Basty bet

Өңір тарихының өткені мен бүгінінен сыр шертеді

Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейі Б.Момышұлы ауылының Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан. Бұл аудандық тарихи-өлкетану мұражайы 2018 жылы 29 қыркүйек күні Жуалы ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай тарту ретінде ашылған. Содан бері аталған музейде ауданның терең тарихына қатысты көптеген құнды жәдігерлер жинақталуда. Өткенсіз болашақ жоқ. Бұл бір жағынан жас ұрпақтың өткен тарихқа деген құрметін арттырып, болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізетіні анық.
Музей ғимаратының жалпы ауданы 3 03,2 квм құрайды. Экспозициялық залдардың саны – үшеу. Олар – «Тарихи-археологиялық» зал, «Рухани жаңғыру» залы және «Батырлар» залы.
Музей жұмысына толығырақ тоқталатын болсақ, бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейіне қойылған жалпы жәдігерлердің саны – 3 520-ны құрайды. Қасиетті Әулиеата топырағы, оның ішінде, Жуалы ауданы тарихының тереңде жатқанын ескерсек, музей қоры әлі де құнды жәдігерлермен толыға түсетініне ешқандай күмән жоқ.
Аталған музейдің бірінші үлкен тарихи-археология залында адамзат баласының алғашқы қоғамдастық дәуірінен Қазақ хандығы кезеңінің аралығындағы жәдігерлер жинақталған. Олар полеолит дәуірінде қолданыста болған ежелгі тас құралдарынан бастап, орта ғасырлардағы Жуалы аймағындағы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шавғар, Баркуаб, Шақпақ, Қырықкүрзі қалашықтарынан табылған тарихи жәдігерлер келушілердің назарына ұсынылады.
Негізінен алсақ, қасиетті өңірге қарасты Билікөл, Шақпақ және Қошқарата аймақтары тарихи жәдігерлерге өте бай мекен саналады. Аталған өңірлерде әлі де зерттелмеген мол мұраларды анықтап, жинақтап, жас ұрпаққа жеткізу, көппен бөлісу – мұражай жұмысының басты бағыттарының бірі. Мысалға алатын болсақ, Қошқарата өңірінің ежелгі бір атауы «Ордақонған» деп аталған. Ол жерде де ежелгі тарихтың іздері сайрап жатыр. Бұл алдағы уақтытта ел тарихын терең зерттеушілер мен археологтарға үлкен жүк әрі жауапкершілік.
Музейдің «Рухани жаңғыру» аталатын екінші залында Жуалы ауданының құрылу тарихы, мемлекеттік тізімге енген тарихи-мәдени нысандар, аудан аймағындағы киелі орындар туралы витриналар қойылған. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, ұлттық ойындар мен ұлттық қолөнерді насихаттайтын жәдігерлер орын алған.
Үшінші Батырлар залында Ұлы Отан соғысының батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері және Жуалы ауданынан шыққан генералдардың портреттері мен өмір және еңбек жолдары туралы мәліметтер берілген. Қазіргі таңда Батырлар залында Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқандар туралы материалдар және Жуалы ауданының түрлі салада жетістіктерге жеткен белгілі тұлғалар туралы мәліметтер мен тың деректер жинақталу үстінде. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтарына сол бір сұрапыл жылдары майдан шебінде ел қорғаған аталары туралы қолдағы бар материалдарын өткізуге немесе ұсынуға мүмкіндіктері бар екенін айтқымыз келеді.
Осы орайда аудан әкімі Жалғас Мұртазаның бастамасымен Жуалы ауданының 95 жылдық мерейтойына орай «Жуалы – генералдар ұясы» деп аталатын кітапты жарыққа шығару жайы жан-жақты ойластырылуда. Ондағы мақсат – осынау даңқты өңірден шыққан генералдардың өмір жолдарын, батырлық, ерлік даңқтарын және көзсіз ерліктерін көпшілікке насихаттау.
Тарихи-өлкетану музейінің қызметі негізінен жас ұрпақты елжандылыққа, өзінің туып-өскен өлкесінің бай мұрасын танып-білуге, туған жерінің тарихы терең аймағының ерекшеліктерін тануға, қастерлеуге тәрбиелеуге бағытталады. Жыл санап елімізде тарихи жәдігерлерді, ата-бабалардың көзіндей болған мол мұраны саф алтындай сақтау мақсатында мұражайда өз ісінің білгірлері, тарихшылар, мұражай ісінің мамандары өз жұмыстарын барынша тиянақты әрі тыңғылықты атқару үстінде.
Қазіргі таңда аудандық тарихи-өлкетану музейіне Ерғали Тілеубеков басшылық етуде. Мекемеде 12 қызметкер жұмыс істейді. Олар өз салалары бойынша осында келуші азаматтарға барынша құнды әрі тарихи мәліметтерді түсіндіре отырып, тың мәліметтерді ұсынады. Мұражайда мектеп оқушыларынан бастап, шет елдерден келуші қонақтарға дейін тарихы терең Жуалы өңірінің мол мұрасын танып білуге жағдайлар жасалған.
Тарих – біздің мұрамыз, барымыз, ертеңіміз. Оны сақтауға барша адамзат жауапты. Тарихшы, өлкетану ісінің білгірі, ауданның Құрметті азаматы Дәулетжан Байдалиев мұражайда жинақталған аудан тарихына қатысты мол мұраның өскелең ұрпаққа аманат екендігін жеткізді.
Оның тарихты зерттеп, танып-білуге деген құштарлығы бала кезден қалыптасқандықтан, ол балбалтастарды, қорымдарды, петроглифтерді, қыш-құмыраларды, сондай-ақ тарихи маңызы бар деген құнды дүниелерді іздеп тауып, оның қай жерлерде екендігін анықтауда сапалы әрі тыңғылықты еңбек етумен келеді. Ауданнан өлкетану мұражайын ашу туралы ойы ең алғаш №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда ұстаздық етіп жүрген жылдары туған. Аталған мектепте тарихи жәдігерлерді сақтайтын шағын мұражайдың негізін қалаған да осы азамат болатын. Ардагер ұстаздың бұл игі бастамасы ауданның 90 жылдығының қарсаңында жүзеге асқаны жақсылықтың нышанындай сезіледі.
-«Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жерге туыңды тік!» жобасының аясында алғаш рет тарихи-өлкетану мұражайының мол мұрасы көрмеге қойылып, ауданның ежелгі тарихына деген көптің қызығушылығы және ықыласы мен құрметі одан сайын арта түсті. Тарихи-өлкетану музейі осылайша облыстық және республикалық деңгейлерде жүлделі орындардан көріне білді. Жібек жолының біздің өңірдің де бойымен өткені жасырын емес. Маймақ, Күркіресу маңында Шақпақ қалашығы қалған. Ол жерде де құнда дүниелер табылған. Әлі де зерттелмеген дүниелерді анықтап, шығарсақ деген жоспар бар. Берікқара және Қаратас маңынан петроглифтер табылған. Онда түрлі жан-жануралардың, күнделікті тұрмыс-тіршілігі тасқа бейнеленген. Алдағы жоспарымыз – мұражай маңына түрлі балбалтастар мен тарихи дүниелерді қою және келушілерді өңір тарихына қызықтыратын және көзтартарлық әсем кейіпке айналдыру,- дейді өлкетанушы Дәулетжан Жамалбекұлы.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар еліміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзбей жалғастыру, жас ұрпаққа мұра. Өңірдің тарихы мен өткенін жас ұрпақ мәңгі жадында сақтауы тиіс» делінген.
Тарихы терең Жуалыдай шежірелі өңірдің ежелгі тарихымен танысқыңыз келсе немесе құнды жәдігерлерді тамашалаймын десеңіз, осында келулеріңізге болады.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close