Basty bet
Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет
Сот жүйесін жетілдіру, бұл бағыттағы шараларды сапалы жүзеге асыру – заң үстемдігін қамтамасыз етудегі басты басымдықтардың бірі. Себебі, қарапайым халықтың сот пен судьяға деген сенімі билік пен мемлекетке деген сеніммен бірдей.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет» деп бірнеше тапсырмалар берген болатын.
Сот жүйесіне оралсақ, Қазақстан демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде жария етілді. Мұндай мемлекеттерде адам құқықтары мен бостандықтары талқыға түскен шақта тағдырының шешілер жері де, жаза атаулының кесілер жері де – сот. Соттың әрбір шешімінің артында адам тағдыры тұр, ғапыл дүниеде адам мен оның өмірінен қымбат құндылық жоқ. Біздің Ата Заңымызда да дәл осылай жазылған. Сондықтан сот төрелігін жүргізетін судьялардың, бабалар тілімен айтсақ, бүгінгі билердің мәртебесі арнайы заңмен айқындалды.
Бүгінде аудандық сотта үш судья, бір сот әкімшісі және сегіз маман жұмыс істейді. Олардың негізгі міндеті – сотқа жүгінген азаматтардың сұрағын әділ, әрі заң аясында шешіп беру.
Аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуевтың мәліметінше, өткен жылы аудандық сотта көп жұмыс атқарылған. Мәселен, жыл басынан сотқа 566 талап қою түскен, оның ішінде 532-сі аяқталып, 288 іске шешім шығарылған. Есепті мерзімде 107 азаматтық іс медиатордың қатысуымен және 12 азаматтық іс тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты тоқтатылған. Сондай-ақ, 498 тұлғаға қатысты 498 әкімшілік іс қаралып, оның 78-і медиация тәртібімен аяқталып, 66 тұлғаға қатысты 59 қылмыстық іс қаралып, 48 тұлғаға қатысты 42 айыптау үкімдері шығарылған.
Аудандық сотқа тұрғындар өздерінің жеке сұрақтарымен жүгінуде. Бұл тұрғыда, мұнда азаматтарды жеке қабылдау жүргізіліп, тұрғындар сот төрағасына өзінің толғандырған сұрақтарымен жүгіну құқығын дұрыс пайдалануда. Сотта азаматтарды 33 жеке қабылдау өткізіліп, әр азаматтың сұрағына заң талаптарына сай жауап қайтарылған. Тұрғындар сотқа көбінесе жер, қарыз, неке бұзу және алимент өндіру секілді сұрақтарымен қайырылуда.
Соттағы билермен атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Яғни, өткен жылы Билер кеңесінің мүшелерімен сотқа дейін 52 азаматтық дау, сегіз әкімшілік-құқықбұзушылық іс, сондай-ақ, сот барысында 119 азаматтық дау, 78 әкімшілік іс билердің қатысуымен тоқтатылған.
Құқық қорғау органдарының өкілдерімен, қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылық істер қозғалған азаматтардың заңды құқықтарының сақталуы мәселесі мемлекет тарапынан баса назар аударылуда. Құқық қорғау органдары тарапынан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы нақты көрсетілген ҚР ҚПК-нің 106-бабы, ҚР ӘҚБтК-нің 44-тарауы бойынша берілген шағымдардың сапалы қаралуы мәселесі күнделікті назарда. Яғни, егер де тұрғындардың тергеу болмаса прокуратура қызметкерлері тарапынан жүргізген істерге деген сенімсіздігі болса, сотқа Қылмыстық процестік кодекстің 106-бабымен жүгінуіне болады.
Сот төрағасы сұхбат барысында өткен жылы Парламентте қабылданған жаңа Заңдар туралы кеңінен түсінік берді. Бабырхан Бекболатұлы бірінші кезекте, істерді апелляциядан I сатыға қайтаруға тыйым салу туралы айтты. Оның айтуынша, бұл уақытқа дейін бірінші сатылы соттағы істер апелляциялық соттарға шағымданған кезде, оны қарап, сот актісін бұзып, жаңа шешім шығару үшін қайта қарауға жолдайтын. Ол біраз уақытты қажет етеді. Адамдардың уақытын алмай, істерді қарауды жеделдету үшін қылмыстық процестік және азаматтық кодекске өзгеріс енгізген. Оның бірі істерді апелляциядан I сатыға қайтаруға тыйым салу еді. Енді, апеллияциялық сот істің нүктесін сол жерде қояды. Егер бірінші сатылы соттың шешімі заңды болса, заңды деп көрсетіледі. Егер іс заңсыз немесе бұзылатындай жағдай болса, оны бұзып, мән-жайы бойынша қарап, заңды шешімін шығарады.
