Basty bet
Бала жанының бапкері
Қазіргі “Ұлан” – ол кезде “Қазақстан пионері” деп аталатын республикалық оқушылар газеті болатын. Ең алғашқы мақалам мен жетінші сыныпқа барған 1966 жылы осы газетте жарық көрді. Бұл шалғай қазақ ауылы үшін үлкен жаңалық болғандықтан, бүкіл мектебіміз бен ауыл-аймағымыз ду ете қалды. Бұдан шабыт алған мен газет редакциясына өлең, әңгімелерімді жиі жібере бастадым. Біреуі шықпаса да, екінші, үшіншілері жарқ ете қалатын. Газетте жарық көрген бұл дүниелердің астында аты-жөніммен бірге “Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қызыларық ауылы” деген адресім де жазылып тұратын. Міне, осы адрес бойынша республиканың түкпір-түкпіріндегі мектеп оқушыларынан “танысайық, дос болайық” деген мазмұнда құшақ-құшақ хаттар ала бастадым.
Тоғызыншы сыныпқа өткен жылы ауылымызда орта мектеп болмағандықтан, аудан орталығына іргелес Қайрат елді-мекеніндегі “Октябрьдің 40 жылдығы” деп аталатын мектеп-интернатқа орналастым. Мұнда домбыра үйірмесі бар екен, соған жазылдым. Аптасына 5 күн сабақтан кейін домбыра үйренуге барамыз. Екі-үш айда бірнеше күй үйреніп, оны оркестрге қосып орындайтын болдық. Оныншы сыныпқа барған жылы аудандық мәдениет бөлімінде инспектор болып қызмет істейтін музыка маманы Көпбай Тұтқышев ағай келіп, біздің домбырашылар тобымызды түбегейлі өзгертті. Қылқобыз, бас, контрабас, прима, дауылпаз, сырнай сияқты аспаптарды қосып еді, біз нағыз оркестр болып шыға келдік. Құрамымыз қырық адамға дейін ұлғайды. Мен енді домбырадан примаға ауыстым. Көпбай ағай бізге көптеген халық күйшілерінің күйлерімен бірге Глинка сияқты орыс композиторларының шағын-шағын шығармаларын үйретті. Қазақ әндерін оркестрмен сүйемелдейтін дәрежеге жеттік.
Мен сабақтан және оркестр дайындығынан қолым сәл босаса шығармашылықпен айналыстым. Өлең, әңгімелерім әралуан басылымдарда жарияланып жатты. «Қазақстан пионеріне» жазатын біздің ауданның оқушылары да көбейе бастады. Жуалының әр түкпірінен Толымбек Әлімбеков, Талғат Өтегенов, Талғат Сүйінбаев, Алпысбай Шымырбаев сияқты жуалылық оқушылардың есімін газет арқылы сырттай біліп, оларды жақын тартып жүруші едім. Бір күні Жуалы ауданының ең шалғайындағы Абай атындағы орта мектептің оқушысы Талғат Өтегеновтан (Талғат Айтбайұлынан) хат алдым. Оқушы дәптерінің төрт бетіне түгел жазылған бұл хатта Талғат мектебі, ауылы жайлы және өзінің журналист болсам деген арманы туралы жазыпты және сыныптасы Алпыспай Шымырбаев туралы да жақсы лебіздерін білдіріпті. Мен де Талғаттың хатына жауап жаздым. Енді осы жаңа достарыммен қашан кездессем екен деп армандап жүргенімде бір күні оның да орайы келе қалды.
