Basty bet
Жуалыда қалың қар жауды
Қыс қаһарына мініп, соңғы күндері аудан аумағында қалың қар жауды. Апта ортасында жауған нөсер жауынның соңы қалың қарға ұласып, аудан жұртшылығы әбден әбігерге түсті. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, кеше жауған қардың қалыңдығы аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында 60 сантиметрге дейін жеткен. Бұл – биылғы қыс маусымындағы ең мол қардың түсуі ретінде тіркеліп отыр.
Сонымен қатар, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары ауа райының қолайсыздығына байланысты аудан тұрғындарын алыс жолға шықпауға шақыруда. Қазіргі таңда “Алматы-Ташкент-Термез” автожолының 536-593 шақырымында жүк көліктері мен қоғамдық көліктері үшін шектеулер қойылған.
“Алматы-Ташкент-Термез” республикалық мәндегі автожолда екі жолда қалу оқиғасы тіркеліп, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерінің күшімен бес адам құтқарылған. Яғни, бұл оқиғалар республикалық мәндегі автожол бойындағы Теріс-Ащыбұлақ және Қарасаз ауылдарының маңында орын алған. Бүгінгі таңда ауа райының қолайсыздығына байланысты аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жеке құрамы күшейтілген режімде жұмыс атқаруда.
Ал, аудан әкімінің білім бөлімінің мәліметінше, балалардың қауіпсіздігі үшін 2026 жылдың 12 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты (ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 27 қарашадағы №349 бұйрығының негізінде) білім беру мекемелерінде оқу процесі қашықтықтан (онлайн формат) ұйымдастырылды.
Таңертеңнен бастап коммуналдық сала қызметкерлері жолдарды қардан тазалау жұмыстарына кірісті. Қар тазалау жұмыстарына жауапты “Жуалы-Су” мекемесінің қызметкерлері жұмылдырылып, аудандық және облыстық мәндегі жолдар мен ауылшілік көше жолдары қардан тазартылуда. Қар тазалау жұмыстары 10 бірлік техниканың күшімен атқарылуда. Арнайы техникалар орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың маңын тазалап, көлік қозғалысының қалыпты жүруін қамтамасыз етуде. Алайда, кейбір ауылішілік көшелерде қозғалыстың уақытша қиындағаны байқалады. Яғни, тұрғындар тарапынан да қар тазалау жұмыстарына деген наразылық туындауда. Дегенмен ауданда қалың қардың түсуіне байланысты коммуналдық қызметкерлер жолдарды тазалап үлгермей жатқанын айтып, тұрғындарды сабырға шақыруда.