Одан бөлек, осы күнге дейін Жоғары сот кеңесімен конкурстық негізде сот төрағалары тағайындалып келген. Парламенттегі жаңашылдықтың бірі ретінде, енді бес сатылы соттарға дейінгі соттардың төрағалары өзара сайланатын болды. Яғни, аудандық сотта барлығы судья болып, араларынан бір судьяны өздеріне төраға етіп сайлап алады. Жаңадан сайланған төраға екі жыл уақыт өз қызметін атқарады.
Сонымен қатар, судьяларға қауіпсіздік күштерінің қысым тұтқалары алынып тасталды. Бұл уақытқа дейін аудандық судьялардың артынан аңду, жасырын тергеу әрекеттері санкциясын облыс прокуроры беретін. Қазіргі таңда облыс прокуроры ол құқықтан айырылып, ол тек қана Бас прокурордың құзыреттілігіне берілді.
Сондай-ақ, әкімшілік органдар басшыларының жауапкершілігі күшейтілді. 2021 жылы шілде айында жаңадан әкімшілік-рәсімдік процесс енгізілген. Сол уақыттан бері әкімшілік органдар басшыларының жауапкершілігі күшейтілген. Мәселен, аудандық сот тарапынан әкімшілік органдар басшыларына түскен шағымдарға байланысты міндеттеу туралы шығарған шешімнің орындалу уақыты бар. Егер де олар шығарған шешімді уақтылы орындасама, сот тарапынан айыппұл салынады. Әкімшілік органдар басшыларының атына түскен шағымға сотқа қарсы пікір ұсыну қажет. Өйткені, өз кінәсіздігін дәлелдеп бергенше, ол кінәлі деп саналады.
Сондай-ақ, өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап балалардың мүдделерін қозғайтын отбасылық даулар ювеналды соттарға жіберілуде. Нәтижесінде, облыс орталықтарындағы ювеналдық соттардың штаттары көбейтілген. Онда неке бұзу және бала құқығына қатысты қандайда бір даулардың барлығы қаралады. Облыс бойынша мұндай даулар қаралған кезде, бірден бес дау қаралады. Яғни, бір істе неке бұзу, алимент мәселесі, әйеліне үш жасқа дейін баланы асыру үшін төленетін алимент, балалармен кездесу уақыты және дүние-мүлік бөлісу. Егерде тараптар отбасылық дауды аудандық сотта қаралсын десе, онда жергілікті соттарда қарала береді.
Тағы да бір жаңалықтың бірі мемлекеттік бажды төлеу бойынша кейінге қалдыру Заңы ұсынылған. Сонымен қатар, бұрын кадрлық мәселелер Жоғары соттың құзыреттілігінде болса, қазіргі таңда барлық кадр мәселесі Жоғары сот кеңесіне берілді.
Аудандық соттың төрағасы Б.Абуев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен жұмыстағы Заң жобалары жасалғанын айтып өтті. Төраға «Үздіксіз» кассацияны енгізу, тәртіптік іс қозғаудың жаңа механизмі, судьяларды бағалау көрсеткіштерін оңтайландыру, әкімшілік сот төрелігінің аясын кеңейту, әкімшілік істер бойынша экстерриториялық соттылық, әкімшілік рәсімдердің біркелкілік принципі енгізілуі және заңгерлер үшін Сот төрелігі академиясына кіру секілді сот жұмысында жаңашылдықтар бар екенін жеткізді.
-Қазіргі таңда елімізде сот жүйесі үш сатыдан, яңни, бірінші сатылы, апелляциялық соттар және Жоғары соттан тұрады, дейді – аудандық соттың төрағасы Б.Абуев. – Осы үш сатыға жаңадан тағы бір саты қосылуда. Яғни, үздіксіз кассация бойынша сотқа кім шағым жазады, соның барлығын қарау үшін осы жаңа саты ашылуда. Үздіксіз кассация елордасы Астана қаласында ашылуда. Тағы бір өзгеріс, ол, әкімшілік істер бойынша экстерриториялық соттылық. Мәселен, екі тарап азаматтық істің аудандық сотта қаралуын қаламаса, онда бұндай даулар бірден жаңа автоматты анықтау жүйесіне салынады. Жүйенің көмегімен бұл істі республикадағы кез келген үш сатылы сотқа жіберіледі. Яғни, тараптардың даулары жүйе анықтаған еліміздің кез келген облысындағы үш сатылы сотта қаралатын болады.
