Basty bet

Өлкетану ісінде өзіндік орны бар мекеме

Мәңгілік ел болу үшін елдің тәуелсіздігі және тұрақты экономикасымен қатар ұлттық құндылықтарының сақталуы қажет. Ұлттық құндылықтарға тарихы, тілі, діні, рәміздері мен әдеби шығармалы т.б. жатады. Ал болашақ ұрпақ осы құндылықтарды меңгеруі қажет. Себебі, өткен тарихы мен тәуелсіздіктің құндылығын білмей өскен ұрпақ халқы үшін қызмет етеді дегенге сену қиын.

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі бөлімінде мәдениет қызметкерлерін қолдауға тоқталады. Бұл Жолдауда: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек», – делінген.
Осы орайда, аудандық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысуды жөн көрдік. Аталған музей 2018 жылдың 29 қыркүйегінде ашылған. Қазіргі таңда музейде 12 қызметкер жұмыс атқаруда. Олардың қатарында музей директоры Нұрболды Жеңісбекұлы, қор сақтаушы Бекет Ерболұлы, қорды есепке алу маманы Мария Амантайқызы, ғылыми қызметкер Дәулетжан Жамалбекұлы және экскурсия жүргізушісі Манзура Өмірсерікқызы мен техникалық қызметкерлер бар. Аудандық тарихи-өлкетану музей ұжымы жәдігерлер қорын байыту жолында еңбек етуде. Музей қызметкерлері өз еркімен ауыл-аймақтарға барып, көне бұйымдарды да жинақтап, иелерімен сөйлесіп, тіпті бағалы жәдігер болса, арнайы музей тарапынан сатып алып, өткізеді екен. Тарихи-өлкетану музейінде 3420 экспонат жинақталған. Жәдігерлердің 60 пайызындай бөлігін ғылыми қызметкер Дәулетжан Байдалиев әкелген екен. Бір қызығы, әр жәдігердің сипаттамасы жеке-жеке тіркеліп, арайы паспорттары да болады. Ең бастысы, барлық жәдігер мемлекеттің қорғауында.
Мұражай қызметкерлері арнайы Шақпақ әулие, Жылқышытөбе секілді қазба орындарына да барып тұрады. Бастысы, музей қызметкерлеріне өз жұмыстары ұнайды. Көбісі дерлік тарих, археология мамандықтарын бітірген.
-Музейге биылғы жылдың өзінде 1120 адам келді. Ауданда арнайы 84 іс-шара өткізілді. Жақында ғана пробация есебінде тұрған азаматтардың қоғамға тезірек сіңісіп кетуі үшін ішкі саясат бөлімімен бірлесіп арнайы жылжымалы көрме өткізілді.
Музейге келушілердің қатарында аудан тұрғындарынан бөлек, батыс, орталық, оңтүстік және солтүстік Қазақстаннан келген қонақтарымыз да бар, – дейді экскурсия жүргізуші.
Музейдің ішімен танысатын болсақ, кіре берісте арнайы үш зал орналасқан. Бірінші үлкен залда адамзат баласының алғашқы қоғамдық дәуірінен бастап қазақ хандығының құрылған кезеңіне дейінгі аралықтағы жәдігерлер жинақталған.
-Жуалы ауданы аумағындағы мезолиттік еңбек құралдары: шапқы, кескіш, қырғыш сияқты еңбек құралдары жинақталған. Бұл еңбек құралдарын дайындауда шикізат көзі ретінде түрлі-түсті кремний, жылтыр тас түрлері пайдаланылған. Тек қана Берікқара шатқалы мен Билікөл көлінің арасында 420-ға тарта орналасқан ежелгі обалардағы шұңқырлар осындай ақ кварцтастармен көмкерілген. Бұл жәдігерлер музейдің бірінші шыны жәшігінде сақтаулы.
Сондай-ақ, музейде екі балбалтас орнатылған. Оның біреуі Құрама аймағындағы Көсегенің көк жоны аталатын жердегі егістік алқабынан табылған. Ал залдың төр жағында майлы бояумен салынған «Хан жайлауы – Жуалы» деп аталатын көлемі 6х2, 40 метрді құрайтын үлкен полотно ілінген. Полотнода Жуалы жерінің жасыл жайлауы оның төріндегі мұзартты Алатау бейнеленген. Хан төріндегі уәзірлері мен атты жасақтар олардың ұстаған туында Қаңлы мемлекетінің ру таңбасын байқауға болады. Бұл тарихи сурет Жуалы жерінде Қаңлы мемлекетінің билік құрғанын дәлелдейді. Суреттің авторы – Болат Хамзин. Ол – ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның «Рекордтар кітабының батыры». Сонымен қатар, залда үнді, ағылшын елдерінен келген бұйымдар мен кәдесыйлар да сақталған. Бұл сол замандарда-ақ өркениет пен мәдениеттің болғандығының белгісі, – дейді экскурсия жүргізушісі Манзура Өмірсерікқызы.
Келесі зал – батырлар залы. Төрде мемлекеттік туымыз ілінген, оның жанында ерліктің феноменті батыр Бауыржан Момышұлының портреті тұр. Сондай-ақ, Жуалы жерінен түлеп ұшқан генералдар Тәттібай Дүйсебайұлы, Есен Демесінов, Сейітжан Қойбақов, Диханбек Сатылғанов, Бақытжан Ертаев, Ғабит Миразовтың портреттері мен олардың өмір жолы жазылған. Ал сол жағында Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразованың портреті ілінген.
Сол сияқты мұнда генерал жерлестеріміз В.Трегубенко мен Р.Чумаков туралы суреттер мен мәліметтер жинақталуда. Артқы дуалда Ауған соғысына қатысқан жерлестерімізге орын берілмек.
Үшінші зал – рухани жаңғыру залы. Ол екінші қабатта орналасқан. Бұл бөлмеде Жуалы өлкесінен табылған XVIII-XX ғасырдың жәдігерлері жинақталған. Сондай-ақ ХХ ғасырдың 50-60 жылдарға дейін пайдаланылған тұрмыстық заттар қойылған. Бұл жерден көрермендер теледидар арқылы Жуалы жеріндегі тарихи оқиғалар туралы аудио-бейне жазбалардан шағын лекциялар көріп тыңдай алады.
Қорыта келе, бүгінгі таңда аудандағы тарихи-өлкентану музейі қызметі мәдени-білім беру, экспозициялық-көрме, қор-сақтау, ғылыми-зерттеу, қалпына келтіру, жинау, есепке-алу, редакциялық-баспа, ақпарат және басқа да қызметтер бойынша нәтижелі жұмыс істеуде. Мемлекетіміздің бүгінгі таңда жүргізіп отырған саясатын мәдениет пен ғылым саласына енгізуде зор іс атқаруда.

Үміт МАДИЯРБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close