Basty bet

Құрылыс нысандарын қадағалау қажет

Өткен жұма күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудандағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, сапасына бақылау жасады.

Алдымен аудан орталығынан салынып жатқан спорт кешенінде болып, құрылыс барысымен қанықты. Сонымен қатар, өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Б.Момышұлы ауылында 18 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілген болатын. Бұл жұмысты мердігер «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қыркүйек айында бастап, желтоқсан айында аяқтады. Үйдің мердігері «Бином» ЖШС мекемесімен 191,5 мың теңгеге келісімшарт рәсімделіп, бүгінде құрылыс жұмыстары 100 % орындалған.
Аудан басшысы қазіргі таңда құрылысы аяқталған үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйге барып, жаңа баспананың жағдайын көрді. Ондағы бірқатар кемшіліктерді анықтап, аудан әкімдігіне қарасты сәулеті, қала құрылысы және құрылыс бөлмінің басшысы Нұрсұлтан Саурбаевқа нақты тапсырмалар жүктеді.
Одан бөлек, Диқан ауылының шыға берісінен орын алған 180 оқушыға арналған үш қабатты №27 Диқан орта мектебінің құрылыс барысын өз көзімен көріп, жай-күйін бағамдап қайтты. Айта кету керек, бүгінде аталған мектептің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған.
Бұдан соң аудан әкімі Ж.Мұртаза Қайрат ауылындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №2 Мыңбұлақ орта мектебіне атбасын бұрды. Мұндағы жөндеу жұмыстарының тым баяу жүргізіліп жатқанын көрген аудан әкімі аудандық білім бөлімінің жауапты мамандарына анықталған олқылықтарды тез арада қалыпқа келтіруді тапсырып, жөндеу жұмыстарына қосымша күш шақыру керектігін жеткізді.
Аймақ басшысы Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылындағы жаңадан бой көтерген №23 Алатау орта мектебімен және Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылындағы №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына да шолу жасады.
Қараша халыққа қашанда қамқор болып, саулығын сақтауға септігін тигізетін сала – медицина екені баршаға мәлім. Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан болар, медицинаға қатысты мәселе мемлекет назарынан ешқашан тыс қалған емес. Әсіресе шалғай ауылдар мен елді мекендерде дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-амбулатория немесе медициналық пункттер салу ісі мықтап қолға алынуда. Соның бірі – Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысын айтуға болады. Бір ауысымда 25 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салу жұмыстары бүгінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бас мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС құрылыс мекемесі қолға алған.
Аудан басшысы Жалғас Алижанұлы Бәйтерек ауылынан салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмысымен және Қосбөлтек ауылындағы тұрғын үй алабымен қатар №30 Көктөбе орта мектебінің құрылыс-монтаждау жұмыстарымен танысты.
Осылайша бірқатар құрылыстың басында болған аудан әкімі Жалғас Мұртаза жауапты мамандарға құрылыстың сапалы жүргізілуі мен оның уақтылы аяқталуын тапсырды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close