жиналған ақ жаулықты аналарға ықылас гүлін тапсырды.
Көлтоған ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз, ақын Әлия Жақсыбекова Аягүл Төреқызына арнаған өлеңін оқып берді.
Қарияларды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова да құттықтап, ардагерлердің ауданның қоғамдық өміріндегі белсенділіктері мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектері үшін алғыс білдірді.
Бірқатар белсенді ардагерлерге аудан әкімінің Алғысхаты мен сыйлықтар тапсырылды. Марапаттарды Аягүл Төреқызы өзі табыстады.
Шара соңынан республикалық “Ақ бата” байқауының жеңімпазы Сейітқазы қажы Медетбеков бата беріп, барлығы естелік суретке түсті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close