Basty bet

Адал еңбек қана адамды абыройға бөлейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру бағытында саяси жаңғыруды, елімізді дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау және қоғамды одан әрі демократияландыруға арналған бірқатар маңызды бастамалар жөнінде атап айтты:
«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда, қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр.Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс» – деді Президент.
Отанымыздың дамуының негізгі және маңызды факторы- Еліміздің рухының, санасының жаңаруы деп айтуға болады.
Ұлттық өрлеудің, экономикалық дамудың бір жауы – әлеуметтік масылдық. Жаппай масылдыққа бет бұрған ел – жарқын болашағының негізін өзі қалай алмай, өзгеге жем болады.
Қазақстандықтарды балабақшадан, орта білім ордасы қабырғасынан бастап, адал еңбекке баулу, масылдықтан жиренту қажет.
Еңбек етпей, елден көмек күтетіндер көбейіп кетті. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде Қазақстандағы жұмыссыздар саны 443,2 мың адамды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрайды.
Кейінгі кезде мемлекет тарапынан бөлінген түрлі көмектерді сіңіріп кеткісі келетіндер де аз болмай отыр. Осыған байланысты “масылдық пен мұқтаждықты ажырату” туралы да пікірлер жиі айтыла бастады.
Мемлекет басшысы бұл туралы да арнайы тоқталған еді.
– Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен солардың өздеріне жұмсау қажет. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер мемлекеттің тірегі, – деп көмекті тек мемлекеттен ғана күтпей, жеке кәсіп арқылы табыс табудың жолын табуға болатынын атап өтті.
Иә, шын мәнінде масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екені айқын.
Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Бұл орайда қоғам мен өмірлік жағдайлардың өзі тудырған жат қылықтар жылдар бойы санада қалыптасып қойған. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі болуда.
Адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді.
Демек, адамның бақытты сезінуіне итермелейтін бірден-бір себеп – адал еңбек. Талмай еңбек ететін қоғамға рухани кемелдену қажет.
Өкінішке орай, жастар арасында «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам. Бәрі бірден бола қалса» деген қиялдар мен ойлар қалыптасуда. Осы психологиядан арылу қажет. Осы бағытта білім беру мекемелері, аудан әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері өңіріміздегі жастар арасында тәрбие, үгіт-насихаттау жұмыстарын жандандыру қажет деп ойлаймыз.
Қазіргі кезде «үкімет маған не береді» деп қол жаймай, керісінше еліме мен не бере аламын деген ойды санаға енгізу – адамның адал еңбек етуіне жол ашар еді.
Масылдық жөнінде Ұлы Абай атамыз «Үшінші қара сөзінде» былай деп келтіреді:
«Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады»
Қазір әрбір жұмыс істеймін, таңдаған кәсіп түрі бойынша шағын кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетіліп, жеңілдетілген шағын несиелер мен қайтарымсыз гранттар берілуде. Дегенмен қоғамда көмекке мұқтаж жандар да бар.
Ауданымызда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтылған отбасылар санының жылдан-жылға көбеюі алаңдаушылық туғызуда.
Мысалы, 2020 жылы 856 отбасына АӘК тағайындалса, 2021 жылы 950 отбасына тағайындалған. (яғни саны 94 отбасына көбейген).
Биылғы жылдың 3 айында жалпы 575 отбасына көмек тағайындалды. Осы бағытта тиісті шаралар қабылдап, еңбекке қабілетті адамдарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту арқылы АӘК алушылар санын төмендетуге тырысудамыз.
Кейінгі жылдары АӘК алушы отбасылар қатарынан қайтарымсыз мемлекеттік грант алған азаматтар аз емес. Ол гранттар өмірлік қиын жағдайдан шығу мақсатында, жеке ісін ашып, шағын бизнесін әрі қарай жалғастыру, дамыту үшін берілген болатын. Алайда сол отбасылардың ішінде қайтадан көмек сұрап, өтінішпен жүгінген адамдар болды. Оларға көмек тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданды.
Сондықтан, масылдықтан арылып, ерінбей, тұрақты түрде еңбек етіп, оның адал жемісін жеуге ынталанайық, ағайын!

Нұрлан Әнуарбеков,
аудан әкімдігінің
халықты жұмыспен
қамту орталығы директорының
орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close