Қазіргі таңда сотта мамандандыру жүйесі бар. Осы уақытқа дейін сот төрелігіне тек қана заңгерлер ғана алынып келді. Енді Парламентте заңгерлер үшін Сот төрелігі академиясына кіру құқығы берілді. Алдағы уақытта салық, жер, қаржы салаларында жұмыс істейтін заңгерлер арнайы мамандандырылған соттарға қабылданады.
Аудандық сот төрағасы, жұмыс процесінде санкцияларда күзетпен ұстауда бас тартуды қолданылып жатқандығын тілге тиек етті. Сотта баламалы түрде үй қамаққа алу, кепілдікке қою секілді жаза түрлерін және сотқа түсіп жатқан арыз-шағымдардың барлығына бірдей шешім шығармай, кейбір дауларда татуласу рәсімі де қолдануда. Сонымен қатар, төрағаның сөзінше, Жоғары соттағы барлығы 111 нормативтік қаулылардың ішінде 42-сіне түзетулер енгізіліп, екі жаңа нормативтік қаулылар қабылдануда.
Жаңа талаптар бойынша сотта жеке қабылдаулар жиі өткізілуде. Жергілікті жерде аудандық соттар сотқа деген сенімділікті арттыру үшін тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, заң аясында жауап беруде. Сонымен қатар, сот әкімшілігінде қаржыландырудың жаңа моделі енгізілуде. Мемлекеттік басқарудың дербес саласы енгізіліп, сот төрағаларынан әкімшілік функциялар берілген. Заман талабына сай сотта IT-сервистер: роботтандыру, жасанды интеллект қолдану қарастырылуда.
Ұлттық статистика бюросының зерделеуі бойынша қазіргі таңда халықтың сотқа деген сенімділігі 55,2 пайызды құрап отыр. Сол себепті де аудандық соттың төрағасы халықтың сотқа деген сенімділігін арттыру мақсатында жұмыс істейтіндерін алға тартты.
-Биыл ауданда алаяқтық фактілері көп орын алуда. Мәселен, қайтарымсыз грант алып беремін деген тұлғаларға қомақты қаржы беріп алданғандар көп. Бұл бойынша сотта биыл екі адамға қатысты іс қаралса, өткен жылы бір тұлғаға қатысты екі іс қаралған еді. Алаяқтық жолмен қайтарымсыз грант алуға көмектесемін деген азамат жауапкершілікке тартылып, шектеу секілді жаза қолданылды. Келтірілген залалды толық өтемегеніне байланысты екі азамат қамауға алынып, оған бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды. Олардың біреуі мал бордақылайтын адамдардың сеніміне кірсе, бірі, Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының азаматы таулы аймақтағы тұрғындардан мал азығын алып, нәтижесінде екеуі де қаржыларын тиісті адамдарға бермеген.
Бұдан бөлек, Каспий қосымшасы арқылы да көп алаяқтық жасалуда. Мәселен, белгісіз нөмірден сіздің есепшотыңызға қомақты қаржы түседі. Артынша сол нөмірден сізге хабарласып, ақшаны қайта аударуды өтінеді. Сіз оның сөзіне сеніп, ақшаны қайта аударсаңыз, бірден банкке берешегі бар тұлға болып шыға келесіз. Яғни, алаяқтар адамдарды құрығына түсіру үшін осындай амал-айланы қолдануда. Сол себепті де, аудан тұрғындарына алаяқтардан барынша сақ болып, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырамын, – дейді аудандық соттың төрағасы Бабырхан Бекболатұлы.
Алдағы уақытта аудандық сотта медиация рәсімдерін кеңінен пайдалану, аталған істердің қарау санын көбейту, халық арасында заңға түсіндірме жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Билер кеңесінің мүшелерімен жас ұрпақпен кездесіп, олардың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді ұлттық құндылықтарды насихаттауды ұйымдастыру көзделуде. Тұрғындарға заң аясында ғана қызмет көрсетіп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға, ауызбіршілікті сақтауға өз үлестерін қосуды басты мақсат ретінде қоюда.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»