Basty bet
Құс өсіріп те қыруар пайдаға кенелуге болады
Елімізде бүгінде кәсіпкерлік саласы жүйелі жолға қойылып, қарқынды даму үстінде. Атап айтар болсақ, оның ішінде өндірістік кәсіп түрлері. Дәлел ретінде, бүгінде еліміздің көркеюіне және кәсіпкерлк саласын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін ауыз толтыра айтуға әбден болады.
Қазіргі таңда кәсіпкерлік саласы түрлі бағыттарда өркендеп жатыр. Кәсіппен айналысамын деушілерге мемлекет тарапынан тиісті көмек-қолдаулар жасалуда. Ауданымызда мемлекет тарапынан көрсетілген жәрдемдерді тиімді пайдаланып, өз істерін дөңгелетіп жатқан азаматтар аз емес. Еңбегі жанған сондай кәсіпкердің бірі – Айнакүл Ахмедбекова.
Айнакүл апайдың бұл кәсіпті бастағанына 20 жылдан астам уақыт болды. Айналысып отырған кәсібі – құс шаруашылығы. «Құс шаруашылығының тиімділігі – қалдықсыз өнім», – дейді кәсіпкер.
Бастапқыда кәсібін үндік өсіруден бастаған кәсіпкер, бүгінде етті бағыттағы құстардың барлық түрін өсіруде. Өз кәсібін ұлғайту мақсатында 2017 жылы құны 10 000 000 теңгені құрайтын жұмыртқа басып шығаратын инкубатор сатып алған. Құрылғы бір салғанда 15 000 жұмыртқаны басып шығаруға мүмкіншілігі бар. Қазіргі таңда тапсырыс қабылдап, жұмыртқа басып шығарумен айналысып отыр.
Кәсіпкердің қорасында қазіргі уақытта 600 қаз, 600 үйрек, 300 тауық және 200 үндік бағылымда. Құстардың барлығы дерлік асыл тұқымды. Барлығы да арнайы тапсырыспен шетелден әкелінген. Себебі, шетелден келген құстар сойылымға небәрі үш-төрт айда дайын болатын көрінеді.
Айнакүл Ахмедбекова кәсібін кеңейту мақсатында көлемі 200 шаршы метрді құрайтын арнайы құстарға арналған фазенда құрылысын аяқтап жатыр. Кәсіпкер фазенданың құрылысын аяқтауға төрт жыл уақыт жұмсаған. Ол жерде арнайы құс союуға арналған бөлме салынып, керекті құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. «Жуалы құс» атауымен танымал құс еттері бүгінде нарықта сұранысқа ие. Қалалық жәрмеңкелерде арнайы іздеп келетіндігін айтты Айнакүл апай. Алдағы уақытта жастық шығаратын арнайы құрылғы алып, табиғи құс қауырсынынан жасалған жастықтарды сатылымға шығармақ ойы бар екендін жеткізді.
-Әрине, қандай іс болсын жанындағы жақындардың қолдауы ауадай қажет. Жұбайым қолдап, демеу бермесе мен бұл кәсіппен айналыспаған болар едім, – дейді кәсіпкер Айнакүл Ахмедбекова.
Айнакүл апай жұбайы Әбдіманап Балқыбекұлымен 1989 жылы отандасқан. 1991 жылы жұбайының қызметіне байланысты ауданға қоныс аударған. Бүгінде үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Жолдасы Шымкент қаласының тумасы. Ал, Айнакүл апайдың өзі қазіргі Түркістан облысының тумасы. Қазіргі таңда отбасылық кәсіпті екеуі бірге жүргізіп отыр.
Шын ықыласпен жасалған жұмыс қашанда өз жемісін берері ақиқат. Кәсіпкер Айнакүл Ахмедбекованың жасаған жұмыстары ешқашан еленбей қалған емес. Еліміздің ең үздік 30 кәсіпкері қатарына еніп, «Еңбегі еленген ару» атағына ие болды.
Кәсіпкерлік – тәуекелді қажет ететін сала. Өзінің нәзік жандылығына қарамастан мемлекет ұсынған жеңілдіктерді пайдаланып, тәуекелге бел буып, бүгінде жемісін көріп отырған Айнакүл апай көпке үлгі. « Істеп көрген жан ғана кәсіпті игере алады», деген сөзге бүгінде кәсіпкер Айнакүл Ахмедбекова дәлел.
«Салт-сананың негізі – елдің қолданған кәсібінде»,- дейді Міржақып Дулатұлы. Осыны естен шығармаған абзал. Кәсіпкерлерді қолдау, еліміздің экономикалык жағынан көркеюіне үлкен септігін тигізері анық!
Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ
«Жаңа өмір»