Basty bet
Өңір спорты дамудың даңғыл жолында
Бүгінде спорттың серпінді дамуында ауданның алар орны айрықша. Жуалылық спортшылар байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғап, өңір атын әлемге танытуда. Соның ішінде, күрес түрлері мен бокс спорты бойынша бәсіміз биік. Футзал, волейбол және ұлттық ойын көкпардан да жетістігіміз ауыз толтырып айтарлықтай. Әрине, мұндай жемісті жетістіктердің артында ауданның спорт саласы мамандары мен бапкерлер қауымының ерелі еңбегінің жатқандығын тілге тиек етпесек болмас.
Тәуелсіздіктің таңы атқан 30 жылдан бергі уақыт ішінде елде бұқаралық спорт түрлерін дамыту жолында көптеген жұмыс атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында да бұқаралық спортты дамыту мәселесіне баса назар аударған болатын.
Осы ретте аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Дулат Оспановпен тілдесіп, бір жылда бағындырған белесті бағамдадық.
– Осынау ауқымды міндетті ауданда жүзеге асыру аясында 2021 жылы «Бұқаралық-спорттық шаралар өткізу» орталығы құрылған болатын. Орталықта 16 спорт нұсқаушы қызмет атқарады. Бүгінде орталық басшысы Жандос Баетов.
2024 жылы саламатты өмір салтын насихаттау және халықты дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту мақсатында 219 спорттық іс-шара өтті. Ал 2025 жылға 285 іс-шара ұйымдастырылып, өткізілуде. Соның ішінде аудан көлемінде 6 – чемпионат, 1 – халықаралық, 4 – республикалық жарыс, 213 – аудандық турнир және басқа да спорттық іс-шаралар жүзеге асырылып, жалпы спорттың 28 түрі бойынша өткізілген ауқымды шараға 15 478 адам тартылды.
Мәселен, жасөспірімдер арасында «Көше ойындары», дзюдо, волейбол және футзалдан аудандық, шахмат және тоғызқұмалақтан облыстық турнир, ардагерлер және ұстаздар арасында спартакиада, мекеме қызметкерлері арасында шағын футболдан «Qyzmet Cup» чемпионаты, таэквондодан «Jualy CUP» ашық турнирі, жастар арасында көкпар, аударыспақтан чемпионат және бокстан аудандық ашық турнир мен біріншіліктерді атап өтуге болады,- дейді бас маман Дулат Оспанов.
Соның тізбесінде халықты жалпы спортқа тарту жоспары төрт бағытқа негізделген. Бірінші, саламатты өмір салтын насихаттау. Екінші, жыл соңына дейін аудан тұрғындарын 90,5 пайызға спорттық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету. Үшінші, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарын арттыру. Төртінші, спортқа құмар жастар (14-18 жас) санын көбейту.
Өз кезегінде халықты саламатты өмір салтын ұстануға бейімдеу мақсатында аудан тұрғындарының қатысуымен ауқымды спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, мұнан өзге, өңірге танымал спортшылардың жастармен кездесуін өткізу жұмыстары жүргізілмек.
Бас маманның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысында аудандағы дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 22 мың (41,3%) адамды құраған. Қазіргі таңда дене шынықтыру және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ мүмкіндігі шектеулі адам саны – 887, ал оның 185-і спортпен шұғылданады. Ал 14-29 жас аралығындағы спортпен шұғылданушы жастар саны – 8 146. Жалпы аудандық 3 спорттық кешенде 2 000 жас шұғылданып, 54 жаттықтырушы оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Онда балалар мен жасөспірімдер спорттың 11 түрі бойынша жаттығады.
Меженің орындалуына, оның ішінде спорт нысандарының құрылыс жұмыстарына келер болсақ, 2024 жылы Ертай ауылында облыстық бюджет есебінен, құны – 455 418,0 мың теңге құрайтын спорт кешені, ал Тасбастау, Диқан, Бақалы, Ақтөбе және Талапты ауылдарында аудандық бюджет есебінен футбол алаңшалары, Нұрлыкент ауылында демеуші есебінен (Бурное-Солар) құны 37 000,0 мың теңгені құрайтын волейбол және футбол алаңшалары салынды.
Ал 2025-2027 жылдары Нұрлыкент, Бәйтерек, Шақпақата, Күреңбел, Көлбастау және Қарабастау ауылдарына спорт кешендері, ал Шыңбұлақ, Қоңыртөбе, Сұрым, Жұрымбай, Ынтымақ, Т.Дүйсебайұлы, Қызтоған, Ақтасты және Қосбөлтек ауылдарында заманауи алаңшалар салу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда ауданда барлығы 163 спорт нысаны бар, оның ішіне 1 стадион, 3 спорт кешені, 12 футбол алаңы, 101 спорттық алаңша және 46 спорт зал кіреді.
Осы тұста, өркениетті елдер мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөле отырып, өз спортшыларының өнерін жетілдіруде әрі жарыстарда жеңуін қалап, жанкүйер болуындай, қасиетті Жуалы өңірі де талай тұлпарды топқа қосып, сан сұңқардың қанатын қатайтып, спортқа жіті көңіл бөліп жатқандығы белгілі. Өзгесін айтпағанда, өңірден түлеп ұшқан бірқатар спорт саңлақтары Олимпиада, Халықаралық одан қала берді Әлемдік жүлделерді қоржынға түсіргені тағы бар.
Атап айтар болсақ, Рахат Қалжан еркін күрестен Азия чемпионатының қола жүлдегері, Әділет Ратаев қол күресінен қос қолдан Әлем кубогының чемпионы, Әбдірәсіл Әбдіманапұлы футзалдан Қазақстан кубогының чемпионы, Бейбарыс Әшірбай бокстан Әлем кубогының қола жүлдегері атанса, былғары қолғап шеберлері Карина Дауылбай, Қымбат Бердіқұл халықаралық турнирде топ жарған болатын. Бұл тек бір бөлігі ғана.
Иә, бір жылда бағындырған белес бір төбе. Жуалылық сайыпқырандар аймақ спортының өркендеуіне үлкен үлес қосуда. Алдағы уақытта өңір спортшыларының бұдан да биік шыңдарды бағындыратынына сенім мол.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»