Basty bet

Білімнің сапасы басты орында болады

Соңғы жылдары елімізде білім беру саласының дамуына мемлекет тарапынан көптеген қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл өз кезегінде білімнің салтанат құрып, кең қанат жаюына жол ашпақ. Өйткені сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу болашаққа жасалған басты инвестиция.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел ұландарының қолжетімді әрі сапалы біліммен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінгені белгілі.
«Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек. Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы»,- делінген болатын аталған Жолдауда.
Ал ««Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауының «Сапалы білім беру» деп аталатын бөлімінде:
«Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз.
Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа.
Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды.
Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда, қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс.
Сонымен бірге, жағымды жаңалығымыз да бар. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз.
Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды.
Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн. Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді.
Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін.
Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн. Толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауымыз керек. Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс»,- деп баса атап өткен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, бұл бағыттағы нақты тапсырмаларды дер кезінде жүзеге асыру үшін Үкіметке тиісті тапсырмалар берді.
Білім мен ғылымға бөлінген көңіл һәм аталған саланы мемлекеттік қолдау сайып келгенде, болашаққа салынып жатқан үлкен инвестиция екені белгілі. Ал болашаққа, оның ішінде, жас ұрпақтың келешек дамуына арнап салынған қаражаттың еселеп қайтатыны күмәнсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда білім жүйесін жақсартуды тапсырумен қатар, 2022 жылды ресми түрде «Балалар жылы» деп жариялады. Бұл ретте балалар біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы, көзіміздің ағы мен қарасы екенін ұмытпауымыз қажет.
Бұл мақсатта аудан орталығындағы тарихы терең байырғы білім ошақтарының бірі – №1 мектеп-гимназия ұжымына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. ХХІ ғасырды білім мен ғылымның ғасыры дейтін болсақ, балалардың болашағын қалыптастыру мәселесінде ағартушылар мен педагогтар қауымына сапалы білім, саналы тәрбие беруге мақсаттың қойылып отырғаны заңды.
2021-2022 оқу жылында №1 мектеп-гимназияның педагогикалық ұжымының да жұмысы жемісті болды деп айтуға толық негіз бар. Осы жаңа оқу жылында көптеген оқушылар және ұстаздар аудан деңгейінде нақты нәтижелер мен жарқын жетістіктерге жетті. Онымен қоса, оқушылардың арасында облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болғандары да бар.
Атап айтсақ, бастауыш буын бойынша 2 «Е» сыныбының оқушысы Залина Багирова, 3 «Е» сыныбының оқушысы Ясмина Атабаева, 4 «Е» сыныбының оқушысы Мұхан Ағаділ облыстық «Бастау» олимпиадасынан командалық ІІІ орын, 4 «А» сыныбының оқушысы Маржан Серік «Ғылыми жоба» байқауында Алғысхатпен марапатталды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Туризм және сервис» студенттік ғылыми үйірмесінің мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында ұйымдастырылған «Өңірде туризмді дамыту» бойынша облыстық баяндамалар байқауына ұсынған жұмысы үшін 10 «В» сыныбының оқушысы Сабина Оразалы ІІ орын, «Менің Отаным – менің бастамам» атты облыстық «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар мен табиғат зерттеушілерінің форумында «Қазақстанның флорасы мен фаунасының 3D атласы» номинициясымен 8 «Б» сыныбының оқушысы Индира Мұратбаева ІІІ орын, Ерасыл Жамалбек ІІ орын, «Ланшафтный дизайн школы» номинациясында ІІІ орын, «Қолданбалы лингвистика» олимпиадасынан 10 «А» сыныбының оқушысы Аружан Камал ІІ орынды иеленді.
Жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында облыс деңгейінде қазақ тілі пәні бойынша 11 «В» сыныбының оқушысы Малика Даева, алгебра пәні бойынша 9 «Ә» сыныбының оқушысы Асәнәлі Бүркітбай, облыстық ғылыми жобалар жарысында Камал Аружан, Сәдуақас Айсәулем (Алғысхат), Сабина Сиқымбекқызы, Нұрай Үркімбай, Анель Қуандық, Қарлығаш Қанаданова, Анель Сейітқасым, «Ыбырай Алтынсарин шығармашылық әлемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Мөлдір Серік жүлделі орындарды иеленді. Мектеп-гимназия оқушылары оқумен қатар, өнерде де талантты. «Живи, танцуя» атты республикалық сайыста мектептің атынан қатысқан екі бірдей би тобы І орынды және Бас жүлдені жеңіп алды.
Ұстаздар қауымы қашанда өз шәкірттерінің талабын ұштаумен қатар, талантты балалардың танылуына да барлық білім-біліктерін аямайтыны бұрыннан белгілі. Осы ретт оқушыларға білім беріп, оларды байқауларға дайындаған ұстаздардың есімін атап өткенді жөн көрдік.
Олардың қатарында білім беру саласында ұзақ жылдар тәжірибелері бар мұғалімдер – Индира Заппарова, Елена Станкевич, Любовь Шерункова, Кәмшат Әдиева, Несіпкүл Өтегенова, Кенжегүл Ергебекова, Жанар Кемпірекова, Меңзипа Тоқтасынова, Ақерке Стыбаева, Самал Қадырова, Мөлдір Әлібаева, Айзат Байназар, Ләззат Молдашева, Светлана Антипова, Людмила Беспалова, Жанна Досыбайлы бар.
-2021-2022 оқу жылы №1 мектеп-гимназияның педагогикалық ұжымы үшін жемісті болды. Білім беру үдерісін жоғары деңгейде жүргізген ұстаздар қауымы оқушыларды қанаттандырып, жоғары жетістіктерге жетелеуде. Осы орайда, жыл бойында мектебіміздің абыройын асырып, жақсы нәтиже көрсетуге атсалысқан ұжымға, балалардың білім мен тәрбие алуына қолдау көрсетіп отырған ата-аналарға және сүйікті оқушыларыма алғысымды білдіремін.
Ойшыл Жүсіп Баласағұн бабамыздың: «Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді» деген даналық нақыл сөзінде айтылғандай, биыл мектеп-гимназияны 61 оқушы бітіріп шықты. Түлектер жаңа өмірге басқан қадамдары құтты болып, тек қана сәттілік серік болсын деген тілегімді де қоса жеткізгім келеді. Елімізде білім алушы жастарға зор мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бірақ ол үшін біздің жастарымыздың білім алудағы ең негізгі міндеті – білімді болуға құштарлық, алдына дұрыс мақсат қоюлары қажет. Мектебіміз әрдайым дарынды, талантты, алғыр шәкірттерімен мақтанады. Біздің басты мақсатымыз – білімнің сапасын арттырып, оны басты орынға қою арқылы шәкірттердің талабын ұштау, олардың үлкен өмірге қанаттануына жан-жақты жағдайлар жасау,- дейді №1 мектеп-гимназияның директоры Эльмира Әбішева.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close