Basty bet
Сапалы автожол – өңір тұрғындарының игілігі
биыл ауданда 42 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнайтын жылсайынғы Жолдауларында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Бұл жұмыстар аудан көлемінде де тиісті деңгейде атқарылуда.
Бүгінгі таңда аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 561,2 шақырымды құрайды. Оның 58,1 шақырымы республикалық маңызы бар автомобиль жолы. Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 132 шақырымды құраса, оның бүгінгі таңдағы қанағаттанарлық жағдайы 93 пайызды құрап отыр. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 108,12 шақырым. Бұл жолдың да қанағаттанарлық жағдайы облыстық мәндегі жолға тең. Ал ауылішілік автомобиль жолдарының ұзындығы – 263 шақырымды құраса, оның қанағаттанарлық жағдайы 68 пайыз болып отыр.
Ауданның автомобиль жолдарын жөндеуге қатысты мәліметтерді сөйлетсек, өңірде 2024 жылға мемлекет қазынасынан жалпы 1,1 млрд теңгеге қаралып, бұған 40 жобаның аясында барлығы – 44,66 шақырым автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, аудандық мәндегі автожолдар – «Шақпақата-Ынтымақ-2,73 шақырым» және «Ертай ауылына кіре-беріс-2,190 шақырым», сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында 755,0 мың теңгеге барлығы – 28 жобамен 28,38 шақырым автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілгені белгілі. 2025 жылға жалпы ел қазынасынан – 2,77 млрд теңгеге 15 жобаның аясында барлығы – 42 шақырымды құрайтын автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жоспарланып, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруды назардан тыс қалдырмауды тапсырғаны белгілі. Президент ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, оған қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын.
Жол – экономиканың күретамыры. Бұл бағытта қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар баршылық. Соның бірі – «Нұрлы жол» бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша 2023 жылы аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізуге үш бірдей жол енген. Оның жалпы ұзындығы – 26,49 шақырымды құрайды. Атап айтсақ, алдыңғы жылы Шыңбұлақ ауылындағы 7,6 және «Күйік-Теріс-Ащыбұлақ» бағытындағы 10,63 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ал 2024 жылы «Б.Момышұлы-Береке-Жүрімбай» бағытындағы 8,26 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Өткен жылдың қортындысымен аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі жоспар бойынша – 97,7 пайызға жетті. Жыл өткен сайын өңірде жол құрылысы осылай қарқын алатын болса, қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі белгіленген межеден әлдеқайда асып жығылатынына күмән болмаса керек…
– Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан ауылішілік жолдарға қатысты сын-ескертпелер көп айтылуда. Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, жаңаша бағытта жұмыс істеуді қолға алдық. Атап айтар болсақ, алдыңғы жылдары 40 ауылішілік көше жолы жөнделген болатын. Өткен жылы ауылішілік жолдар бойынша 15 жоба қолға алынып, 19,3 шақырымды құрайтын 22 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді. Бұл жобалардың 13-і жергілікті бюджет есебінен, ал екеуі «Ауыл – Ел бесігі!» жобасының аясында жүзеге асырылды. Сөйтіп, өткен жылдың қорытындысымен ауылішілік автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі – 75 пайызды құрады,- дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров.