Basty bet
Шағын шаруашылықтағы үлкен еңбек
Немесе көкбастаулық «Оңғарбай» шаруа қожалығының оңды істері туралы
Асан Қайғы бабамыз: «Қарың мол, топырағың май екен, қадіріңді егін салған жұрт білер» деп тамсанған қасиетті Жуалы өңірінде шөп ору, қысқы мал азығына шөп дайындау науқаны сәл-пәл саябырлап, еңбектен бел жазбаған шаруа қауымы ендігі кезекте егінге орақ салды.
Әлбетте, жер жағдайына, ауа райына байланысты ауданымыздың күнгейінде орын тепкен ауылдық округтерде жер жырту, егін егу науқаны өңіріміздің таулы аймағындағы ауылдарға қарағанда, 15-20 күндей ерте басталады. Қазіргі таңда өңірдің күнгейіндегі Ақтөбе, Қызыларық, Нұрлыкент, Көкбастау ауылдық округтерінде егін орағы басталып, науқан тиісінше, қызу жүруде.
Апта басында Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылындағы «Оңғарбай» шаруа қожалығы да арпа алқабына орақ салды. Шаруашылықтың Бақалы ауылының жоғарғы бөлігіндегі 13 гектарға егілген арпа алқабының дәні бастырылуда. Дән бастыру жұмысы әрине, арнайы дән жинайтын комбайнның күшімен атқарылатыны белгілі. Алқап басында «Енисей-1200» маркалы комбайн жүйткіп жүр.
Комбайн рөлінде «Оңғарбай» шаруа қожалығының мүшесі Нұржігіт Мәмбеталиевтың қос ұлы Жанболат пен Ерболат. Жанболат техниканы жүргізсе, ал Ерболат оның сенімді көмекшісі.
Шаруашылық жұмысын ұзақ жылдан бері жүргізіп келе жатқан ағайынды Мәмбеталиевтардың үлкені Нұржігіт Оңғарбайұлының айтуынша, арпа алқабының әр гектарынан 15 центнерге дейін өнім алынуда. Өнім көбінесе қыстық мал азығына жиналады. Сабаны да, сабағы да жерде қалмайды. Бұл да қолдағы төрт түлік малға құнарлы азық.
Тоқырау жылдарының аяқ тұсы мен 2000-шы жылдардың басында құрылып, ұзақ жылдар жүйелі еңбек етудің нәтижесінде, бүгінде аяққа тұрған шағын шаруашылықтың жұмысы туралы айтатын болсақ, «Оңғарбай» шаруа қожалығының иелігінде небәрі 10 гектарға жетер-жетпес қана егістік жер бар. Мұның өзі осы өңірдегі бұрынғы «Большевик» колхозы тарағаннан кейін үш ағайынды азаматқа пай үлесімен берілген жер. Шаруашылық мүшелері егістік көлемін ұлғайтайын десе, төңіректе босалқы жатқан егістік жер жоқтың қасы. Олар лаждың жоғынан егін егетін азын-аулақ жерлерді ауылдастарынан жалға алып, жұмыс істеуде.
Біз әңгіме етіп отырған шаруашылық шағын болса да, оның жұмысы жүйелі, тірлігі тындырымды. Қазір «Оңғарбай» шаруа қожалығы 20 гектардан астам алқапқа жаздық арпа, мал азығына жоңышқа, сонымен бірге, биыл төрт гектар алқапқа сүрлемдік жүгері екті. Одан бөлек, биыл алғаш рет бір гектар алқапқа «Бухарест» сұрыпты қырыққабат көшетін отырғызып, оны күтіп-баптауда. Шағын шаруашылық үшін бұл да тың жаңалық болып отыр. Көшетті мамыр айының соңында жұмысшы күшін жалдап алқапқа отырғызғаннан кейінгі аралықта қырыққабат дақылына шаруашылық мүшелерінің өздері тиісті күтім жасау үстінде. Сәтін салса, күзге салым алқаптан мол өнім жинауға үмітті.
Адал еңбекті басты бағдар етіп ұстанған шаруашылықтың техника паркі де жыл санап толығып келеді. Қазір мұнда «МТЗ-80» (кейінгі жаңа марка) тракторы, Красноярскіде шығарылған «Енисей» маркалы астық бастыратын комбайн, шөп оруға арналған «Германка» техникасы, қосымша агрегаттардан – жер жыртып, оны өңдеуге арналған соқадан бастап, культиватор, тіркеме, дәнсепкіш бар. Мұнша ауыл шаруашылығы техникаларының барлығын шаруашылық мүшелері өз күштерімен жеке қаражаттарына сатып алған. Өздерінің егістік алқабын орып, жинап алған соң ауылдастарының да егінін оруға қол ұшын береді. Бұл да шағын шаруашылық үшін қосымша табыс көзі екені анық.
«Оңғарбай» шаруа қожалығының мүшесі, ағайынды Мәмбеталиевтардың үлкен ұлы Нұржігіт Оңғарбайұлы бұрынғы «Большевик» колхозында 32 жыл механизатор болып жемісті еңбек еткен. Балаларын, немере інілерін де осы тірлікке үйретіп, баулыған ол бүгінде шаруашылықтың барлық жұмысына бас-көз болып, ұлдарына ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес.
Шаруа азамат Н.Мәмбеталиев отбасында жұбайы Бағлан Сәрсенбаева екеуі екі ұл, үш қызынан 15 немере сүйген үлгілі ата-әже.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»