Basty bet
“Тұрғындармен түсінісіп жұмыс істеңіздер”
Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте алдымен аудан аумағында көктемгі дала жұмыстарының атқарылу барысы және ауылдық округ тұрғындарының малдарының бағылуы, мал тұқымын асылдандыру мәселесі қаралды. Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашының айтуынша, ауылдық округтерде айдалған жер көлемі 1045 га, алдын ала дайындалған сүрі жердің өңделгені – 12900 га, себілген жаздық арпа – 10020 га, көпжылдық шөп- 2420 га.
-Жаздық арпаға қажетті 4 678,6 тонна тұқым толығымен қамтамасыз етілген. Көктемгі дала жұмыстарына қосымша қажетті тұқым көлемі «Крановодопад» тұқым станциясынан 4 тонна «Бәйшешек» супер элита, Алматы ғылыми-зерттеу институтынан жаздық арпаның 29,4 тонна «Сымбат» элита тұқымын алуға келісімшарт жасалып, әкелінді.
Тұқым зертханасы толығымен жұмыс атқаруда, ол туралы барлық ауылдық округтерге ескерту берілген. Бүгінгі таңда Қарасаз, Қошқарата, Күреңбел, Шақпақ және Нұрлыкент ауылдық округтерінің шаруалары тұқымдарын тексеруге тапсырды (барлығы 1990 тн).
Майлы дақылдарға қажетті 335,6 тонна тұқым толығымен қамтылған. Картоп дақылына қажетті тұқым көлемі 4500 тонна. Жетіспейтін картоп тұқымы Қарағанды және Павлодар облыстарынан жеткізіледі.
Сондай-ақ, «Злиха» тұқым шаруашылығы Нидерланды мемлекетінен «Пикассо» сортының 20 тонна элита тұқымын алуда. Бүгінгі күнге аталған шаруашылық аудан шаруаларын қамтамасыз етуге 1500 тонна тұқым дайындауда. Сүрлемдік жүгері дақылын егуге қажетті тұқым көлемі – 14,9 тонна,- деді Ержан Байұзақұлы.
Сонымен қатар, баяндамашы дала жұмыстарына жұмылдырылған техникалар, кепілдендірілген дизель отынының берілуі, минералды тыңайтқыштарды пайдалану барысы, “Кең дала”, “Агробизнес” бағдарламаларымен шаруаларды несиелендіру мәселесі, ауылдық округ тұрғындарының малын асылдандыру, малының бағылуы, пада бағасы туралы баяндады.
Аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселеге қатысты бірнеше тапсырмалар берді.
-Статистикалық мәлімет пен шын мәлімет бір-біріне сәйкес келмейді. Жалған ақпарат жарға жығады. Сондықтан мәліметтерді сәйкестендіруге жұмыс жасау керек.
“Кең дала” және “Агробизнес” бағдарламаларының тиімділігін көп шаруалар білмеуі де мүмкін.
Сол себептен, Рақымғазы Нұрғазыұлы, шаруалармен семинар өткізіп, нәтижесін маған баяндайтын боласыз.
Тұқымды зертханаға өткізіп, сапасын анықтау – әрбір шаруа үшін қажет. Бұл жұмысты шаруалармен белсенді түрде ұйымдастырып жатқан ауылдық округ әкімдеріне алғыс айтамын. Ал, қалған әкімдерге әзірге ауызша ескерту беремін.
Ауыл тұрғындарының малының бағылуы мәселесіне келсек, малшылардың шет аудандардан малды қабылдамауына жұмыс істемеуіміз керек. Өйткені, жайылым жерде мал басының көптігінен маусым айының өзінде жер тып-типыл болып қалады. Сондықтан ауылдық округ әкімдері ауыл тұрғындарымен жиын өткізіп, осындай мәселелерді көтеріп, ұсыныс жасап, оны талап етіп, шешулеріңіз керек.
Малшылардың сауынды сиырларды бағу бағасын да реттеңіздер. Ауданда пада бағасы 4000-6000 теңге аралығында деген мәлімет бар. 6000 деген тым қымбат. Сүттің бағасын білесіздер, төмен. Бұл мал бағу бағасы қарапайым тұрғындар үшін қиындық туғызады.
Ауылдағы осындай мәселелердің шешімін табуға жұмыс істеңіздер. Тұрғындармен түсінісіп жұмыс істеңіздер. Олай болмаған жағдайда шара қолдануға тура келеді. Ешкімді қудалаудан аулақпыз. Бірақ, жұмыс жүйелі түрде жүруі керек.
Мал басының санағы – күрделі мәселе. Бұл жұмыста ауылдық округ әкімі аппаратының мамандарына мал дәрігерлері көмекші болуы керек. Көзбен көріп, нақты мәліметті жинаңыздар,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе игерілмей жатқан жерлерді қайтару бойынша аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадырхан Жарасұлының баяндамасы тыңдалды.
-2023 жылы облыс әкімінің орынбасары Қ.Мәдібекпен игерілмей жатқан жерлерді қайтару бойынша облыстық жер қатынастары басқармасымен 10 мың гектар жер телімін қайтару туралы жоспар бекітілген. Бекітілген жоспарға сәйкес, аудан бойынша ауылдық округтер бөлінісіндегі жалпы көлемі 10 203,5038 га. болатын 99 жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Оның ішінде, егістік жер 513,4117 га., жайылым жер 9 616,8966 га., шабындық 54,0 га., басқа жерлер 19,1955 га. Қысқасы, жоспар 102%-ға орындалды.
2024 жылға облыстық жер қатынастары басқармасымен 5000 гектар жер қайтару жоспары бекітілді. Бүгінгі күнге 258,7 га. болатын 5 жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Оның ішінде, жайылымы 256,2 га.,басқа жерлер 2,5 га. қайтарылды,- дей келіп бөлім басшысы қайтарылған жерлерге жеке-жеке тоқталды.
Аудан әкімі игерілмеген, мерзімі өткен жерлерді қайтарып, тиімділігі бар мақсатта қажет ететін азаматтарға беруде заңдылықтарды сақтап, тиянақты жұмыс істеуді тапсырды.
Ал, саябақтарды күтіп ұстау және оларды сенімгерлік басқаруға беру туралы аудан әкімі Б.Момышұлы ауылының әкімі мен Ақсай ауылдық округінің әкіміне саябақтарды сенімгерлік басқаруға беріп, олар жаз мезгілінде жұмыс істеуі үшін көктемнің соңына дейін қақпаларын ауыстыру, кей жерлеріне жаяу жүргіншілер жолын салу, басқа да абаттандыру жұмыстарын аяқтау керектігін және сенімгерлік басқарумен жұмыс істейтін азаматтың әрі қарай күтіп-ұстауын бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.
Аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлына саябақтарды сенімгерлік басқаруға беруде құжаттарды дайындау және үйлестіру мәселесін тапсырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»