Basty bet

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Әлем елдері дамудың даңғыл жолына түсіп, демократиялық саясатқа бағыт алуда. Бұған сәйкес қоғам да жаңғырып, өркениеттер көшіне қадам басып келеді. Ал біздегі көзі ашық, көкірегі ояу жастардың арасында өткеннің жұрнағын өз ыңғайына қарап өзгертуге құмарлар бар. Әсіресе әйел құқығын қорғаудың маңызы арта түскен тұста қыз балалар қой секілді өңгеріліп, өзге үйдің босағасында «бас бостандығынан айырылып» жатыр.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде, қыз алып қашу мәселесі бүгінгі маңызды мәселелердің біріне айналып отырғаны жасырын емес. Еліміз егемендік алып, ашық аспан астында бірлікпен өмір сүре бастағалы бері нәзік жандылардың заңды мүдделері мен құқығын қорғауда және тұрмыстық қылмыстардың алдын алу саласында біршама өзгеріс енгізген болатын.
Былтыр Президент Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс» деп, мұндай қараңғылыққа тосқауыл қою қажеттігін қадап айтқан еді.
Онымен қоса, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында мемлекет мызғымастығына нұқсан келтіретін тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы: «Отбасылық зорлық-зомбылықтың қылмыс сатысына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыналып келеді. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екендігіне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау мүмкін емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды» деп атап өткені мәлім.
Артынша көпшіліктің ой-пікірі ескерілді ме, Адам құқығы жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1-бапты енгізу туралы ұсынысын жолдаған. Оның айтуынша, кейінгі үш жылда қызды алып қашуға қатысты 214 қылмыстық іс тіркелген. Алайда, сол істердің 90 пайызы екі тараптың келісімімен тоқтап, жабылып қалған. Өкініштісі, осы жылдар ішінде 300 әйел зорлық-зомбылықтан көз жұмған. Тағы 2 мыңға жуық әйелдің денсаулығына ауыр және орташа зиян келтірілген. Осы тұста біздің елде үйдегі жуан жұдырықтан таяқ жеген әйелдердің басы жарылып, қолы сынып жатса да орташа зиян келтірген болып есептелетінін ескеру артық етпейді.
Қазірдің өзінде мұндай қылмысқа барғандар 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал осы әрекетті жасаған адамдар тобы абайсызда жәбірленушінің қайтыс болуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ әлгінде айтқандай, құқықтық сауаттылықтан бұрын салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты алға тартатындар әділдік іздеуді жөн көрмейді. Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық істерінде де тараптардың татуласып, арызды кері қайтармауынан істердің дені сотқа жетпейтін. Жеткен күннің өзінде ерлі-зайыптыларды қайта қол ұстастырып, «татуластырып» жіберетін. Мұндай келіссөз үстелінен кейін кейбір жанұядағы ұрыс-керістің арты кісі өлімімен аяқталғанынан хабардар болып жүрміз. Ал қазір жәбірленушінің арызынсыз өзгенің құқығына қол сұққандарды жауапкершілікке тарту көзделеді. Заңдағы бұл өзгеріс көптеген құқық бұзушыны жөнге салуға септігін тигізіп жатыр. Біреудің денсаулығына зиян келтірудің артында енді қылмыстық жауапкершілік бар әрі іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция әлеуметтік желідегі немесе ақпарат құралдарындағы дәлелді негізге ала отырып, тергеуді бастай алады. Ең маңыздысы, мұндай қылмыс үшін кешірім бұрынғыдай бірнеше рет берілмейді, бірреттік кешірім тек сотқа дейін жеткенде жүзеге асады. Демек, заңдағы жауапкершілік жүгі ауырлаған сайын адамдардың санасына да тәртіпке бағынған құл болмайтыны сіңеді деген сөз.
Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар сталкингке (қудалау) және қалыңдық ұрлауға жаза қарастыратын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдаған. Бұнымен қоса, Ішкі істер министрі қолданыстағы кодекстердің баптарына түзету енгізуге байланысты депутаттар мен ғалымдармен бірігіп, жұмыс тобы құрылғанын жеткізген болатын.
Заң жобасы Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыруға бағытталған. Ең көп қоғамдық пікір тудырған екі норма сталкинг және қалыңдық ұрлау болды.
Қалыңдық ұрлау деген баптың атауы да өзгерді. Енді «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталады. Бұл бап бойынша жәбірленуші ретінде әйел де, ер адам да танылуы мүмкін. Онымен қоса, жаза үш деңгейге бөлінеді: күш көрсету немесе бопсалау арқылы мәжбүрлеу – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмағандарға, топпен жасалған әрекет – 3 жылдан 7 жылға дейін, ауыр зардаптарға (мысалы, қазаға) әкелсе – 5 жылдан 10 жылға дейін жаза арқалайды.
Онымен қоса, қалыңдықты ұрлауға көмектескен туыстарға да жауапкершілік көзделеді. Сталкинг (қудалау) үшін 50 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған. Бұл – қылмыстық теріс қылық ретінде бағаланып, қылмыс деп саналмайды. Жәбірленушінің полицияға шағымдануы жеткілікті.
Заң жобасы қылмыстық процесті оңтайландырып, электронды іс жүргізу, қашықтан тергеу, біртұтас айыптау протоколы секілді жаңа әдістерді енгізеді. Сонымен қатар, кейбір санаттағы тұлғаларға өмір бойы бас бостандығынан айыру қолданылмайды. Сондай-ақ, вейп (электронды темекі) пен темекіге арналмаған өнімдерді заңсыз сақтау мен тарату да қылмыстық жауапкершілікке жатады.
Өкініштісі, қазір қыз алып қашу дәстүрінің тонын айналдырып түпкі мағынасына қарамай, танымайтын қызды қойша өңгеріп кететіндер мен осы жабайылықты қолдайтын жақындарын жауапкершілікке тартудың жаңа қағидаты керек-ақ. Өйткені заң мен тәртіпке қалтқысыз мойынсұну өмір сүру қағидасына айналмаған мемлекетте өркениетке ұмтылыс та өз нәтижесін беруі екіталай.

Әзірлеген
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close