Basty bet

Елдің әлеуметтік тынысына бағытталған маңызды құжат

Бұл аптаның елімізде аса маңызды саяси оқиғалармен басталғанын жақсы білеміз. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылдағы қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап, елдің алдағы даму бағдарларын айқындап берді. Бағдар демекші, өткен тарихтан тағылым алмай, болашақты да дұрыс бағдарлау мүмкін емес.
Тәуелсіз Қазақстанның бұған дейін жүріп өткен жолына көз салсақ, еліміз небір аса күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Еліміз азаттыққа қол жеткізген алғашқы жылдары ел тарихында «тоқырау жылдары» деген атпен қалған қиын кезеңде экономиканың құлдыраған кезі де болған. Мұның барлығын халқымыз ынтымақ-бірлікпен дұрыс еңсере білді. Қазір Құдайға шүкір, Президенттің ұзақ мерзімге жоспарланған сарабдал саясатының нәтижесінде ел экономикасы жыл санап көтеріліп, халықтың әл-ауқаты да біртіндеп артып келеді.
Елді жаңғыртуға бағытталған саяси реформалар да өз жемісін беруде. Сайып келгенде, мұның барлығы – жарқын болашақ пен келер ұрпақтың қамы. Осынау дұрыс бағыт пен даму қалпынан таймасақ, еліміз таяу болашақта қарқынды дамудың даңғыл жолына түспек…
Жақында елордасы Астана қаласында Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жаңа Жолдауын жариялады. Халық асыға күткен бұл аса маңызды саяси құжатта ел дамуының негізгі бағдарлары көрініс тапқан. Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы жаңа Жолдауында Қазақстанды таяу үш жылда цифрлық мемлекетке айналдыру межесі туралы айтылды. Әлем елдері жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан мұндай жауапты кезеңде бұл өте маңызды. Президенттің тапсырмасымен жаңадан Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі құрылмақшы. Аталған ведомствоның алдына жауапты міндеттің қойылып отырғаны да сондықтан.
Президенттің халыққа арнаған жаңа Жолдауында елдің дамуы мен халық тұрмысын арттыруға байланысты маңызды мәселелер айтылды. Мұның барлығын жүзеге асыруға күш салу – Үкімет мүшелері мен халықтың тікелей міндеті. Президент атап өткен Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігінің құрылуы – жаңа заманға лайық шешім. Бұл саланың дамуы еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, заманауи құралдарды енгізуге, жас мамандардың кәсіби шыңдалуына жол ашады деп сенеміз. «Үш жылда Қазақстан цифрлық елге айналады» деген үндеу ел еңбеккерлеріне үлкен сенім жүктейді. Бұл Жолдау тек цифрландыру мен инфрақұрылымға ғана емес, ең алдымен қарапайым халықтың тұрмысына, елдің әлеуметтік тынысына бағытталғанын аңғару қиын емес. Инвестиция, жаңа жұмыс орындары, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді игеру, жастарға мүмкіндік беру, тағысын тағы – мұның барлығы елдің игілігіне бағытталған қадамдар.

Кемелбек ДӘУРЕНОВ,
Б.Момышұлы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы.
ауыл шаруашылығы саласының ардагері.
Ауданның Құрметті азаматы, құрметті ардагер

Таңдаулы материалдар

Close