Basty bet
Халықты береке-бірлікке үндейтін қасиетті мереке
Құрметті Жуалы жұртшылығы!
Қадірлі жамағат!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті де ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Осынау қасиетті күні тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Асыл дініміз – Ислам мен халық салт-дәстүрлері сабақтастығының алтын арқауын бекемдеп, ұлттық-рухани құндылықтың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі мұсылман әлемінде алатын орны ерекше.
Құрбан айт – Қазақстан халқын бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейтін ерекше мереке. Бұл мереке имандылық пен парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімділікті дәріптеп, жақсылыққа жол ашатыны сөзсіз.
Құрбан айт – ізгілік пен мейірбандылықтың, жақсылық пен қайырымдылықтың мейрамы. Бұл күні жүрегіне иман ұялаған әрбір адам жақсы амалдар жасап, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қуаныш сыйлауға тырысады.
Ислам діні сан ғасырлардан бері бейбітсүйгіш еліміздің рухани тірегі болып келеді. Халқымыз асыл діндегі Жаратушы Иеміз белгілеп берген ізгілікті мереке – Құрбан айтқа айрықша дайындалып, оны көпшілікпен бірге атап өтеді. Халық береке мен бірлікке бастаған бұл мереке көпшілікті бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайын-туыс пен көрші-қолаңның арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман қауымы құрбан шалып қана қоймай, Ұлы Жаратушы Алла тағалаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығы мен рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.
Қадірлі ағайын!
Баршаңызды әлемдегі күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, әрбір отбасына иман байлығын, елімізге тыныштық және амандық пен өсіп-өркендеу тілеймін!
Айт қабыл болсын!
Ізгі тілекпен,
Жалғас МҰРТАЗА,
аудан әкімі