Basty bet
Сүт безі қатерлі ісігі: ерте анықтау мен скринингтің маңызы
Сүт безі қатерлі ісігі – әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Бүгінде бұл дерт тек жасы үлкен әйелдерде ғана емес, жас қыз-келіншектерде де анықталып жүр. Алайда дер кезінде анықталған жағдайда бұл ауруды емдеп, өмір сапасын сақтап қалуға толық мүмкіндік бар.
Аурудың даму себептері
Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына тұқым қуалаушылық, гормондық бұзылыстар, артық салмақ, босанудың кеш жаста болуы немесе мүлде болмауы, күйзеліс, темекі шегу мен қозғалыстың аз болуы сияқты бірнеше фактор әсер етеді.
Қатерлі ісік бір сәтте пайда болмайды – ол баяу дамиды. Сондықтан дәрігерге уақтылы қаралу арқылы оны бастапқы кезеңде анықтауға болады.
Назар аударуға тиіс белгілер
Әрбір әйел өз денсаулығына мұқият болуы керек. Төмендегі өзгерістер байқалса, дереу маманға қаралған жөн:
• сүт безінде түйін немесе тығыздалу сезілуі;
• бездің пішіні немесе көлемінің өзгеруі;
• емізіктің ішке тартылуы немесе бөлінділердің (әсіресе қанды) пайда болуы;
• терінің тартылуы, қызаруы немесе «апельсин қабығы» тәрізді болуы.
Мұндай белгілер пайда болған жағдайда уақыт созбай, маммолог немесе онколог дәрігерге көріну қажет.
Скрининг – ауруды ерте анықтаудың тиімді жолы
Скрининг – бұл мемлекет есебінен жүргізілетін тегін профилактикалық тексеріс. Қазақстанда 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет өз емханасында маммографиядан тегін өте алады.
Бұл зерттеу сүт безіндегі ең бастапқы, кішкентай өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Ауру ерте кезеңде анықталса, оны емдеу жеңіл және нәтижелі болады.
40 жасқа дейінгі әйелдерге жыл сайын маммолог қабылдауына барып, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) тапсыру ұсынылады.
Сонымен қатар әр әйел ай сайын өздігінен сүт безін тексеруді әдетке айналдыруы қажет. Ай сайын айна алдында қарап, қолмен ұстап көру арқылы бездің қалыпты күйін білуге және өзгерістерді дер кезінде байқауға болады.
Емдеу және болжау
Қазіргі медицинада сүт безі қатерлі ісігін емдеудің тиімді әдістері бар: хирургиялық жолмен ісікті алып тастау, сәулелік, химиялық, гормондық және нысаналы (таргеттік) терапиялар қолданылады. Егер дерт ерте сатысында анықталса, толық жазылып шығуға мүмкіндік өте жоғары.
Ерте анықталған жағдайда бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 90%-дан асады.
Ең бастысы – тексерілуден қорықпау.
Көптеген әйелдер маммографиядан өтуге қорқады, себебі «жаман хабар» естимін деп ойлайды. Бірақ дәл осы скрининг олардың өмірін сақтап қалады.
Сүт безі қатерлі ісігі – уақтылы анықталса, емдеуге болатын ауру.
Өзіңізді қорғаңыз: скринингтен өтіңіз – бірнеше минут уақытыңыз кетеді, бірақ өміріңізді сақтап қалуы мүмкін.
Жанерке КЕМЕЛБЕК,
онколог-маммолог дәрігері