Basty bet

Балалардың амандығы – мемлекеттің маңызды міндеті

Ауданда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» онкүндігі өткізілуде. Онкүндік баланың құқығын, қауіпсіздігін, білім мен тәрбие алуын, денсаулығын және дамуын арқау еткен тақырыптық бағыттарға арналады.
Осыған орай апта басында аудан орталығындағы білім ошақтарының бірі №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда аудандық Жастар ресурстық орталығының және аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 27 мамыр «Балалар үні» күніне орай “Балалардың амандығы – мемлекеттің маңызды міндетті” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – балалардың денсаулығы, қауіпсіздігі, құқығы мен дамуына жағдай жасау мәселелеріне қоғам назарын аудару, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан қорғау шаралары жайлы ақпарат беру және балалардың аман-есен өсуі үшін ортақ жауапкершілікті қалыптастыру.
Іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбуғали Ералиев, аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әкелер алқасының төрағасы Нұридин Нұрғабылов, «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев және мектеп оқушылары қатысты.
Жиында алғашқы сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашевқа берілді.
-Тәуелсіз Қазақстанда балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет балалар үшін сапалы білім мен медициналық көмек беруді басты міндет санайды. Балалардың қауіпсіздігі – болашаққа жасалған қамқорлық. Бүгін біз ертеңгі елдің іргетасын қалайтын ұрпақты қалыптастыруымыз қажет. Балаларға қамқорлық көрсете отырып, қауіпсіз әрі гуманист, мықты қоғам құра аламыз. Қазақстан балалардың жан-жақты дамуы және болашағының жарқын болуы үшін құқықтық базаны нығайтып, әлеуметтік қолдауды күшейте отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады,- деді Сейітхан Шерелханұлы.
Әрі қарай оқушылар кеш қонақтарына өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Сұрақтың көбі Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Қанатбекұлына қойылды. Өз кезегінде ауыл әкімі қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, Бауыржан Момышұлы ауылында болып жатқан оң өзгерістерге тоқталып өтті.
Балаларды қорғау күні – өскелең ұрпақты аялаудың символы, олардың құқығы мен мүддесін қорғап, аман – саулығын қамтамасыз ету ісінің маңызын айшықтайтын айрықша мереке. Іс-шара Жастар ресурстық орталығының мамандары дөңгелек үстелге қатысқан оқушыларға сыйлық табыстады.

Еркеназ Сейітқалиқызы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің конвергенттік журналистика мамандығының
1-ші курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close