Basty bet
Білікті ветеринар маман, кәсіби қызметкер
білікті маман Лаура Әмірбекова ауданның ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді
«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген қағидалы түсінікті алға тартатын болсақ, негізінен бүкіл жер шары тұрғынының денсаулығына, олардың амандық-саулығына тек медицина саласының мамандары ғана емес, ветеринарлар да жауапты екені ежелден белгілі.
Мал шаруашылығы саласының жұмысын алға бастыру ісі және ондағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы ветеринариялық қызмет көрсету сапасын жақсартуға, мал ауруларының азаюына тікелей байланысты екені анық. Аудан аумағындағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау жергілікті атқарушы органдардың ішінде ветеринария саласының қызметіне тиесілі. Осыған сәйкес, ауданға қарасты барлық ауылдық округте ветеринариялық пункттер бар және олар салаға қажетті ветеринар мамандармен қамтамасыз етілген.
10 шілде – Ветеринария саласы қызметкерлерінің күні кәсіби мереке ретінде 2024 жылдан бері атап өтіліп келеді. Жалпы, ветеринария саласының қызметі халықтың қауіпсіздігі мен ел дамуында маңызды рөл атқаратын елеулі салалардың бірі екенін жақсы білеміз. Ветеринария саласының мамандары өз міндеттеріне адалдықты ең басты қағида ретінде ұстанады. Өйткені, бұл – сауатты маман ретінде ойлауды, талдауды және шешім қабылдауды қажет ететін күнделікті жұмыс. Уақтылы және сапалы жүргізілген ветеринариялық профилактика жұмыстары қауіпті аурулардың пайда болуының алдын алып қана қоймай, көбінесе профилактиканың өзінен қымбат тұратын жануарларды емдеуге кететін шығындарды да қоса азайтады.
Біздің ауданда тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларының амандығы мен саулығына, оларды түрлі жұқпалы аурулардан аман сақтау үшін профилактикалық алдын алу жұмыстарын Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының «Жамбыл облысының ветеринариялық станциясының» Жуалы ауданының ветеринария бөлімі атқарады.
Ауданның ветеринариялық қызмет көрсету станциясында 15 жылдан бері табан аудармастан абыройлы қызмет атқарып келе жатқан үлгілі қызметкерлердің қатарында – білікті ветеринар маман Лаура Әмірбекова да бар. 2012 жылы аудандық ветеринария станциясына ветеринар дәрігер болып жұмысқа орналасқан Лаура Бақтыбекқызы аталған саланың түрлі қызмет сатыларынан сүрінбей өтіп, жан-жақты ізденіп, ұдайы үйрену арқылы қазіргі таңда «Жамбыл облысының ветеринариялық станциясының» Жуалы ауданының ветеринария бөлімінің ішіндегі эпизоотия бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ауданның ветеринария саласының дамуына, сонымен қатар, білікті кадрлар дайындау ісіне елеулі еңбек сіңірген өз ісінің хас шебері, облыстағы білгір маман Қанатбек Қартабаевтан және сол тұста ветеринария станциясында директор қызметін атқарған Азамат Игіліковтен сала қызметінің қыр-сырын үйреніп қана қоймай, аға мамандардың тәлімін алып, тәрбиесін көрген талапты жас Лаура Әмірбекова өңірдің ветеринария саласының жұмысына тез-ақ үйреніп, бөлімге сіңісіп үлгерді. 2012 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ветеринария факультетін жақсы үлгеріммен аяқтаған жас маман аудандық ветеринария станциясының кеңсе жұмыстарын атқарумен қатар, өзі игерген ветеринар дәрігер мамандығының негізгі міндеттерін де ұмыт қалдырған жоқ. Қызмет атқарған жылдары саланың қыр-сырына қанығып, тәжірибесі толысқан білікті маман Лаура Бақтыбекқызы қазіргі таңда аудандық ветеринария бөліміндегі эпизоотия бөлімінің басшысы ретінде өз әріптестерімен күш біріктіріп таулы өңірдің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен бірге, эпизоотиялық ахуалының тұрақты болуына да жоғары жауапкершілікпен атсалысып келеді.