1970 жылдың наурыз айында ауыл шаруашылығында еңбек ететін колхозшы-жастар көркемөнерпаздар ұжымдарының облыстық байқауы өтетіні хабарланып, оған біздің ауданның намысын Ленин атындағы колхоздың көркемөнерпаздар ұжымы қорғайды деп шешіліпті. Аудан басшылары колхоз өнерпаздарының шығармашылық әлеуетін күшейту үшін жан-жақты қолдау көрсетті. Біздің мектептің оркестрін енді осы колхоз көркемөнерпаздар ұжымына қосты. Сөйтіп, біздің оркестр сол кездегі Жамбыл қаласындағы химиктердің Мәдениет сарайында өткен облыстық байқауда аудан мен Ленин атындағы колхоздың намысын қорғап, байқау жеңімпазы атағын жеңіп алған еді…
Сол жылы бүкіл Кеңес Одағында еңбекші таптың көсемі, Кеңес мемлекеті мен Коммунистік партияның негізін қалаушы, Дүниежүзі пролетариатының ұлы көсемі дейтін В.И.Лениннің 100 жылдығын аса жоғары деңгейде атап өтіп жатқан. Көсемнің бейнесі бейнеленген «В.И.Лениннің 100 жылдығы» деген аса мәртебелі медаль шығарылып, онымен Кеңес еліндегі озат жұмысшылар мен шаруалар, интеллигенция өкілдері жаппай марапаттала бастады. Біздің ауданымызда да алдыңғы қатарлы еңбекшілерге осы медальды тапсыру салтанаты қолға алынды. Облыс, аудан басшыларының қатысуымен өткен салтанатты жиындарда В.И.Лениннің өмірі мен революциялық қызметі туралы баяндамалар жасалып, одан соң мерекелік медальдар тапсырылатын. Жуалы ауданының әрбір ауылдық округінде өтетін осындай жиындарда біз аудандық мәдениет бөлімінің әртістерімен бірге өнер көрсететінбіз. Бір күні ауданның ең түкпірінде қоныс тепкен ХХІІ партсьезд атындағы колхоздың озат еңбекшілеріне мерекелік медаль тапсыру салтанатына концерт қоюға бардық. Жиналыс өте мазмұнды өтті. Жүздеген колхозшы кеуделеріне күнмен шағылысып жарқ-жұрқ еткен Ленин медалін тағып шықты, бәрі төбелері көкке жеткендей мәз-мейрам. Жиналыстан кейін біз концерт беріп, Жамбыл облыстық драма театрының әртістері спектакль қойды. Міне, осы жиыннан кейін өзім сырттарынан ғана білетін Алпысбай Шымырбаев пен Талғат Өтегенов мені арнайы іздеп келіп танысты. Үстіне қоңыр пальто, басына осы түстес кепка киген Алпыспай Шымырбаев өте салмақты көрінді, үлкен адамдарша сөйлегені маған ұнады. Бірақ өзін қаншалықты ересектерше ұстағысы келгенімен, табиғат берген ұяңдығы да байқалып тұрды. Ал өзімен біраздан бері хат алысып жүрген Талғат досым оған қарағанда ылдым-жылдым әрі пысық болып көрінді. Ол мені бірден әңгімеге тартып әкетті.
Осы кездесуден кейін Алпысбай, Талғат үшеуіміз жиі хабарласып тұрдық. Бұл сапарда танысқан болашақ журналист Қасым Әзімхановпен мектеп бітірген соң аудандық газет редакциясында қызметтес болдық…
Орта мектепті бітірген жылы Алпысбай ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсіп кетті де, Талғат оның сырттай оқытатын бөліміне ілінді. Ал мен аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакциясына қызметке келдім. Мұнда 1-2 жыл жұмыс істеген соң әскер қатарына алып кетті. Менен жарты жылдан кейін Талғат досымның Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғанын естідім. Армиядан келіп жұмысымды жалғастырып жатқан кезім. Бір күні талдырмаш денелі өте нәзік, бірақ үріп ауызға салғандай сүйкімді қызды жетелеп редакцияға Алпыспай келді. Бұл оның ҚазМУ-ды бітірген жылы. Шұрқырай табыстық. Абай атындағы орта мектепті жаңа бітірген Гүлжәмилә Райымбекова есімді қызды өзі оқыған оқу орнына түсіру үшін Алматыға алып бара жатқан беті екен. Қызға аудандық газеттен шығармашылық мінездеме керек деген соң мен оларды редактор Әбдіғапар ағайдың алдына алып бардым.
