Basty bet

“Сенім барда сезім де өшпек емес, Сенсең ғана сенімді бола аласың”.

Сездің бе, жүрегімнің лүпілдерін?!
(Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразоваға арналады)

Қуанғанда жақсы өлең туады шын,
Сені де қуантқанда қуанышым.
Кешегі сөздеріңнен шабыт алып,
Бұл өлең саған деген жыр-алғысым!

Сездің бе, жүрегімнің лүпілдерін,
Сездің бе, жан-дүниемді бүкіл менің.
Есітіп сенің жарқын дауысыңды,
Аллаға мың мәртебе, шүкір дедім.

Сен өзің текті әулеттің түлегісің,
Мені де бір кісідей біледі ішің.
Дос көріп бәрін бірдей адамдардың,
Жүресің шыр-пыр болып біреу үшін.

Осы бір мінездерің ұнап қалған,
Біраз жыл мен өзіңнен жырақ қалғам.
Әрқашан адалдықтан айнымайтын,
Бар ма екен, дәл өзіңдей тұрақты адам!

Өзіңмен дос болып ем танып-көріп,
Сол сезім мені өзіңе алып келіп.
Сол жылдар сенен алыс жүрсем-дағы,
Тұрасың маған ылғи шабыт беріп.

Ойласам бөлек жүрген шақтарыңды,
Білмеймін қандай достар тапқаныңды.
Өзіңді алпыс асып көрген кезде,
Жырларым жүрегімнен ақтарылды.

Айтқым келіп тұрады бәрін саған,
Сенің ойың маңызды жаным маған.
Сенің айтқан бір ауыз сөзіңнен мен,
Жаныма кәдімгідей жылу табам.

Содан соң күліп жүрем көпке дейін,
Бұл үшін досым мені сөкпе кейін.
Сәт сайын құбылмалы сезімімді,
Өзіңе өлеңменен жеткерейін.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close