Basty bet
Жастардың жолын ашқан бағдарлама
«Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиясында мемлекеттік айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіретін «Серпін-2050» жобасының мақсаты – білікті мамандар даярлау.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Үкіметі жастар мәселесіне арнап, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты әлеуметтік жобаны ұсынды. Осының негізінде «Серпін» өмірге келді. Бірегей бағдарлама мыңдаған жастардың Батыс пен Шығыс, Солтүстік Қазақстанда білім алуына жол ашты. Кәсіптік-техникалық колледждер мен жоғары оқу орындарын да сапалы білім алып жүрген жастар осының дәлелі. Яғни, 2014 жылы бастау алған «Серпін-2050» бағдарламасының мақсаты – еліміздің еңбек ресурстары басым келетін оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытып, жұмысқа орналастыру болатын.
Мұның тағы бір артықшылығы – студенттерге арнайы шәкіртақы төленіп, жатақханаға орналасады, оқу орнын бітірген соң, жұмысқа орналасуына да мүмкіндік мол.
Нұрлыкент ауылының түлегі Мадина Сәуірбай бағдарлама аясында Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Химия» мамандығына оқуға түскен.
Ол 2003 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Сүттіқұдық ауылында дүниеге келген. 2008 жылы отбасымен Нұрлыкент ауылына көшіп келеді. Сол жылы ауылдағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің 2009 табалдырығын аттап, 2021 жылы алтын ұя мектебін қызыл аттестатқа тамамдайды.
– Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Әкем Нұр-Сұлтан қаласында, ал анам ауылдағы мектепте жұмыс істейді.
Мектеп бітіріп Ұлттық бірыңғай тестілеуден 84 балл жинадым. Бірақ мен таңдаған мамандыққа грантқа түсу үшін жинаған балым жетпей қалды. Сондықтан әпкемнің, отбасымның бағыт-бағдарымен «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқуға түстім. Негізінен әпкем де осы бағдарлама аясында Теміртау қаласындағы Қарағанды Мемлекеттік индустриялды университетінде оқып, білім алған. «Оның айтқан кеңестеріне қызығушылық танытып, тәуекелге бел буып, құжаттарымды тапсырдым. Қазіргі таңда аталған оқу орнын грант негізінде 1 курс студенті атанып отырмын. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты оқу жылдың басында бір айдай онлайн форматта болды. Қазан айынан бастап офлайн форматта оқыдық. Осы оқыған үш айдың ішінде мен өзіме көптеген достар таптым,- дейді Мадина Хамитқызы.
Мемлекет тарапынан «Серпін-2050» бағдарламасы қабылданып, ол өз кезегінде аз балл жинаған мектеп бітіруші түлектерге қолдау көрсетіп отырса, сенім үдесінен шығуды әрбір жас маман алдына мақсат етіп қоятыны анық. Қазір бұл бағдарлама бойынша елімізде көптеген студент білім алуда.
Студент Мадина өз сөзінде оқу орнын жақсы үлгеріммен тамамдап, әрі қарай магистратурада оқып, білімін шыңдағысы келетін жеткізді. Сонымен қатар, өз мамандығы бойынша, болашақ ұстаз ретінде, өзінен кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәрбие беріп, туған еліне қызмет етіп, өз пайдасын тигізу басты арманының бірі екенін айтып өтті.
– «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттер төрт жыл бойы жатақханамен қамтылады. Жатақханалары бұрын соғылған, сырты ескілеу болса да, ішінде барлық жағдай жасалған. Басында қиындықтар да болды, бейтаныс қала, жаңа орта дегендей. Бірақ сол жақта білім алған әпкем маған үлкен қолдау көрсетті. Уақыт өте келе барлығымен жақсы тіл табысып, жаңа достар таптым. Мен «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскеніме еш өкінбеймін. Ең бастысы, өзіме керемет орта таптым, – дейді ол.
Қиындықтан қорықпайтын, көпшілік ортаға тез бейімделетін, өз мәселелерін өзі шешуге тырысатын жастар, талапты жастар оқитын «Серпін-2050» жобасы бойынша мамандық алудың аясы кең. Педагогикалық, ауыл шаруашылығы мен ветеринария, техникалық, тіпті, медициналық бағыттар бойынша жастардың білім алуына кеңінен жол ашылып отыр.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»