– Мырзахан, шығармашылық мінездемені өзің жаз да, машинкаға бастырып маған дайындап әкел, қол қойып беремін, – деді басекең. Содан Гүлжәмиләның шығармашылығын мақтап мінездеме жазып, машинкаға бастырып апарғанымда редактор бірден қолын қойып, мөрін басып берді. Сөйтіп болашақ журналистерді редакция табалдығынан үлкен жолға аттандырып салғаным есімнен мәңгі кетпейді. Көп ұзамай Алпысбай мен Гүлжәмилә үйленіп, отбасын құрыпты деп естідім.
Университеттен кейін Алпысбай өзі тәлім алған «Қазақстан пионері» газетіне қызметке барды. Сол кезден бастап оның газет бетінде жарияланған әрбір мақаласын, әңгімесін мұқият оқып, бұл дүниелерден Алпысбайдың өзіндік үнін тыңдап, өзіндік қолтаңбасын тануға ден қойдым. Байқасам, өзі де өмір бойы жас баладай періште көңілімен, мінәйім мінезбен тіршілік еткен Алпекең, шынында да, балалардың жанын терең түсінетін зерделі қаламгер болып шықты. Бүлдіршіндерді және мектеп оқушыларын қызықтыратын шығармалар жазу үшін олардың ішкі әлемін, дүниетанымын сондай үлпілдеген әрі кіршіксіз сезіммен түсіне білу керектігін мен Алпысбай Шымырбаев әңгімелерін оқи отырып пайымдаған едім. Газетке барғанына көп уақыт болмай жатып Алпысбай «Қазақстан пионері» газетінде алғашқы повесін жариялады. Бала, көгершін, бейбітшілік… туралы. Соғыссыз, қантөгіссіз бейбіт заманда өмір сүрудің қаншалықты қымбат екенін жылдар бойы соғыстан көз ашпаған тағдырлы елдер де, олардың балалары да жақсы біледі. Повесть авторы Алпекең болса бала кейіпкерінің ішкі сезім-түйсігі арқылы бейбітшіліктің қадір-қасиетін шеберлікпен айшықтайды. Бала психологиясымен терең астасқан шығарма тек мектеп оқушылары ғана емес, ересектер үшін де қызықты дүние болып шықты.
Алпысбай Шымырбаев досым жазушылықтан бұрын журналистік кәсіпті терең меңгерген қаламгер емес пе, сол себепті оның шығармашылық қабілеті мен әлеуетін журналисттік еңбектерінен көріп отырамын. Балалар басылымында қызмет істей жүріп республикамыздың түкпір-түкпіріндегі мектептердің тыныс-тіршілігінен, оқушылар өмірінен тау-тау мақалалар жазған Алпекеңнің журналистика саласындағы еңбегі де таудай. Бұл мақалаларында автор мектептердің игілікті істерін мадақтаумен ғана шектелмей, олардағы шешімін таппай отырған күрделі мәселелерін қозғап, білім саласының басшыларына дабыл қағып, олардың ойларына түрткі болып, аталған проблемалардың тез арада шешілуіне қозғау салды. Қазақ журналистикасының теориясы мен практикасын терең зерттеп, ұлағатты еңбек жазған үлкен ғалым, профессор Тауман Амандосов: «Публицистика дегеніміз заманның шежіресі, дәуірдің үні» деуші еді. Сол айтқандай, журналист Алпысбай Шымырбаев өз мақалаларында, публицистикалық шығармаларында заманның шындығын, қоғамдық құбылыстардың қалтарыстарын дәл тауып, дөп басып жазған қаламгер. Ұзақ жыл балалар басылымында қызмет істеп, редакцияның қазанында қайнап, мол кәсіптік тәжірибе жинақтаған Алпысбай кейінірек «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті мен «Білім және еңбек» журналында абыроймен жұмыс жасады. Осынау қазақ баспасөзінің киелі шаңырақтарына келгенде оның шығармашылық ауқымы кеңейіп, кәсіби әлеуеті арта түскені байқалады. Ол мақаладан мақалаға өсіп отырды. Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасында көсіліп жатқан ұлан-байтақ қазақ сахарасын тілші ретінде аралай жүріп, көптеген асыл азаматтармен, қилы-қилы тағдыр иелерімен кездесіп, керемет-керемет очерктерді дүниеге әкелді. Халқына олардың ғибратты ғұмырлары арқылы өлмес өнеге қалдырды.
