Basty bet
Отбасының өнегесі – отан өнегесі
Ұлттың салт-дәстүрі мен әдет- ғұрпын тұтастай алғанда ұлт болмысын сақтайтын ең басты «қойма», оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, уақыт пен кеңістіктен аман сақтап, келешекке аманаттап тапсыратын әлеуметтік орта – отбасы. Яғни, ұлтты өзгеден ерекшелеп, оның болмысын сақтауда отбасының рөлі бірінші орында.
Шаңырақтағы жарастық пен татулық өмірді енді танып келе жатқан жасқа үлгі. Ұрпағының тұқымы ұсақталмай, ұлағатты болса ғана отбасының да мерейі үстем. Осындай мерейлі отбасының бірі – Рахановтар әулеті.
Бұл әулеттің асқар тауы Әбдірахман Мухамбетов. 2007 жылы жүрек талмасынан қайтыс болған. Бухгалтер болып жұмыс жасаған. Ал отанасы Еркінай Мухамбетова – алтын құрсақты ана, зейнеткер. 13 баланы өсіріп, жеткізген Батыр ана. Ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға қондырып, өсіп-өнген үлкен әулет.
Қазіргі таңда ауылдағы қара шаңырақта Нұрхат Мухамбетов тұрады. Жолдасы Гулой Мухамбетовамен 16 жыл ішінде алты баланы тәрбиелеп отыр.
«Баланың жақсысы –әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, азап-соры» дегендей, болашақ тәрбиесіне ұстын қылар әкенің орны жөнінде тоқталған, Нұрхат аға:
– Әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Мен де осы жауапкершілікті түсініп, балаларымды тәртіпке, еңбекке баулып, мейірімді болуды саналарына сіңірдім. Әрине, бұл тұрғыда анасының да қызметі орасан зор. Мен жұмысыма байланысты үйде көп болмаймын, бала тәрбиесінде жолдасымның үлесі көбірек. Сондықтан отбасында адалдық пен сыйластық бірінші орында тұрады.
Әкем мен анамның бізге берген тәрбиесінің нәтижесінде бауырларымыздың ынтымағы жарасқан. Сен үлкенсің я кішісің деген шекара жоқ. Достар секілді жақын сырласпыз. Әрдайым бір-бірімізге көмектесуге дайынбыз. Адал жолмен ақша тауып, тура жолдан таймауды, жақсы істермен айналысуды үйреткен де өздері. Өзіміздің жеке қызметтерімізден бөлек, ауылдың қайырымдылық шараларына да атсалысып тұрамыз. Алдағы уақытта әлеуметтік жағдайы төмен бір отбасыға үй сыйлауды ниет етіп отырмыз, – деді.
– Біздің отбасындағы берік ұстанымымыз білімді болу, адал еңбек ету, ынтымақты, ауызбіршілікті сақтау. Отбасылық одақ шеңберінде «әйелдің орны ошақ қасы», «еркек сөйлеп жатқанда сөйлеме» тағы да басқа айтылатын рухани кедергілердің әлі де барын көзбен көріп те жүрміз. Тіпті етіміз үйреніп те кеткен. Сондықтан бір орында отырып қалмай, үнемі даму үстінде болу қажет. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бала ата-анасының бір-біріне деген сыйластығын, қамқорлығын, жасаған игі амалдарын көрсе, соны үлгі етеді.
Отағасы отбасының діни және адамгершілік міндеттерді орындауына жәрдемші, ұйытқы болып, кемшіліктерін толықтырып отырғаны дұрыс. Үйіне келгенде әйелі мен балаларның жүрегіне үрей ұялататындай содыр мінезді болмауы тиіс. Керісінше ұл-қыздары сағына тосатын, табалдырықтан енгенде жұбайы күйеуінің амандығына шүкіршілік айтатын, балалары қуанып, мойнына асыла кететін сыйлы отағасы болса, үйдегі береке арта түседі, – дейді отанасы Гулой Мухамбетова.
Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»