Basty bet
Жақсы қасиеттерді сіңіре білейік!
Қазақ халқы қыз – болашақ ана, шаңырақтың берекесі деп, оның тәрбиесіне баса мән берген.
Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген.
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға қол көтермеген. Тіпті, отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз. Оң жақта отырғанда жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз», – деп жазады.
Міне, кешегі қазақ қыздары ата-анадан осылай тәрбие алып, өз отбасының ұйытқысы бола білді.
«Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Жасыратыны жоқ кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Осыдан барып бала әке-шешесінен суып, оларға деген сыйластықтан алыстай бастайды. Бала кезінен жылылық мейірімді көрмеген адам баласы жүрегін бойлаған суық ызғардың өшін өзгелерден алатын қатыгездікпен өседі.
Бүгінгі күнде қыздарымыздың көзге оғаш көрінетін киімдерін айтар болсақ, бұрын-соңды болмаған, құлақ естіп, көз көрмеген. Ата-ана баламыз қатар құрбысынан қалмасын деген оймен заман талабына сай жаңа үлгімен киіндіріп, қалталылар көлік мінгізеді. Сондада әр нәрсенің өз орны бар емес пе…
Осыған орай №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда жоғарғы сынып оқушы қыздарының қатысуымен “Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі” атты жиын өтті.
Жиынды аудандық орталық аурухананың “Сенім” жастар денсаулық орталығының маманы Венера Сейтаева ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде қыз баласына тән нәзіктік, сыпайылық, тән тазалығы мен жан тазалығы туралы әңгімелей келе, қыз – қоғамның айнасы екенін, болашақ ана екенін ескеріп, денсаулықтарына атүсті қарамау керектігін жеткізді. Одан бөлек алдыға мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керектігін баса айтты.
Шара барысында, акушер-гинеколог Ғазиза Егізбаева қыз балаларына қажетті тың ақпараттармен бөлісіп, оқушы қыздардың тарапынан қойылған сұрақтарға рет-ретімен жауап беріп отырды.
Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының аудандық әлеуметтік-психологиялық кеңес кабинетінің психологы Жанерке Әмірбек тұрмыстық зорлық-зомбылық турасында баяндама оқыды.
Жиында оқушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, сұрақтарына нақты жауаптар ала алды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»