Basty bet

Жаңару мен жаңғыру жолы

Елімізде кезектен тыс президенттік сайлау науқаны басталды. Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек болғалы тұр. Осыған дейін кандидаттар белгілі бір партияның атынан түсетін. Әсіресе, билік басында отырған адамның өзі басқаратын партия атынан сайлауға түсуі және жеңіске жетуі елдегі саяси алаңдағы ашық бәсекелестікке тұсау салғандай әсер беретін.
Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ашық айтып, жыл басында партиядан шығып кетті. Осылайша, белгілі бір деңгейде тепе-теңдік орнатқандай болған. Десек те, қарашада президенттік сайлау өтеді дегелі көптің көкейінде бір сауал – «Тоқаев қай партияның атынан түседі?» болған-ды. Ол кісі әу бастағы сөзінен танған жоқ. Сайлауға жеке бір ұйымның емес, халықтық коалиция атынан түсетін болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясы атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын» деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөнінде халықтық коалицияның форумында ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы айқындап берді.
Бірінші. Тәуелсіздік бәрінен қымбат.
Екінші. Елдіктің негізі – жеріміздің тұтастығы.
Үшінші. Мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық.
Төртінші. Рухани үндестік – бірліктің бастауы.
Бесінші. Заңдылық пен тәртіп – өркениетті ел болудың кепілі.
Алтыншы. Жасампаздық – жаңару мен жаңғыру жолы.
Жетінші. Достық пейіл, мейірімділік және жанашырлық – ең асыл қасиеттер.
Қайсысы болмасын, дәл қазіргі қазақ қоғамы үшін өте өзекті тақырып болып отыр. Әсіресе, әлемдегі геосаяси ахуалдың ушыға түсу, тәуелсіздік пен жер тұтастығын сақтаудың маңыздылығын көрсетті.

Зейнеп Дәуренова,
«AMANAT» партиясы Жуалы аудандық филиалының консультанты

Таңдаулы материалдар

Close