– Бөлім қызметкерлерінің атқаратын негізгі қызметі – ең біріншіден аудан көлемінде ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Атап айтқанда, жануар ауруларының алдын алу, оларды емдеу, ауыл шаруашылығы жануарларының есепке алынуын қамтамасыз ету, жануарлардан алынатын өнімдердің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты адам мен жануарға ортақ аурулардан қорғау.
Сонымен қоса, біздің міндетімізге – аудандағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және аса қауіпті экзоотикалық ауруларды болдырмау, оның алдын алу жұмыстарын атқару жатады. Бұл мақсатта аудан көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін аса қауіпті деген ауру түрлері мен жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген ветеринариялық препараттар толық жеткізіліп, егу жұмыстары да сапалы ұйымдастырылып, жүйелі түрде жүргізілу үстінде.
Ауылдық округтерде орналасқан ветеринария пункттерінің жұмысына бағыт-бағдар беріп, қызметкерлерге тиімді жұмыс жоспарын құру арқылы оның уақтылы әрі сапалы орындалуын қадағалау да менің негізгі міндетіме жатады. Мұның ішінде, төрт түлікті вакцинациялау, ауру түрлерін диагностикалау, жануарларды бірдейлендіру (сырғалау), жалпы ветеринария бөлімінің жұмысын тиімді ұйымдастыру – негізгі міндеттердің бірі,- дейді ветеринария саласының білікті маманы Лаура Әмірбекова.
Одан бөлек, ауылдық округтерде қауіпті мал аурулары тіркелген жағдайда, сонда барып, жергілікті тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, аурудан сақтандыру, оның таралуына жол бермеу, аурудан өлген жануарларды жою жұмыстарын талапқа сай ұйымдастыру да басым бағыттардың біріне жататынын айта кеткен жөн.
Мал ауруларының алдын алу жұмыстарында төрт түлікті ауруға қарсы уақтылы вакцинациялау аса маңызды міндет екені белгілі. Бұл бағытта ауданның ветеринария саласының мамандары биылғы ақпан-сәуір айларында мүйізді ірі қараның түйінді дерматит ауруына қарсы вакцина салу жұмыстарын тиімді атқарып, нәтижесінде – 15 300 басқа тиісті екпе егілген. Одан бөлек, 23 000 бас ірі қараға тейлериоз ауруына қарсы екпе егіліп, аусыл, туберкуллез, Сібір жарасы және қарасан ауруларына қарсы вакцина таратылып, егу жұмыстары толық атқарылды.
Жұмысқа жауапты бөлімнің эпизоотияға қарсы ветеринар маманы Лаура Әмірбекова өз сөзінде, ауданның эпизоотиялық ахуалын тұрақты сақтау мақсатында биыл Қырғызстан Республикасымен шекаралас орналасқан – Ақтөбе, Қызыларық, Б.Момышұлы және Мыңбұлақ ауылдық округтерінде мүйізді ірі қара малына аусыл ауруына (SAT-1 штаммына) қарсы қосымша жоспардан тыс вакцинациялау жұмыстары жүргізілгенін айтады. Аталған іс-шараның аясында барлығы – 7 000 доза вакцина егілген.
– Жаңа заманның талабына сәйкес, ветеринария саласының жұмысын цифрландыру бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте қолданысқа енгізілген «Tort Tülik» мобильді қосымшасына ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін тіркеу бойынша түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күнге дейін аталған қосымшаға – 3 085 азамат тіркелген.
Ветеринария саласы қызметкерлерінің атқаратын жұмысын оңай деп айта алмаймын. Кез келген жұмыстың өзіне тән қиыншылығы бар. Ветеринария саласын таңдаған жас мамандар қиындықтан қорқып, үйренуден жалықпаулары керек. Сонда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады,- дейді кейіпкеріміз.
Өз ісінің терең білгірі, ветеринария саласының кәсіби маманы Лаура Әмірбекова отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Отағасы Ғабиден Елшібаев екеуі құрған үлгілі отбасында олар алтын асықтай алты ұл тәрбиелеп отыр. Лаура Бақтыбеккқызы қасиетті өңірдің ветеринария саласын дамытудағы үлгілі қызметі үшін Жамбыл облысы әкімінің және Жуалы ауданы әкімінің Алғысхаттарымен марапатталған.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»