Мен ҚазМУ-дің журналистика факультетінде сырттай, ал Алматы Жоғары Партия мектебінің екі жылдық журналистика бөлімінде іштей оқыған жылдарымда Жуалының талантты перзенттері Алпысбай Шымырбаевпен және Талғат Айтбайұлымен (Өтегенов) жиі араласып тұрдым. Талғат досым Қазақ радиосында біраз жыл еңбек етіп, кейін «Қазақстан пионері» газетіне ауысты. Екеуі де республикалық балалар басылымының дамуына, идеялық көркемдігін, мазмұнын жаңартуға өлшеусіз үлес қосты. Осы басылым арқылы екеуі де жазушылық үлкен жолға қадам басты.
Алпысбай Шымырбаев сонау бір жылдары туристтік жолдамамен Үндістан еліне сапарлап қайтқан еді. Бұл жердің таңғажайып табиғаты, тұнып тұрған тарихы мен көз тоймас сұлулығы оның жанын баурап, санасын арбап алғаны сонша, көп ұзамай «Ғажайып Үндістан» деп аталатын халықаралық танымдық журнал ашып, бүкіл қазақ елін таң қалдырғаны әлі есімде. Журналды бастан аяқ Алпысбай мен зайыбы Гүлжамилә екеуі толтыратын. Бір кереметі, ондағы материалдар бірін-бірі қайталамай, өзіндік мән-мазмұнымен ерекшеленетін еді. «Ойпырмай, Үндістан болса шалғайдағы ел, журналға материал жинау үшін ол жаққа жиі-жиі қалай барып келер екен?» деп қайран қалушы едім. Сөйтсем Алпекең Үндістан мемлекетінің Қазақстандағы елшілігімен байланысып, солармен тығыз жұмыс жасайды екен. Осылайша «Ғажайып Үндістан» журналы біраз жылда екі ел арасына алтын көпір салып, зор абырой жинады. Міне, бұл Алпысбай досымның зор ерлігі еді.
Алпысбай…, Талғат… Бұл екі есім мен үшін ерекше ыстық. Өйткені қасиетті Жуалы жерінің кәусәр суын ішіп, саф ауасымен тыныстап, борпылдақ топырағын басып, көк шалғынын кешіп өскендіктен ғана емес, қалам деген киелі қаруды бірге ұстап, өмір бойы арман-аңсарымызды, мақсат-мұратымызды бірге ұштап, жүрегіміз тек адалдық деп соққан ішкі ұқсастықтарымыз үшін біз бір-бірімізге өте жақын едік. Талғат Айтбай бүгінде ел таныған қарымды қаламгер, белсеңді қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілсе, ал Алпысбай досым мезгілсіз дүниеден өтіп кетті…
Сонау 1975 жылы аудандық газеттің редакциясына Алпысбай жетелеп келіп жолдама әперген талдырмаш денелі, үріп ауызға салғандай сүйкімді қыз Гүлжәмила бүгінде сүйікті әже, елге танымал журналист, Алпысбай шаңырағының ендігі тірегі.
Алла Алпысбайдың өзіне иман, соныңда қалған жары мен ұрпақтарына өмір берсін деп тілеймін.
Мырзахан Ахмет,
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.